Шығыстың табиғаты тамылжыған, көрікті шаһарларының бірі - Риддер. 2014 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» әлеуметтік жобасының «Серпін» бағдарламасы аясында кеншілер қаласына еліміздің оңтүстік өңірлерінен (Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Қызылорда облыстары) 20-дан астам жас келген-ді. Жуырда Риддерде Білім және ғылым министрлігінің, облыстық білім басқармасының мұрындық болуымен аграрлы техникалық колледжді «түсті металлдар металлургиясы» мамандығы бойынша бітіріп шыққан 22 студентке диплом тапсыру салтанаты өтті.
Жас металлургтер жұмысқа кірісті
Салтанатты шара басталмас бұрын Астанадан Білім және ғылым министрлігінен, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ «Серпін» ұлттық жобалар басқармасынан, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінен арнайы келген қонақтар республикалық және жергілікті БАҚ өкілдерімен бірге пресс-тур аясында «Қазцинк» ЖШС Риддер металлургиялық кешені мен Риддер аграрлық колледжін аралап, тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл екі нысанның да «серпіндіктерге» тікелей қатысы бар. Өйткені, 22 студент колледжде үш жыл бойы білім нәрімен сусындаса, соның 7-уі 8 ай Риддер металлургиялық кешенінде өндірістік тәжірибеден өтіп, жұмысқа қабылданып отыр. Техник-металлург мамандығы бойынша аталған кешенде еңбек етіп жатқан Алматы облысының тумасы Мирас Қайдаров Риддердегі үш жылдың қызықты өткенін, өздеріне барлық жағдайдың жасалғанын айтады. «Қала халқы бізді құшақ жая қарсы алды. Колледждегі ұстаздарымызға, шаһар басшылығына үлкен алғыс айтамыз. Қазір металлургиялық кешенде өз қатарластарыммен бірге жұмыс істеп жатырмын», дейді ол. Мирастың қатарластарының бірі, Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қаласынан келген Ғалымжан Бегалы: «Біз мұнда ең алдымен тәжірибеден өттік, тәжірибе кезінде әрқайсымызға қолдау ретінде 90 мыңнан 110 мың теңгеге дейін ақша төленді. Әрине, әуелде тіл жағынан аздаған қиындықтар болды. Бірақ осындағы қызметкерлер түсіністікпен қарап, тіл үйренуімізге жәрдемдесті. Ұжымымыз жақсы. «Қазцинк» секілді алпауыт кәсіпорында еңбек етіп жатқанымызға қуаныштымыз» дейді. Жеті бірдей студентті қызметке қабылдаған кешен басшылығы олардың жұмысқа деген ынта-ықыласы зор екенін айтып, қатарларының білікті жас мамандармен толыққанына ризашылықтарын білдірді. Елордадан келген қонақтар мен журналистер жылы жақтың ұлдары мен қыздары білім алған колледжді аралағаннан кейін «Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» әлеуметтік жобасының «Серпін» дамыту бағдарламасын енгізу болашағы» тақырыбында өткен дөңгелек үстелге қатысты.
Дөңгелек үстелді ашқан Риддер қаласы әкімінің орынбасары Данияр Дүйсембаев колледж бітірген 22 студенттің ешқайсысы жұмыссыз қалмайтынын, шаһардағы Риддер металлургиялық кешені тағы да 7 «серпіндікті», яғни, ұзын саны 14 түлекті жұмыспен қамтуға ниетті екенін, қазіргі уақытта қалған 6 бойжеткенге жұмыс іздестіріліп жатқанын, бұл мәселе жуық арада шешімін табатынын айтты. 22 студенттің бірі әскерге баруға, енді бірі университетке түсуге шешім қабылдапты.
Баспана беріле ме?
Жұмыс жайы шешілді делік, ал баспана мәселесі қалай болмақ? Қала әкімі орынбасарының айтуынша, 22 студент әзірге Риддер аграрлы техникалық колледжінің жатақханасында тұрады. Жұмысқа орналасқаннан кейін оларға «2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерліктi дамыту» бағдарламасы аясында осында көшіп келу үшін 20, пәтерді жалдап тұрғаны үшін бір жыл бойы ай сайын 20-дан 30 айлық көрсеткішке дейін төлемақы қарастырылмақ. Қазір Риддерде жоғарыда атап өткен мемлекеттік бағдарлама негізінде бір үй, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы тағы 1 үй салынып жатыр екен. Данияр Дүйсембаев жас мамандарды баспанамен қамту мәселесін шешу үшін Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне ұсыныс жолданғанын жеткізді. Дөңгелек үстелде сөз алған «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ «Серпін» ұлттық жобалар басқармасының басшысы Күлзия Тобатаева қазіргі уақытта «Серпін-2050» бағдарламасымен еліміз бойынша 12 мыңға жуық студент білім алып жатқанын, оның 2256-сы Шығыс Қазақстанда екендігін атап өтті. «2014 жылы бағдарлама басталғанда оңтүстік өңірдің жастарын ең бірінші болып құшақ жая қарсы алған Шығыс Қазақстан облысы болатын. Бір қуанарлығы, бұл аймақ оңтүстіктегі өңірлерден келіп білім алып жатқан жастардың жұмыспен қамтылуына үлкен жауапкершілікпен қарап отыр. Бір ғана кәсіпорын 14 жас маманды жұмысқа қабылдап жатыр. Бұл – қуанарлық жәйт. Осы ретте Шығыс өңірі өзге облыстарға үлгі болады деп ойлаймын», дейді басқарма басшысы.
Қазіргі уақытта «Серпін» бағдарламасы арқылы Риддерде ғана емес, Өскемен, Семей қалалары мен Ұлан ауданында өзге өңірлердің студенттері оқып жатыр. Облыстық ішкі саясат басқармасы «Жастар ресурстық орталығының» директоры Арайлым Есімбекова бұл жастардың да жұмыспен қамтылуына қазірден бастап қам жасалып жатқанын айтады. Орталық облыс орталығында өңірдегі ірі алты кәсіпорын өкілдерінің қатысуымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды. «Келесі жылы Өскемендегі С.Аманжолов атындағы университетті 240 «серпіндік» бітіреді. Қала және аудан әкімдері арнайы келіп, ашық есік күндерін өткізіп, оларды жұмысқа шақыратын болады. Егер олар қандай да бір ауданға жұмысқа барғысы келсе, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы жіберуді жоспарлап отырмыз», дейді орталық директоры.
17-інші немере
«Серпін» бағдарламасы арқылы білім алушылардың дені – әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан студенттер. Осындай студенттердің бірі Ұлан ауданының Саратов ауылындағы Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы колледжінде оқып жатқан қызылордалық Айдана Иманғали. Бойжеткен 2014 жылы мектеп бітірген кезде жүрегі ауырып, емделуге қаржысы болмай, оқуға түсе алмай қалған көрінеді. Алайда оған 2015 жылы «Серпін» арқылы Шығыста білім алуға мүмкіндік беріледі. «Оқуға түскеннен кейін колледж басшылығы менің денсаулығымды тексертіп, нақты диагноз қойылғаннан соң Астанаға тегін квота алып берді. Жол шығынын да төледі. Ота сәтті жасалды. Қазір жағдайым жақсы. Көңіл күйім көтеріңкі. Шығыс Қазақстан жұртшылығына айтар алғысым зор. Қазірдің өзінде бізді жұмысқа алуға ниетті мекемелер бар. Оқуымды бітірген соң міндетті түрде осында қалып, жұмыс істеймін», – дейді Сыр бойынан келген студент.
Риддерде білім алған 22 студенттің алды отбасын құрып та үлгеріпті. Алматы облысының тумасы Елдан Болатұлы диплом алу салтанатына қолына кішкентайын көтерген жұбайы Кристинаны жетектеп келіпті. Ол да осы колледжде орманшы мамандығы бойынша білім алған. «2014 жылы осында оқуға түстім. Болашақ жұбайыммен сол жылы танысып, бір жарым жылдан кейін отбасын құрдық. Алла сәтін салса, осы қалада еңбек етсем деген ойым бар», – дейді жетісулық студент.
«Серпіндіктердің» арасында көңіл жарастырып, отбасын құрған жастардың қатары аз емес. Бұған дейін 16 бозбала мен бойжеткен шаңырақ көтеріпті. «Бұл - біздің 17-інші немере», – дейді «Серпін» ұлттық жобалар басқармасының басшысы Күлзия Тобатаева.
Риддер аграрлы техникалық колледжінде өткен қорытынды шара барысында 8 «серпіндікке» қызыл диплом, бірқатар студенттерге Білім және ғылым министрінің Алғыс хаты тапсырылды. Сондай-ақ Алғыс хат осы істің басы-қасында жүрген Риддер қаласының әкімі Жомарт Мұратовқа, оның орынбасары Данияр Дүйсембаевқа, Риддер аграрлы техникалық колледжінің директоры Александр Самойленко мен облыстық ішкі саясат басқармасының «Жастар ресурстық орталығының» директоры Арайлым Есімбековаға да табыс етілді.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Риддер қаласы