Қазақстан • 29 Маусым, 2017

Ұлт болашағы және латын әрпі

206 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Кез келген халықтың бір әріптен екінші бір әріпке көшуінде әлеуметтік, тарихи, саяси мән жататыны белгілі. 1923 жылы Түркия республика болып жарияланғаннан кейін, Мұстафа Кемалдың басшылығымен барлық салада түбегейлі реформалар басталды. Соның бірі ғасырлар бойы қолданылып келген араб әрпінен латын әрпіне көшу болатын. Бұл өте қиын шаруа еді. Өйткені, бұған дейінгі Осман империясы негізінен діни мемлекет болды.

Ұлт болашағы және латын әрпі

Ғасырлар бойы, дәлірек айт­сақ, түрік мемлекеті құ­рыл­ғалы бері, қолданыста бол­ған араб әрпі халық­тың діни сеніміне, тарихи жады­на, діліне, мұсылмандық, ұлт­­тық ұғы­мына сіңісті болып, дүние­­ге талай ұрпақ әкеліп, оның руха­ни әлемінің ажырамас бөлігіне айнал­ды деп айтуға болғандай еді. Сол себепті Құран жазуы – араб әрпінен бас тарту ақыл­ға сыйым­сыз болып көрінуі әб­ден мүмкін. Алайда, елдің алдында үлкен таң­дау тұрды. Ол таңдау – халық­тың келешек тағдырымен тікелей бай­ла­нысты. Сондықтан осындай қиын сәтте басын бәйгеге тіге алатын бір тұлғаны тарих қажет етті. Ол тұлға – түрік жұрты үшін өзін құр­бан­дыққа арнап, қан-қасап соғыс­та ғажайып ерлік көрсетіп, елді сақ­тап қалған, әйгілі қолбасшы Мұс­тафа Кемал еді. Және әлгіндей қатер­лі шешім­ге ажалдан да қорық­пайтын осын­дай әс­кери адам ғана бара алуы мүм­кін. Екін­шіден, өз заманының көзі ашық білім­ді адамы болғандықтан, ол өр­ке­ниет көшіне еуропалық үлгіде мем­ле­кет жасау арқылы ғана ілесуге бола­ты­­­нын түсінді. Ұлттың болашағына қа­­тыс­­ты реформалардың кез келген қиын­­дықтан жоғары тұратынын жақсы біл­ген Мұстафа Кемал жауапкершілікті мой­нына алып, әрі халық алдындағы өзінің зор беделін пайдаланып, араб әрпін латын әрпіне ауыстырды. Бұл 1928 жылы болған оқиға. 

Ал Кеңес Одағындағы орыс емес халықтардың әріп ауыстыруының мәні басқаша. Совет адамы деп аталатын жаңа типті халық жасау деген желеумен өзге халықтарды дамудың жаңа саяси жолына түсіру мақсатында, оларды белгілі бір дәрежеде тарихи жадынан айыру, тарихты 1917 жылдан бастау, орыс мәдениетінің (бүгінгі тілмен айт­сақ, «орыс әлемінің»), орыстық сана­ның ықпалын күшейту, ол үшін орыс тілді басылымдардың санын көбейту, жазуды жаппай кириллицаға ауыстыру тағы сол сияқты шаралар іске асырыла баста­ды. Әрине, мұның бәрі халықтың өзінің ішкі рухани қажеттілігінен туып жатпағаны белгілі. 1929 жылғы қазақ жазуын араб әрпі­нен латыншаға ауыстыру осы идео­ло­гиялық науқанның басталуы ғана болатын. 1940 жылы негізгі шаруаның өзіне бет түзеп, латын әрпінен кириллицаға көшу жүзеге асырылды. Егер мәселені өзінің атымен айтсақ, бұл орыстандыру саясатының бір тармағы ғана еді. 

Бұл жағынан коммунистік идеология­ның қол жеткен табысы аз болған жоқ. Совет өкіметінің саясатына сенген, берілген бірнеше ұрпақ дүниеге келді. 1962 жылы қазақ халқының саны өз елін­де 28,9 пайызға төмендеді. Бұ­дан кейін бұл елді Қазақстан деп атаудың қажеті бар ма деген сөздер де шыға бастады. Осындай ахуалға риза болған Н.Хрущевтің: «Біз патша өкіметінің қолынан келмеген нәрсеге қол жеткіздік» деп мақтанғаны есімізде. «Ұлт­тардың қосылуы» (слия­ние наций) деген базалық кон­цепция жасалды. Онда Совет одағындағы ұлттардың ком­мунистік идея негізінде түбінде бір ұлтқа айналатыны және ол ұлттың тілі орыс тілі болатыны анық айтылған. 

1991 жылы Совет өкіметі құлағаннан кейін өзге ұлттар – тәуелсіздік алған­дары бар, ала алмай қалғандары бар – өзінің империялық саясатынан бас тарта қоймаған Ресей ықпалынан алыс­тауға пейіл танытты. Соның бірі – кирил­лицадан латын әрпіне көшу еді. Әзер­байжан, Өзбекстан, Түрікменстан бірден көшті. Татарлар латын әрпіне көшу туралы шешім қабылдады, бірақ кейін ол шешімге Кремль тарапынан тыйым салынды. Шығыс еуропалық славян халықтары да латыншаға көше бастады. Тіпті, Совет өкіметінің ал­ғашқы жылдарында латын әрпіне көшу мәселесі Ресейдің өзінде әңгіме бол­ғаны жайлы айтылып жүр. Бірақ кирил­лица орыстардың өркениет бас­тауында тұрған ұлттық мақтанышы бол­ғандықтан ондай әрекетке бара алмайтыны түсінікті. Бүгінде Украина латын әрпіне көшу мәселесін күн тәртібіне қойып отыр. Мұндай жаппай науқанның ар жағында еркін дамуға қолбайлау болған империялық ықпалдан босанып, құлдық санадан арылу, адамзаттық құндылықтарға негіз­дел­ген ұлттық дамудың жолына түсу, сол үшін өркениет орталығына бір табан жақын­дай түсу деген ниеттің жатқаны белгілі. 

Алайда, Қазақстан ол топқа бірден қосыла алмады. Бірін­шіден, қоғам төрінде отырған игі жақ­сылардың өз ішінде ауызбір­шілік болған жоқ. Біреу­лер – орыстық санадан әлі арыла қойма­ған­дар – мұны үлкен қателік деп есептесе, қайсыбір ұлтжанды азаматтар бұл реформаның қазақтар үшін кері әсері болуы ықтимал, орыс тілді ұрпағымыздан біржола айы­рылып қалуымыз мүмкін деген қауіп айтты (Әрине, бұған қарап, ұрпақтарымыздың басын біріктіріп отырған кириллица екен деген ой тумаса керек). Екіншіден, ол кезде қазақтардың өз ішіміздегі үлес саны да әлі түбегейлі артықшылыққа жете қоймаған кезі еді. Оның үстіне көрші Ресей мемлекеті біздің кирил­лицадан кетпеуіміз үшін ақпарат­тық кеңістік саласында үгіт-на­си­хат жұмыстарын қатты жүргізді. Қысқасы, әліптің артын бақтық. 

Одан беріде біраз уақыттың жүзі болды. Тәуелсіздік алдық. Тіліміздің мемле­кеттік мәртебесін жаңа Конститу­циямызбен бекітіп, үлкен бағдарлама жасадық. Латын әрпіне көшу туралы ой-пікірлер ортаға түсе бастады. Енді, міне, бұл мәселені Президенттің өзі көтеріп отыр. Бұл дұрыс болды деп есептейміз.  

Бүгінгі жағдайдағы бір жеңіл­дігіміз – халқымыздың саны 70 пайызға жақындап, түбегейлі көпшілікке айналғанымыз, ал қиындығымыз – қарсыластардың (оның ішінде орысы да, қазағы да бар) тәжірибе жинап, көрші елдегі идеологтармен қол ұстасып, жасқанбай күресе алатын күшке айналғаны. Олар баяғыша бізді Еуропамен, АҚШ-пен қорқытады (олар­дан бізге келер қауіп жоқ болса да). Одан қалды, орыстың ық­па­лынан кету­ге тырыссаң, Украи­наның кебін кие­міз, солтүстік облысты тартып ала­ды деп екі қорқытады. Орыс тілді бір қазақ жазу­шысының бүкіл қазақ интел­ли­ген­циясын жоққа шығарып, қазақтың мәдениетін, руханиятын біз жасаймыз деп мақала жазғаны бар. Бір елдің руха­ния­т­ын, мәде­ние­тін көрші елдің тілімен қалай жасау­ға болатынын бір Құдай білсін.

Қазір латын әрпіне көшу мәселесі ақпарат кеңістігінде, әлеуметтік желіде, жиналыстарда қызу талқылануда. Бір жақсысы, әзірге дауласудың аяғы жау­ласуға ұласып жатқан жоқ. Пікір ал­масу бар. Осылай болуға тиісті. Қол­дан келгенше, өз ойларымызды ортаға салып, түсінісіп, белгілі бір ортақ тұжырымның төңірегіне топтаса алсақ, құба-құп. Бұл күнде айтылып жатқан ой-пікірлердің бәріне тоқталып жату мүмкін емес. Тіпті, орта ғасырдағы ұйғыр жазуы деген атпен таныс, бұл күнде қолданыста жоқ деп айтуға болатын, көне түрік жазуына көшейік деп немесе баяғы араб графикасына қайта оралайық деп жүргендер де бар. Оған қарсы дәлел айтып уақыт алғымыз келмейді. Латын әрпіне көшейік, бірақ Қазақстандағы орыстар да көшсін деген талапқа бір ауыз пікір білдірейік. Бұл талапта, әрине, не заңдық, не ғылыми негіз бар деп айту қиын. Халықаралық тіл болып саналатын орыс тілінің әріп қолдануы, орфографиясы, емлесі ғасырлар бойы қалыптасқан, бұл күнде Ресей Феде­ра­циясы үкіметінің қаулысымен бекітіл­ген, оны өзгертуге ешкімнің хақысы жоқ. Бүкіл әлемде орысша үйренгісі кел­­ген­дер кириллицамен үйренеді. Сол сияқ­ты, ағылшын тілін Ресейде ки­рил­­лицаға ауыстыра алмайды, латын әрпімен үйренеді. Қытай тілін иеро­глиф­пен ғана үйренуге болады. Бір елдің ор­фографиясын өз еліңде өз әрпіңе ауы­с­тырып, жаңа орфография жасау мүмкін емес, ондай ғылым жоқ. Егер ондай әрекетке барған жағдайда, бұл үлкен саяси арандату болып табылар еді.

Бұдан кейінгі мәселе – онсыз да қазақ тілді және орыс тілді болып екі­ге жарылып жүрген ұр­па­ғы­мыздың екін­ші бөлігінен айырылып қалмаймыз ба деген қауіп. Біріншіден, ұрпақтың дүниетанымдық көзқарас жағынан екіге бөлінуі – орыстандыру сая­сатының нәтижесі. Кириллица сол саясаттың бір тармағы екенін жоғарыда айттық. Ал латын әрпі­не көшу сол орыстық санадан босану­дың бір тармағы деп айта аламыз. Латын әрпі орысша оқитындарға таңсық емес, олар осы әріппен шет тілдерін оқиды. Қазірдің өзінде әлеуметтік желі­лерде жастардың латын әрпін қазақ тілінде қолданып жүрге­нін көріп жүрміз. Ал шындығына келсек, халықты тұтас­тыратын мемлекеттік тіл. 

Мемлекеттік тіл ең алдымен мем­ле­кеттік басқару жүйесінің, мем­ле­кет­тік органдардың тілі. Сол себепті де, мемлекеттік тіл деп аталады. Сондықтан бірінші талап – мемлекеттік қызметкер мемле­кет­тік тілді білуге міндетті. Осы бір конституциялық талап бізде орын­далып жүрме деген сұрақ әр­кімнің көңілінде жүргені ешкімге құпия емес. 

Әртүрлі түсініктермен немесе күн­делікті жалпақшешейлік­пен емес, заңмен өмір сүретін мемле­кет қана өз қауіпсіздігін сақтай алады.
Барлық өркениетті елдерде мемле­кет­тік тіл мемлекеттің өмір сүруін, әлеу­­мет­тік тұрақтылығын қам­тамасыз ете­тін, халықты ортақ мүддеге бірікті­ретін, ұлтты ұйыс­тыра­тын негізгі күш. Бас­қасын былай қойғанда, көп ұлтты Ресей­де орыс тілінсіз ешкім мемле­кет­тік қызметке тұра алмайды. Бірақ ол үшін мемлекеттік тілді емес, өзін кінә­­лайды. Ал бізде бәрі бас­қаша – дау-дамай­дың бәріне мем­лекеттік тіл кінә­лі болып шыға келеді. 26 жыл­дың ішінде 26 сөз үйренбеген, тіпті үй­­рен­гісі кел­меген адамды осы елдің жа­на­­­шыры деп мойындауға бола ма? Егер жанашыры болмаса, ол қалай­ша жоғары қызметте жүр? Сұрақ көп. Ресейдің мемлекеттік тіл туралы заңын­да орыс тілінің міндетті тіл екені басып айтылған. Шын­дығына келсек, мем­лекеттік тілді білудің міндеттілігі әлем­дік деңгейде мойындалған нәрсе. Көп­­теген елдерде мемлекеттік тілді білмей­тін адамға азаматтық беріл­мейді. Бізде де мемлекеттік тілдің халықаралық нор­маға сай мәрте­бесі айқындалуы керек. Ешқан­дай шетел тілі бөтен елде мін­­детті тіл бола алмайды. Сондықтан олар­ды мемлекеттік тілмен қатар қойып, мемлекеттік бағдарламалар жасау негізгі тілдің дамуына көмектесе ме, әлде кедергі жасай ма деген сұрақ тудырады. Әрине, бұдан шет тілдерді білудің қа­жеті жоқ деген ұғым тумаса керек. Ағыл­шын тілін білуге толық жағдай жаса­йық, бірақ оны мемлекеттік тілмен қосақтап, қолдан проблема жасаудың қажеті бар ма? 

Ұрпақтан айырылып қалмау­дың тілден басқа негізгі жолдары – адамды, заңды сыйлайтын, өмір сүру­ге қолайлы қоғам құру, эконо­ми­каны, халықтың әл-ауқатын көтеру, білім беру жүйелерін жол­ға қою, жұмыссыздық, жемқорлық секілді бәле­лер­ден арылу, бүгінгі заман­­ның ғылымы мен техника­сын игеру. Өр­ке­­ниетті елден ешкім­нің кет­кісі кел­мейтіні өзінен өзі белгілі.

Жетпіс жыл бойы жасалған мұрамыз далада қалып қоймай ма деген де пікірлер айтылуда. Оған – араб әрпінен латыншаға, одан кирил­лицаға көшкенде қай асыл мұра­мыздан айырылдық деген қар­сы сұрақпен жауап беруге болар еді. Қажет нәрсе міндетті түр­де жаңа әріп­ке көшіріледі. Ал кезін­де жал­­ған идея­лар­мен талай ұрпақ­тың са­на­­сын улаған совет­тік қо­қыс неме­­се әдебиеттегі халтура­лар дала­­­­да қалып қоюы әбден мүм­кін, бі­рақ ол үшін өкінудің қажеті жоқ. Қай­­­та құтылғанымызға қуану керек.

Тағы бір айтылып жүрген әңгі­ме – латын әрпіне көшкен елдер тығы­рыққа тіреліп, қатты өкініп жүр екен деген жалған ақпарат. Өзбекстанда да, Әзербайжанда да елдің бүгінгі өміріне етене ара­ла­сып жүрген қайраткерлердің ішінен қатты өкініп жүрген ешкімді көре алмадық. Рас, қиындықтардың болғанын ешқайсысы жасырмайды. Реформаның қиындықсыз болмай­тыны әлдеқашан дәлелден­ген ақи­қат. Тек ендігі мәселе солар­дың тәжі­­ри­­­бе­­лерін сараптап, мүмкін­дігін­­ше қа­те­ліктерді қайталамауға тырысу.

Кейбір азаматтардың алдымен орфо­графияны, емлені жетілдіріп ала­йық, көшсек, сосын көшейік деген әңгімесіне ай­тарымыз мынау. Фонемаларды әріп­пен белгілеу, тыныс белгілерін анық­т­ау – бұл таза ғылымның еншісі. Ғылым үнемі жетілу, кемелдену негізін­де тоқ­таусыз дами береді. Қазір Тіл білі­мі инс­титутында латын әрпіне көшу­дің бәлен­бай нұсқасы жасалып, оның ішінде ең ыңғайлы деген нұсқасы дайын тұр дегенді айтады. Ендеше, орфографияны тек кириллица кезінде ғана емес, латын­шаға көшкеннен кейін де жетілдіре беруге әбден болады деп ойлаймыз. Бұл арада тілге тиек болып отырған рефор­маның тарихи, саяси мәні басым екенін естен шығармайық.

Латын әрпіне көшу − түбі бір, тарихы ортақ түркі халықтарымен жақын­дас­тыра түсетіні де маңызды факторлардың бірі. Олармен бірлесе отырып, гума­ни­­тарлық ғылыми-зерттеулерді жаңа сатыға көтеруге мүмкіндіктің молаяты­ны сөзсіз. Туыстас халықтардың ынты­мақ­тастығынан ешкім ұтылмайды. 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – латын әрпіне көшу ұлттың болашағына қатысты заман талабы. Ширек ғасыр асықпай жүрдік. Енді бұл іске белсеніп кірісетін кез келді деп есептейміз. Мем­ле­кеттік бағдарлама белгілі ғалым­дарды, сонымен бірге, тәжірибесі бар көрші елдердің мамандарын қатыстыра отырып, ұқыпты да, тиянақты түрде әзірленуге тиісті. Іске сәт!

Төлен Әбдікұлы,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты