Дүниежүзі картасында Қазақстан деген ел өз орнын нық тапты. Әрбір жылы бір ғасырға тең тәуелсіздік қазақты нұрлы жолға жетеледі. Қазақстан мемлекетінің әрбір азаматы ұлтына, тіліне, дініне қарамастан, тату тұрақтылық пен береке-бірлікте өмір сүруі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының жемісі. Талай ғасыр ата-баба арманы болған тәуелсіздігімізге қан төгіссіз жету жолында барлық күш-жігерін аямаған, түрлі ұлтты асқан татулықпен бір тудың астына біріктіре білген Нұрсұлтан Назарбаевтай көшбасшысы бар халқымыз аса бақытты.
Елбасының сарабдал саясатының арқасында еліміз әлемнің алпауыт елдерін мойындатып, барлық ұлт пен ұлыстың бейбітшілік ордасына айналып, толеранттылықтың ерекше үлгісін жасай білді. Бүгінгі күні еліміз өзінің даму жолы қалыптасқан, бағыт-бағдарын айқындаған, өзге де мемлекеттермен бәсекелесуге қабілетті іргелі елге айналды. Осы егеменді мемлекеттің бір перзенті ретінде мен де Елбасының тәуелсіз Қазақстанды өсіп-өркендету жолындағы қажырлы еңбегінің, ізгі мақсат-мұраттарының куәсі болып келемін. Елбасының қамқор қолдауымен тәуелсіздікке алғаш қадам басқан күндері шетелде аккредитацияға тіркелген Түркия Республикасындағы тұңғыш қазақ тілшісі болу бақытының бұйырғаны – мен үшін Алланың үлкен сыйы еді.
Нұрсұлтан Әбішұлы – тәуелсіз Қазақ елінің Тұңғыш Президенті болып сайланған сәтте Елбасынан ең бірінші болып қазақ теледидарына (ол кезде республикада бір ғана телеарна еді) сұхбат алу бақытына ие болуым мені ақ жолға жетеледі. Мына фотосуреттерде 1991 жылғы 1 желтоқсандағы Президент сайлау күні және 1989 жылы жазда Орталық Комитетінің пленумында Бірінші хатшылыққа сайланған соң түстен кейін Алматыдағы мешітке барып, Алладан халқының амандығын тілеп, бата алған сәті бейнеленген.
Бұл игі істі шетелдің бұқаралық ақпарат құралдары жарыса хабарлап жатты. Германиядағы «Азатттық» радиосы «Қылышынан қан тамып тұрған солақай саясатқа қарамастан Қазақстанға басшылыққа келген жергілікті халық өкілі Н. Назарбаевтың алғашқы қызметін имандылық жолынан бастап, Алла үйіне ат басын бұруы – жақсылық нышаны» деген хабар берді.
Елбасы тәуелсіз Қазақстанның Президенті ретінде алғашқы ресми сапарын Түркия мемлекетінен бастағанда ең бірінші болып екі ел арасында тікелей бейнерепортаж жасауым мен үшін үлкен бақыт болды. Сол кезеңдерде Елбасының ел ішіне, шет мемлекетке жасаған сапарлары кезінде жанында жүріп, журналистік сараптама жасауым өміріме жаңаша серпін беріп, болашақ бағытымды айқындауға қол жеткізді. Оншақты жылдай уақыт дипломатиялық қызмет атқарып, Ыстанбұл қаласында бас консул ретінде екі елдің арасында достық көпірін қалыптастыруға үлес қосқанымды мақтан тұтамын.
1992 жылғы қазанның 30-31 күндері Анкарада сол кездегі Түркия Президенті Тұрғыт Өзалдың бастамасымен түркі тілдес мемлекеттер басшыларының І саммиті шақырылған еді. Бұл жиында Тұрғыт Өзал «Ата жұртымыз – Қазақстан. Бабаларымыз Атажұрттан Анадолыға атпен келсе, бүгін, міне, Нұрсұлтан бауырым ұшақпен келіп отыр» деп алғашқы сөзді Елбасына берді. Елбасы бұл басқосуда «Түбі бір түркі, түгел бол!» деген ұран тастады. Бұл сөз бүкіл түркі жұрты үшін қанатты сөзге айналды.
Тұрғыт Өзалмен әңгімелесу барысында Елбасы Түркияда қанша қазақ бар деген сауалға Түркия басшысының «Менімен 60 миллион қазақ» бар деп айтуы қазақ халқының алар орны қандай екенін көрсетсе керек. Елбасы сонда ризашылықпен Т.Өзалды бауырына қысты. Бауырластық деген осы болар.
1992 жылы Тұрғыт Өзал елімізге келгенде Елбасы Еуразиялық Одақ құру туралы идея көтерген болатын. Сонда Т.Өзал «Еуразиялық одақ құру туралы идеяны толық қолдаймын. Қазақстан Еуропа мен Азияның басын қосып тұрған кіндік орта, Түркия да солай» деген болатын. Бүгінгі күні арада 24 жыл өткеніне қарамастан Елбасының көрегендікпен айтқан идеясы өз өміршеңдігін көрсетіп, көп елдерде қолдау тауып отыр.
1992 жылғы 25 наурыз күні тәуелсіз Қазақстанның астанасы Алматы қаласынан Түркияға бірінші рет әуе ұшағы көтерілген еді. Қазақстан үкіметі делегациясын сол кездегі Премьер-Министрдің орынбасары Мырзатай Жолдасбеков басқарып барды. Оны еліміздің тәуелсіздігін алғаш таныған елдің
Президенті Тұрғыт Өзал қабылдады. М.Жолдасбеков Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ыстық сәлемін жеткізді. Қазақы ою-өрнекті түйе шапан мен қамшыны сыйға тартты.
Тұрғыт Өзал «Міне, мен нағыз қазақ болдым» деп сұхбат берді. Мені де сол кезде Түркияға келген Тәуелсіз елдің тұңғыш тілшісі деп таныстырды. Маған арнайы бағалы фотоаппарат сыйлады. Сол кездерде осы фотоаппаратпен екі ел арасындағы достық көпірін бейнелейтін көріністерді, Елбасының ісі сапарлары мен кездесулерінен талай суреттер әзірлеген едім.
1-сурет. 1991 жылы 1 желтоқсанда Тұңғыш Президент болып сайланған күні Елбасынан алған бірінші сұхбат.
2-сурет. Қасиетті Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде Президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Тұрғыт Өзалдан сұхбат алу сәті.
Осы елшілікте Түркияда дипломатияның алғашқы қарлығаштары атанған Қанат Саудабаев, Әбутәліп Ахметов, Жансейіт Түймебаев, Өміртай Бітімов, Қайрат Сарыбай, Дулат Қуаныш сынды белгілі дипломаттармен бірге қызмет еткенімді мақтан етемін. Олар тәуелсіздіктің шетелдегі алғашқы ту ұстаушылары еді. Әрі Елбасының сенімді өкілдері бола білді.
Міне, Елбасының қасында жүріп талай тарихи істердің куәсі болдым. Арнайы суреттерді түсіріп бірнеше фотоальбомдар жасап, деректі фильмдер жасағанымды мақтанышпен айтқым келеді.
Ержан УӘЙІС,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Қызылорда