Еліміз бүгінде ғарыш саласында айтарлықтай жетістікке ие. Ал сол еңсерген елеулі игіліктің бірі – «KazSat» ғарыштық байланыс жүйесі. Әлемнің көптеген елдері үшін әлі күнге қол жетпес арман болып отырған жасанды жер серігі біздің елде бар. Тіпті, еліміз қазіргі таңда осы салада білікті отандық мамандарды да даярлап үлгерді. Оған «Ақкөл» ғарыштық аппараттарды басқарудың жер үсті кешенінің «сайдың тасындай» сайыпқыран қызметкерлері дәлел бола алады. Ақпарат және байланыс қызметкерлері күні қарсаңында аталған орталыққа арнайы барып, мамандардың мерекелік көңіл-күйімен бөлісіп, орталық жұмысымен танысып қайтқан едік.
«KazSat» ғарыштық аппараттарды басқарудың жер үсті кешені Астанадан 100 шақырым жердегі Ақкөл қаласында орналасқан. Қазіргі таңда бұл қаланың аты аталса болғаны, көзі қарақты жұрт бірден «Ақкөлге бардың ба, «KazSat»-ты көрдің бе?» деседі. Өйткені, бұл шағын қаланың, әрине, еліміз үшін маңызы зор. Себебі, Қазақстанның ғарыш кеңістігін игерудің жаңа кезеңі осы жерден басталған. Алғашқы отандық ғарыштық аппараттарды жер үсті басқару кешені 2005 жылы осында құрылды. 2006 жылдың маусымында «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылған бірінші қазақстандық «KazSat» байланыс пен хабар тарату спутнигін басқару «Ақкөлден» жүргізілді. 2011 жылдың шілдесінде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Протон-М» зымыран ұшырғышымен геостационарлық орбитаға екінші қазақстандық байланыс және хабар тарату серігі жеткізілді. Ол да «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығынан басқарылады және Қазақстанның, Орталық Азия елдерінің және Ресейдің орталық бөлігінің аймақтарына телевизиялық хабар таратуды, деректерді жіберуді қамтамасыз етеді. Осы жер серігінің арқасында Қазақстан ғарыштық байланыс жүйесі саласында толыққанды тәуелсіз мемлекетке айналды. Тіпті, қазір көршілес елдердің сұранысын да қанағаттандыруға қауқарлы. Ғарыш аппараттарын басқаратын білікті мамандар тобы да жасақталды. Ал өткен жылдың қазан айында елімізде Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің құрылуының өзі бұл саланың жұмысын жандандыра түсті.
Қазір отандық «KazSat-2», «KazSat-3» жасанды жер серіктері «Ақкөлден» және Алматы облысындағы «Көктерек» ғарыштық байланыс орталығынан басқарылады. Бұл орталықтың мамандарының арқасында біз ұялы байланыс, интернет, теледидар мен радионы пайдалана аламыз. Қазіргі таңда «KazSat» қызметін Қазақстанның ірі телекоммуникация операторлары, ұлттық компаниялар күш құрылымдары, мемлекеттік органдар мен жекеменшік компаниялар кеңінен қолданады.
Ғарыштық аппараттарды басқарудың жер үсті кешені кәдімгі өндірістік зауыттар сияқты тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істейді. Байланыс үзілмейтін үдеріс болуы тиіс. Алматы облысындағы резервті басқару орталығы да осы мақсатта құрылды. Сондықтан мұндай стратегиялық нысанның баламасы болу аса маңызды. Егер де Ақкөл маңындағы кешен істен шығатын болса, ғарыштық аппараттарды басқару қызметін Алматы маңындағы орталық мойнына алды.
Ғарыштық байланыс орталықтарының қаладан шеткері орналасуының өзі тегін емес. Оның бірнеше себебі бар екен. Біріншіден, бұл жерде қаладағыдай радиокедергілер мүлдем аз. Екіншіден, табиғаты қолайлы. Инженерлердің айтуынша, шамамен 12 айдың 10 айында аспан ашық тұрады. Ал бұл жер серіктерін еш кедергісіз басқаруға зор мүмкіндік береді. Орталықтар пайдалануға берілгелі бері дамылсыз жұмыс істеп келеді.
«Ақкөл» ғарыштық аппараттарды басқарудың жер үсті кешенінің директоры Шоқан Свогузовтың айтуынша, «KazSat-3» жер серігін іске қосу Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды сәттерінің бірі болды. Байланыс жөніндегі ұлттық Жер серіктерінің болуы белгіленген спутниктік байланыс арналарына елдің сұранысын және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, мемлекет аумағында «цифрлық теңсіздікті» жояды. Қаржының шет елдерге кету ағымын төмендетеді.
«Үш жылдың ішінде «KazSat-3» жер серігінің ресурстарын 9 мемлекеттік және қаржылық ұйымдар пайдаланды. 2016 жылы Қазақстан Республикасы ұлттық телеоператорларының шетелдік байланыс және хабар тарату жүйесінен отандық жүйеге көшуі толық аяқталды. Бүгінгі күні «KazSat-3» жер серігі базасында Қазақстан Республикасының бүкіл аумағы бойынша түпкілікті тұтынушыға дейін цифрлы телерадиохабарларын тарату қатамасыз етілді. Телерадиохабарларын тарату саласындағы ұлттық оператор болып табылатын «Қазтелерадио» АҚ «Отау ТВ» жер серіктік телерадио хабарлары бағдарламасын таратады. Ал Сaspio HD операторы «KazSat-3» технологиялық платформасын пайдалана отырып, HD форматындағы телеарналар пакеттерін республиканың кез келген нүктесіне жеткізеді. Бұл ресурсты «Алма ТВ» да пайдалануда», дейді Шоқан Ғалиханұлы.
«KazSat-3» жер серігін қалыптастырған кезде сенімділіктің қажетті деңгейі мен осы аппарат сипаттамасына сәйкес мүмкіндіктер бере алатын заманауи техникалық шешімдер пайдаланылды. жер серігінің қамту аймағы Қазақстан Республиканың ғана емес, Орталық Азия елдерінің (Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан) бүкіл аумағына, сондай-ақ, Ресейдің орталық бөлігіне жетеді. Ғарыштық аппаратты басқаруды «Ғарыштық байланыстың республикалық орталығы» АҚ-тың жоғары білікті мамандары жүзеге асырады.
Бір айта кетерлігі, Ақмола облысындағы Ақкөл қаласындағы ғарыштық аппараттарды басқарудың жер үсті кешені мен Алматы қаласындағы «Көктерек» ғарыштық аппараттарды басқарудың резервтік кешендерінде ең жаңа техникалық құралдар қолданылады.
«KazSat» ғарыштық жүйесі штаттық пайдалануға берілген сәттен бастап, қазіргі уақытқа дейін 16 байланыс операторы мен еліміздің мемлекеттік органдарының қажеттіліктері қамтамасыз етілді, 200-ден астам жұмыс орны құрылды.
Айтқандай, биылғы жылдың наурызында «KazSat-2» жоғалып «кетіпті» немесе «істен шығыпты» дегендей қауесет тараған болатын. Сол кезде сала мамандары «KazSat-2» ғарыш аппаратымен байланысты жоғалту туралы ешбір оқиға тіркелмегенін айтты. Сол күні орталықтың білікті мамандары апатты жағдайдың алдын алған. Тәжірибелі мамандар техникалық ақауды зерттеп, нәтижесінде аппаратпен байланысты қайта қалпына келтірген.
«KazSat-2» аппаратын біз жоғалтқан жоқпыз. Біз онымен үнемі байланыста болдық. Тиісті тапсырманы республикалық ғарыштық байланыс орталығының мамандары беріп тұрды. Тек штаттан тыс жағдай орын алды. Қазір жағдай қалпына келді, тиісінше жұмыс істеп тұр. Мұның өзі мамандарымыздың біліктігін дәлелдейді. Мамандарымызға сынақ болды», дейді «Ақкөл» ғарыштық аппараттарды басқарудың жер үсті кешенінің директоры Шоқан Ғалиханұлы.
«KazSat-2» ғарыштық аппаратының белсенді қызмет ету мерзімі 2023 жылдың қараша айында аяқталады. Сондықтан «Ғарыштық байланыстың республикалық орталығы» АҚ оның орнына келетін «KazSat-2R» аппаратын құру және оның қызметін пайдалану мүмкіндіктерін қарастыруда. Қазіргі күні компанияда осы ғарыштық аппаратты құру жөніндегі жоба алды жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қоса, бүгінгі күні ғарыштық аппараттарды жинақтау-сынақтан өткізу кешенін қалыптастыру жөнінде атқарылып жатқан істер де бар. Бұл жоба ғарыштық аппараттар мен олардың бөлшектерін жобалау және әзірлеу бойынша жұмыстардың толық кезеңін жүзеге асыруға жәрдемдеседі. Елімізге басқа елдерден ғарыш аппараттарын жасау жөнінде тапсырыстар алуға, сондай-ақ, жер серіктері өндірісінің әлемдік нарығына шығуға мүмкіндік береді.
ТМД бойынша жасанды жер серігі бар мемлекеттер саны бесеу ғана. Қазақстан осы елдер сапында. Әрине, бұл еліміз үшін биік бедел, асқақ абырой.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»