Аймақтар • 28 Маусым, 2017

«Бұл менің міндетім еді»

255 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Есіл ердің бақилық болар алдында айтқан ақтық сөзі

«Бұл менің міндетім еді»

Қазақстан полициясының 25 жыл­ды­ғы қарсаңында облыстық Ішкі істер де­партаменті тарапынан атқарылып жат­қ­ан ауқымды шаралар арасынан есіл ер­лерді ұлықтау, есімдерін жаңғырту ба­ғытындағы игілікті істер көңіл то­ғай­тады. «Өлі риза болмай, тірі байымай­ды» деп аталарымыз текке айтпаса керек. Адамдардың тыныштығын күзетіп, қо­ғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жо­лын­­да қыршынынан қиылған кешегі боз­дақ­тар қалай әспеттелсе де еш артықтық ет­пейтіні анық. 
Аққайың ауда­ны­ның орта­лығы Смир­ново кен­тінде Алексей Щер­баков оқы­ған мек­теп­тің қабыр­ға­сына ме­мо­ри­алдық тақ­та­ның қойылуы полиция қызметкеріне деген үл­кен құр­меттің бі­рі, жас буын­ды ерлікке, адалдыққа бау­лудың өнегесі мен тағыл­ы­мы болса керек. 
Алексей Кеңес дәуірінде Ішкі істер саласында қызмет еткен. Ол осы ауданда туып-өскенімен, саналы ғұмырын Пет­ро­павл қаласында өт­кер­ген. Өмірінің со­ңына дей­ін қылмыс көп жасалатын Жұ­мысшы кентіндегі Добролюбов по­лиция беке­тінде аға учаскелік инс­пек­то­ры қызметін атқарған. Көбіне тә­жірибелі, бі­лікті тәртіп сақшылары осы аумаққа жі­берілетін. Алексейге де осындай үлкен сенім артылған. Милиция май­оры­ның жұмысқа ыждағаттылығын, те­мірдей тәртіпті сүйетінін басшылық та, әріп­тестері де жоғары бағалайтын. 
Сол бір қанды оқиғаны қызы Наталья бы­лай еске алады: «Әкем от­ба­сылық жанжал жайлы суыт хабар алы­сымен оқиға орнына тез жеткенше асыққан. Өйткені, екі рет сотталып, түр­меде отырып келген А.Шкодиннің мінез-құлқын жақсы білетін. Жас балаларды жазым ете ме деген қауіп ойынан шықпаған. Әкем жеткенше әйелі мен көршілерін жарақаттап үлгерген. Үйге кіре бергенде қылмыскер жасырынған же­рінен атып шығып, өткір ұстарамен әкем­нің тамақ тұсынан бірнеше рет орып жі­бе­рген. Рецидивистің жеке тәртібіне бай­ланысты отбасында бірнеше рет бол­ғандықтан, дәл осындай тегеурінді қар­сы­лық күтпесе керек. Ауыр жарақат ал­ға­нына қарамастан, әріптестері келгенше қыл­мыскерді жібермеген. Оларға үйде балалардың барын ескертіп, тапанша қолдануға рұқсат бермеген. Көп қан жоғалтқанына қарамастан ауруханада өзін байсалды ұстады. Бақилық болар алдында айтқан «Бұл – менің міндетім еді» деген ақтық сөзі құлағымда әлі күн­ге дейін жаңғырып тұр».
Есіл ердің ерлігі ескерусіз қалған жоқ. Кеңес Ода­ғы­ның «Жеке ерлігі үшін» орденімен марапатталды. Ме­мо­­ри­­алдық тақтаның ашылу салтанатында ОІІД-ның бас­тығы, генерал-майор Бе­рік Біләлов, қызы Наталья, Ресейдің Став­рополь өлкесінен арнайы келген не­мересі сөз сөйлеп, марқұмның өмір жо­лы­нан естеліктер айтты.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы,
Аққайың ауданы