Аймақтар • 28 Маусым, 2017

Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев сенатор атанды

772 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының депутаттар корпусы басым дауыспен Нариман Төреғалиевті Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттағына сайлады.

Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев сенатор атанды

Бүгін Батыс Қазақстан облыстық мәслихат залында өткен сайлау науқанына облыстағы аудандық, қалалық және облыстық депутаттар түгелге жуық қатысты.

Батыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақовтың айтуынша, барлық 198 депутаттың 194-і сайлауға қатысып, дауыс берген. Сенат депутаттығына кандидат – Құрманғазы атындағы Орал музыка колледжінің директоры, қалалық мәслихат депутаты Нұржан Сертеков – 38 дауыс, Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев – 156 дауыс алған.

Сенат депутаттығына әу баста үш депутат ұсынылған болатын. Бірақ «Автокомбинат» ЖШС директоры Валерий Голоухов өз өтінішімен сайлау додасынан кандидатурасын алып тастады.

Нариман Төреғалиев 1964 жылы сол кездегі Орал облысы Тайпақ ауданы Есенсай ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары, 1990 жылы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс ииститутын, 2004 жылы Қазақ қоғамдық университетін тәмамдаған. Мамандығы - инженер-экономист, заңгер.

Еңбек жолын Ақжайық ауданындағы «Есенсай» кеңшарында 1981 жылы жұмысшы болып бастаған Н.Төреғалиев облыстың Теректі ауданына қарасты өндірістік коопративінде бас есепші, бас экономист қызметтерін атқарған. 2002-2003 жылдары жалпы үлгідегі Орал интернат үйінің директоры, 2003-2005 жылдары Батыс Қазақстан облысының еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы бастығының орынбасары, 2008 жылдары Батыс Қазақстан облысының еңбек, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру департаменті директорының орынбасары, 2008-2010 жылдары ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің директоры, 2010-2012 жылдары Батыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы, 2012-2015 жылдары БҚО Ақжайық ауданының әкімі, 2015-2016 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, 2016 жылдың 5 сәуірінен бастап Орал қаласының әкімі болып қызмет етті.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

"Егемен Қазақстан"

ОРАЛ