Қазақстан • 29 Маусым, 2017

Ардақты ана есімі

865 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жалпы, адамзат ұғымында, адамдық қағида негізінде ананың орны әрқашан аяулы болған. Әсіресе, халқымыздың ананы ардақтап, айтқанына үнемі құлақ асып отыруы да қасиетті қағидаға беріктікті көрсетеді. Тарихтағы тағылым алар Айғаным, Зере сынды ақылман аналар да өзінен кейінгі аналарға үлгі болып, өнеге көрсетті. Мұның бәрі де рух пен сана арқылы жалғасатын ұрпақтар сабақтастығы болса керек.

Ардақты ана есімі

Қазақтың қарапайым ауылынан шығып, ақылы һәм парасатымен Алаш­ты таңдандырған аяулы аналар бей­несі та­рихымыздағы қымбат та қас­терлі бет­тердің бірі. Өзі дүниеге әкел­ген пер­зентін атаның емес, адам­ның ба­ласы болуға баулыған үлкен жү­рек пен кіршіксіз көңілдің көрінісі ұлт­тың бағына туған азаматтарды қа­лып­тастыруда, тәрбиелеуде тең­дес­сіз рөл атқарды. Сондай аяулы ана­лар­дың қатарында Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың анасы Әлжан ана да бар. 

Жамбыл облысының Қордай ауданына қарасты Қасық дейтін ауылда аты аңызға айналған ана дүниеге келген. Ғасырдан астам тарихы бар ауылдың табиғаты бір бөлек, қасиеті бір басқа. Ауыл­дың батысында ағып жатқан Шу өзені де керімсал даланың көркі. Шу өзенінің шұғыласына шынар шағынан шо­мылып өскен Әлжан ана далалық дег­дарлықты, ұлттық тектілікті бойына сіңірді. Әкесі Бұқарбай мен анасы Дүр­ияның да болмысы бөлек, рухы биік жандар болған. Ал ағасы Бөлеген кезінде сол Қасық колхозын басқарған екен. Ол кісінің ауылға мәдениет үйі мен мектеп салдырған жақсылығы күні бүгінге дейін ел жадында. Сондай-ақ, ұлттың басына нәубет төнген ашар­шылық жылдары да елге адал ең­бек етіп, жоқшылық тақсыретін тарт­қан­дарға көмек көрсетіп, азаматтық жа­сайды. Міне, осындай азаматтардың еңбегінің нәтижесінде Қасық ауылы бүкіл Одақ көлеміне белгілі болады. Кей­іннен жергілікті партия ұйымы Бөлеген Бұқарбайұлын әуелі Красногор ауданындағы Ворошилов колхозына партия ұйымының жетекшісі етіп қызметке жібереді. Одан соң аудандық партия комитетінің нұсқаушысы етіп тағайындайды. Бірақ, замана ағымы бір орнында тұрмай, дәуір тынысы тарылғандай уақыт келеді де, елдің игі жақсыларының қатарында Бөлеген кісі де «халық жауы» деген жалған жаламен ұсталады. Бұл өте бір қиын кезеңдер еді. Осындай тауқыметті тағдырды бастан кешкен Әлжан ана Шамалғанға келіп, сол жерде жол салушылардың бригадирі болып жүрген Әбіш Назарбаевпен танысады. Әр нәрсенің қадірін білетін азаматтар тағдыр тоғыстырып, қызылша мен бидай егеді. Сөйтіп, нәсібін адал ең­бекпен айырған отбасы қазақы қа­лып­­тан, ұлттық ұстанымнан айнымай ғұ­мыр кешеді. 

Елбасы жайында түсірілген «Ба­ла­­лық шағымның аспаны» көр­кем ­фи­льмінде Әбіш ақсақалдың ең­бек­қор­лығы мен кісілігі, өзгеге қам­қор­лығы айрықша көрінеді. Әсіресе, тағ­дырдың жазуымен жер ауып келген өзге ұлт өкілдеріне туғанындай қам­қор­лық жасауы да азаматтықтың бел­гісі болса керек. Әкенің осы бір аб­зал қасиеті кейіннен ұрпағының бой­ын­­да жаңғырып, жаңаша қуат алды. Әке мен анадан дарыған еңбек тура­лы тәмсілді Нұрсұлтан Әбішұлы өзі­нің «Әділеттің ақ жолы» кітабында өр­нек­теп жазады. «Соғыстан кейінгі ке­зең, қырқыншы жылдардың аяғы мен елуі­н­ші жылдардың бас кезі. Анам колхоздан күтіп-баптауға бір гектар қызылша алады. Көктемнен бастап алғашқы қар түс­кенге дейін бір толастамайтын азап ең­бек. Тұқым сепкеннен кейін ми қай­нат­қан ыстық күн астында бел жазбай жүріп, осынау гектардағы егісті сиретіп қолмен жұлуды елестетіп көріңізші. Бұл ғұмыр бойы есте қалады. Ал ақырында қызылша тамырлап, піскен кезде оны үлкен пышақпен тазалап, тиеп, өткізіп, содан соң Боралдай қант зауы­тына барып, бір жарым қапшық қант алу үшін кол­хоздан берілетін анықтамаға қол жет­кізу керек. Еңбеккүніңе алатының сол ғана, ал ақшалай соқыр тиын да төл­енбейтін» деген естеліктен еселі ең­бек пен бес батпан бейнеттің нақ өзін кө­руге болады.

Абыз туған, аңыз тұнған өлкеде сөз өне­ріне құлықсыз болу мүмкін емес. Әлжан ана да ақындығымен, шешен­ді­­гімен, тапқырлығымен халықтың құр­­метіне бөленген жан болыпты. Тағ­дыр­д­ың түрлі сынақтарына тап келсе де мойымаған қайсар жанның бұл қасиеті қазақ қыздарына тән тектілік пен имандылықты көрсетеді. Нұрсұлтан Әбішұлы бір сұхбатында ана туралы толғанысын «Өзі қарапайым, сауаты жоқ адам болса да өмірден үйренгені, көр­ген-білгені көп анам әр уақытта көз алдымда, жүрегімді елжіретіп тұ­ра­ды. Қиын шешімдер қабылдар кезде тү­сі­ме кіріп, ақыл беріп кетеді», деген жү­рек­жарды сөздермен жеткізеді.    

Әлжан ананың қасиеті мен өсиеті жайында да ел арасында тағылымды естеліктер сақталған. Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет Әлжан ана туралы ойын «Ақын да, батыр да, жыршы да шыққан қасиетті Қордай жерінде дүниеге келген Әлжан ана расында тегін жан емес еді. Сол кездері «Ән тыңдасаң Қасыққа бар, қыз алсаң Қасықтан ал» деген сөз шыққан. Ол кісі әнді нақышына келтіре орындайтыны өз алдына, әзілге ұс­талығымен, айт­қыштығымен, ше­шен­дігімен, тапқыр­лы­­ғымен ауыл­дас­тарының арасында ерекше құрметке бөленген, жаны жай­саң, мінезі жайдарлы жан болған екен. Елінің бағына біткен баланы өмірге әкелу ана үшін қандай бақыт десеңізші. Осындай ана­ларды қалай құрметтесек те жа­ра­сады», деп сабақтады. Ал Қа­сық ауылынан шыққан тағы бір азамат, он сегіз жыл шопан, жиырма екі жыл ферма басқарған Тұрғанбек Тұ­рысбаев өткен күнге шегініс жасап, естен кетпес естелігімен бөлісті. «1956 жылы оқу бітіріп, Алматыға келдім. Бі­рақ оқуға түсе алмаған соң, Ша­мал­ған­дағы құрылыс техникумына оқуға қа­был­дандым. Сонда Шамалғанға атақты биші Шара Жиенқұлова келіп, бір әде­мі өнер кеші болған. Техникумда оқып жүргенімде, ауылда тұратын Иван Айдапкелов деген жігіт маған «Шамалғанда менің туыстарым тұрады. Әпкемнің аты Әлжан. Нұрсұлтан деген жиенім бар. Қаласаң, сол үйге барып тұруыңа болады» деді. Содан Шамалғанға келген соң, Әлжан әпкейді іздеп, ақыры үйіне бардым. Ол кезде халықтың жағдайы нашар еді. Соғыстан кейін елдің оңала қоймаған шағы. Бірақ соған қарамай Әлжан әпкеміздің айран бергені әлі күнге есімнен кетпейді. Ол кісінің қолынан талай дәм таттым. Өте жақсы адам еді. Үйден кетерімде Нұрекең маған өзінің суретін сыйлады. Суреттің сыртына «Қымбатты досым Тұрғанбекке шын досы Нұрсұлтаннан!» деп жазыпты. Бұл сурет менде әлі күнге дейін сақтаулы. Көрген сайын жүрегім елжіреп, көңілім өседі. Кейіннен мен Нұрсұлтан Әбішұлымен үш рет кездестім. Маған естелікке сағат сыйлады», дейді бұл күнде сексеннің сеңгірінен асып отырған ақсақал.  

Жақсының аты өлмейді. Құрылғалы бері Қасық деп аталып кеткен ауылдың не себепті бұлай аталғаны жайында нақты айта қою қиын. Бірақ талай жақ­сы мен жайсаңды дүниеге келтірген ел­дің иесі, жердің киесі екені анық. Бү­гінде ел құрметтеген азаматтардың атын­да ауылдан бастап көше, мектептер бар. Халық өзі топырағында туып, тамырын тартқан тұлғаларға деген ілтипатын осылай білдірсе керек. Ендігі жерде ауыл тұрғындары да Қасық ауылын Әлжан ана ауылы деп атасақ деген ойларын жеткізді. Аяулы ананың дүниеге келген жері де айбынды, ажарлы. Және қазақтың қайраткер ұлын дүниеге әкеліп, тәрбиелеген ардақты ананың есімі әрдайым ел есінде.  

Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»  

Жамбыл облысы