Футбол • 28 Маусым, 2017

Журналистер сайысқа түсті

273 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл жетісулық журналис­тер қасиетті Ораза айтының алғашқы күнін спорттық мерекемен ұштастыра атап өтті. Журналистер күні қарсаңында Алматы облыстық Ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған «Zhetisu Cup» атты спартакиа­дада бас қосқан өңірлік БАҚ өкілдері спорттың бес түрі (футбол, волейбол, бильярд, арқан тарту, үстел теннисі) бойынша күш сынасты. 

Журналистер сайысқа түсті

Саламатты өмір салтын наси­хаттауды мақсат еткен бұл шарада алдымен мәреге жеткен бильярд болды. Бірінші орынды облыс­тық «Жетісу» арнасы алса, екінші орын Қарасай аудандық «Заман жар­шысы» газетінің тілшісіне бұйыр­ды. Волейболдан қыз­дар арасында өткен жарыста Тал­ғар аудандық «Талғар» газеті топ жарды. Екін­ші орынды «Жетісу» теле­арна­сының қыздары, үшін­ші жүлдені Райымбек аудан­дық «Хантәңірі» газеті ие­ленді. Арқан тарту бойын­ша облыстық «Жетісу» газеті қарсылас шыдатқан жоқ. Одан кейінгі тізімде Ұйғыр ауданы мен Көксу ауданының құрамалары. Үстел теннисінен өткен жарыста да «Жетісу» га­зеті топ жарды. 
Сайыстың көркін қыз­дырған басты спорт  футбол болды деуге болады. Әдеттегідей кіші футбол емес, ойынды үлкен алаң­да өткізуді мақұл көрген ұйым­дастырушылар шағын ұжым­дардың қосылып, бір команда шығаруына мүмкіндік берді. Бұл да жоғарыда айт­қан әріптестік сыйластықты арттырудың бір жолы екен дестік. Доп додасының бас кубогын «Жетісу» телеарнасы жеңіп алды. Ал «Жетісу» газетінің жігіттері күміс, «Талғар» газе­тінің ойыншылары қоладан медаль тақты. Облыстық Ішкі сая­сат басқармасының төрағасы Рустам Алпысбаевтың айтуын­ша, БАҚ өкілдері мен Ішкі саясат арасындағы түсіністік, ауызбірлік өлкенің өсіп-өркен­деуіне зор ықпал етеді. 

Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы