Қазақстан • 28 Маусым, 2017

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі

487 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жарма өңірінің өркендеуіне үлес қосып келеді

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі

Жарма ауданында орналасқан Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны БАҚ өкілдеріне арнайы пресс-тур ұйымдастырып, әлеуметтік және өндірістік нысандарын аралатып, атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырды.  

Қазіргі уақытта мұнда құрылыс жұмыс­тары қарқын алып, әртүрлі қуатты­лықтағы, жоғары вольтті желілерден бас­тап өндірістік ғимараттарға дейін, ұзын саны елуден астам нысандар салынып жатыр. Карьерде кен өндіру шаралары биылғы жылдың екінші жарты жылдығында, ал жақын жылдары іске қосылатын тау-кен байыту кешенінде алғашқы концентратты өндіру 2018 жыл­дың үшінші тоқсанында басталады деп жоспарланып отыр. Фабрика толық қуа­тын­да жұмыс істеуге 2019 жылы көшеді. 


Алтын өндіруші «Полиметалл» ком­пания­сы 2014 жылы Жарма ауданы аума­ғындағы Бақыршық кен орнын сатып алғандығын жариялаған-ды. Сол уақыттан бері кәсіпорын бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігі негізінде аудан тұрғындарына тұрақты түрде қолдау көр­сетіп келеді. 2014-2016 жылдар ара­лы­ғы­нда кен орны облыс және Жарма ауда­ны әкімдіктермен жасалған меморан­думдар аясында әлеуметтік салаға 1 млрд 74 миллион теңгеден астам инвестиция салыпты. Осы уақытқа дейін облыс, республика бюджетіне және бюджеттік емес қорларға 1,2 млрд теңге көлемінде салық төлепті. 


Кәсіпорынның қолға алған ең ауқым­ды әлеуметтік жобаларының бірі – Әуезов кентіндегі 20 жылға жуық қаңырап бос тұрған 180 орынға арналған балабақша ғима­­ратын қайта қалпына келтіруі. Ком­пания бұл мақсатқа 240 миллион теңге қаржы жұмсап, 2016 жылдың аяғында толықтай жөндеуден өткізілген, заман талабына сай жабдықталған «Аққу» бала­бақ­шасын мемлекет қарамағына бер­ген-ді. Журналистерге тәрбие оша­ғын аралатып көрсеткен балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы Назкен Бектұрғанова 1999 жылы осы нысан жабылып қалған кезде бірнеше әріптестерімен бірге өзі­нің де жұмыссыз қалғанын айтады. «Құдайға шүкір, 20 жылдан кейін бұрын­ғы әріптестеріміз осы балабақшада қайта­дан бас қосып, еңбек етіп жатқан жайы­мыз бар. Мұнда балғындар үшін де, тә­р­биешілер үшін де барлық жағдай жасал­­ған. Ұжымымызда еңбек ететін жас ма­ман­­дардың қатары да аз емес. Бала­бақ­ша­ның жұмыс істей бастағанына бар бол­ғаны 4 ай болса да, үлкен қалаларда өтетін әртүрлі семинарларға қатысып, бі­лік­ті­лігімізді шыңдап жатырмыз»,  дейді ол.
Кен орны Әуезов кентіндегі емхана, мектеп пен еркін күреске арналған спорт залын күрделі жөндеуден өткізуге де жәрдемдесіпті. Кәсіпорын жыл сайын Әуезов кенті мен Шалабай ауылындағы мектептерді бітірген түлектерге 4 грант бөліп отырады екен. Қазіргі уақытта еліміздің университеттерінде 23 студент білім алып жатқан көрінеді.


«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне ерекше тоқталған еді. Біз бұл жауапкершілікті толық сезінеміз. Соңғы үш жылда Жарма ауданының Әуезов, Шалабай ауылдарының дамуына 1 млрд 74 млн теңге қаржы инвес­тицияланды. Біздің кәсіпорын мұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта да қолдау көрсете бермек. Себебі, бұл ауылдың ғана емес, келер ұрпақтың өсіп-өркендеуіне тартылған инвестиция деп түсінеміз», дейді «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС бас директоры Юрий Овчинников.


Биылғы ақпан айында кәсіпорын бас­­шылығы Жарма ауданының әкім­дігі­мен меморандумға қол қойып, аудан­ның дамуына 30 млн теңге, облыс әкім­дігі­мен жасал­ған келісімшарт ая­сын­да аймақ­тың инфрақұрылымына 750 млн теңге қар­жы бөліпті. Кен орны бизнестің әлеу­мет­тік жауапкершілігі аясында биыл аудан орталығына айтыскер ақын Қали­хан Алтын­баевтың ескерткішін орнатып, рес­пуб­ли­калық ақындар айтысын ұйым­дасты­руға қаржылай қолдау көрсетіп, Әуезов кентіндегі амбулаторияның екінші қабатын, әкімдіктің акты залын және «Арман» клубын жөндеуден өткізуді жос­парлап отыр.   

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы, 
Жарма ауданы