Аймақтар • 28 Маусым, 2017

Ақтөбе облысы инвестициялық жобаларының көрмесі өтті

222 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Астанадағы «Бейжің сарайы» қонақүйінде Ақтөбе облысы инвестициялық жобаларының көрмесі болып өтті. Онда жалпы сомасы 2,1 млрд теңгеге 13 инвестициялық жоба ұсынылды.

Ақтөбе облысы инвестициялық жобаларының көрмесі өтті

Астанадағы Ақтөбе облысы күніне орайластырылған бұл шараға аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев, Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, Инвестициялар және даму, Мәдениет және спорт министрліктерінің, ұлттық компаниялар мен шетелдік ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ дипломатиялық миссиялардың басшылары қатысты.  
Ақтөбе облысының әкімі Б.Са­парбаев қатысушыларды өңірдегі болашағынан зор үміт күттіретін ин­вестициялық жобалармен таныстырды. Олардың ішінде Шалқар ауданында темір кендерін қайта өңдеу бойынша тау-кен метал­лургиялық кешені, Темір ауданында «Ащысай» титан-цирконий кен орнын игеру жобасы, Ақтөбе қаласында қуаттылығы 45-55 МВт ферроқорытпа газымен қалдықтарды қайта өңдейтін электр стансасын салу, Қарғалы ауданында болат пен шойын түріндегі өнімдер шығаратын тау-кен металлургиялық кешенінің құрылысы, Мәртөк ауданында ауыл шаруашылығы тауарларының көлік-логистикалық орталығы, Алға ауда­нында жоғары технологиялық жылыжай кешенін салу, Қарғалы ауданында бройлер өсірумен айналысатын құс фабрикасының құрылысы, Мәртөк ауданында 3000 бас мүйізді ірі қараға арналған жоғары технологиялық бордақылау кешенін құру, «Sheraton» қонақүй кешені секілді ірі жобалар бар.
Аймақ басшысы Б.Сапарбаев Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірах­мановқа, елшілерге, ұлттық компаниялар мен шетелдік ұйымдардың өкілдеріне облыстың инвестициялық жобалары ұсынылған көрмеге уақыт бөліп келгендері үшін алғысын айтты.
«Қазақстанның ұстанған инвес­тициялық саясатын барлығыңыз жақсы білесіздер. Жалпы, Ақтө­бедегі инвестициялық ахуал да сон­дай. Осында облысымыздағы инвес­тициялық жобалармен таныс­тыңыздар. Өңірде инвесторлар үшін қандай жағдай жасалатынын білдіңіздер. Басты мақсатымыз – өңірде инвесторлардың қауіпсіз әрі сенімді жұмыс істеуіне мүм­кіндік жасау. Біз еліміздің нор­мативтік-құқықтық актілерін ескере отырып, өңірде инвесторлар үшін бар­лық жағдайды жасаймыз», деді облыс әкімі.
Көрме барысында Ақтөбе облы­сының әкімдігі мен «United Energies Aktobe» ЖШС арасында «Ақтөбе» индустриялық аймағында жел генераторларын өндіретін зауыт салу жөніндегі меморандумға қол қою рәсімі болып өтті. Құжатқа аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев пен «United Energies Aktobe» ЖШС-нің бас директоры Михаэль Паульс қол қойды. Жалпы құны 84 млн еуроға бағаланған жобаның жүзеге асырылуы өңірде 500 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Айдар ӨРІСБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»