«Егемен Қазақстан» газетінің фототілшісі Ерлан Омаров «Үздік фотосурет» аталымы бойынша «Үркер-2017» бірінші ұлттық сыйлығына ие болды. Бұл аталым бойынша Рожин Максим, Сәрсенбек Қызайбекұлы, Тұрар Қазанғапов пен Герард Ставрианиди де үміткерлер қатарында болған еді.
Салтанатты жиында сөз алған Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев ақпарат саласының үздіктерін құттықтады.
– Қадірменді әріптестер, ақпарат және байланыс күнімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Бүгін маңызды күн, маңызды мереке. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасын талқылау кезінде журналистер мәртебесі туралы үнемі айтылып келеді. Бүгінгі өтіп жатқан ұлтық сыйлық осы бағыттағы қадамдардың бірі деп білемін, – деді Дәурен Абаев.
Жүлде 15 аталым бойынша табысталды. Жүлдеге үміткерлерді қазылар алқасы таңдады. Қазылар алқасы қатарында Л.Н Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры Намазалы Омашев, мемлекеттік және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбек, ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, «Қазақстан-250» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев, «Нұр Отан» партиясының саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Юлия Кучинская, «Қоғамдық келісім» РММ директоры Александр Тараков, Расул Жұмалы, Мұрат Әбенов, Мейрамхан Жәпек, Амангелді Мырзабеков бар.
Естеріңізге сала кетсек, «Үркер» тұңғыш ұлттық сыйлығы 15 номинациядан тұрады. Олар: «Үздік аймақтық баспасөз басылымы», «Үздік радиобағдарлама», «Үздік салалық баспасөз басылым», «Үздік жыл журналы», «Үздік республикалық баспасөз басылымы», «Үздік репортаж», «Қазнеттегі медиасерпіліс», «Үздік аймақтық радиостанция», «Үздік журналистік зерттеу», «Үздік интервью», «Қазақстан туралы үздік танымдық материал», «Үздік халықаралық сараптамалық материал», «Журналистикадағы дебют», «Үздік фотосурет», «Үздік сараптамалық материал». Конкурсқа өтініш қабылдау 2017 жылдың 7 мамырынан 10-маусым аралығында жүргізілген болатын. Байқауға 860-қа жуық БАҚ өкілі қатысуға ниет танытқан.
Ая ӨМІРТАЙ,
"Егемен Қазақстан"