Тәрбие • 29 Маусым, 2017

Онлайн-озбырлықтан қалай сақтануға болады?

321 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінгінің баласы үйден шықпай-ақ, көзге көрінбейтін кесірге ұрынып қалатынын ұға бастадық қой. Қазіргі таңда компьютерде омалып отырған баланы онлайн-озбырлықтан сақтандыру үшін әр мемлекет өз бетінше шаралар қабылдауға мәжбүр болуда. Көрші Ресей балалар мен жасөспірімдерге әлеуметтік желілерге кіруге шектеу қоюды заңдық тұрғыда реттеуге кірісті.

Онлайн-озбырлықтан қалай сақтануға болады?

Қысқасы, замананың кө­кей­кес­ті мәселесіне орай, «Кас­пер­с­кий зертханасы» +18 ақпарат, әлеу­мет­тік желі­лер­дегі қауіпті топтар, онлайн-қудалау төңірегінде іргелі зерт­теулер жүргізіп, интернеттен ке­летін кесапаттар туралы ресми мәлімдеп отыр. 

Былтырдан бері 21 елде сауалдама жүргізген «Касперский зерт­ханасы» зерттеуіне қарағанда, Қазақ­стан­да ата-аналардың 57 пай­ызы бала­ла­рының интернетке тәуелді болуынан қауіптенеді. Жә­не балаларының әлеу­меттік же­лілерден жасына сай кел­­мей­тін ақпаратты қарайтынына алаң­дай­ды. Өкініштісі, жағдай осындай болып тұрғанына қарамастан, әлі де маңдайына тимеген әке-ше­шенің көпшілігі балалардың интернет-қауіп­сі­здігіне жеткілікті көңіл бөлмейді. Ал Қазақстандағы ата-аналардың 18 пайызы өз ба­лаларының желідегі іс-әрекеті жай­лы ештеңе білмейді. Мұны нақ­ты зерттеулер айғақтап отыр.

Не десек те, интернеттің кіш­к­ен­тай қонақтарын торуылдайтын қа­ра ниетті топтар жеткілікті. Үй­дегі жеткіншек ұл мен қыз +18 кон­тентімен кездейсоқ немесе әде­йі кезігуі мүмкін. Бұл жер­­де әңгіме порнографиялық па­­рақ­ша­лар туралы ғана емес, есір­ткілер мен су­ицид, зорлық-зом­былық көріні­с­тері мен қауіпті хоб­би туралы да бо­лып отыр. Әлеу­меттік желілерде жас­өс­пі­рім­дер бейтаныс адамдармен жиі сөй­леседі. Мұның өзі оларға қау­і­п төндіреді: монитордың арғы жа­ғын­да отырып алып, баламен оның құрдасы ретінде танысатын адам­ның кім екені беймәлім. Ата-ана­ның ойынқұмарлық, фишинг, зи­янды бағдарламалар си­яқты ере­сек­­терге тән дерттердің ба­ла­ларға да оңай ауыз салатынын қаперде ұс­тағаны абзал. 
«Касперский зертханасы» са­рап­шылары Қазақстандағы жас ин­тернет-қолданушылар қы­зы­ға­тын жайттарды зерттей келе, олардың интернет-бел­сенділігінің 77 пайызы қарым-қаты­нас құрал­да­рына, яғни көп жағдайда әлеу­­меттік желілерге қатысты еке­нін анық­тады. Қазақстандағы нө­мірі бірін­ші әлеуметтік желі – «ВКонтакте» (оған барлық осын­дай сайтқа кіру көле­мі­нің 65% тиесілі). Салыстырар бол­сақ, «Одноклассникиге» әлеуметтік же­лілерге қосылудың жалпы кө­лемінің 25%-ы, Facebook-ке тек 6%-ы тиесілі. Әр алуан қауіп-қа­тер­дің басым бөлігі жоға­ры­дағы әлеу­меттік желілерде шо­ғыр­лан­ған. Балалар үшін кең тараған әрі жылдам күшейіп келе жатқан қауіп. 

Сорақысы сол, «ВКонтакте» же­лі­сін­дегі есірткілер, алкоголь, қа­тыгездік, анорексия, порно, суи­цид, қару-жарақ жайлы ақ­па­ра­тта­ры бар топтар мен «впискалар» қа­зір оңаша үйде өтетін кештерде та­нымал және оған кей жағдайда кез келген адам қатысуы мүмкін. 

«Бір жағынан алғанда әлеу­мет­тік желілер балалар үшін сон­ша­лықты қауіпті емес. Керісінше, бұл – олардың өз құрдастарымен қа­рым-қатынасы мен әлемді танудың ерекше әдісі. Бірақ өмірлік тәжірибесінің жоқтығынан ба­лалар әлеуметтік желілердегі қара ниет­ті әрекеттердің келеңсіз салдарына ұрынып қалатынын ұға бермейді. Бұл жайт баланың пси­хологиясына, жеке басының қау­іпсіздігіне қатер төн­діруі мүм­кін», – дейді «Касперский зер­т­­ханасының» балалардың ин­тер­нет-қауіп­сіздігі жөніндегі са­рап­шы­сы Дарья Лосева. – Оның өзінше, ата-ана­лард­ың негізгі міндеті – ба­ла­ға әлеуметтік желілер арқылы кім­мен сөйлесуге болатынын, кіммен сөй­лесу өте қауіпті екенін үйрету ке­рек. 

Осы мәселеге орай мамандар бала­ла­рға онлайн-озбырлыққа душар бол­мау­дың жолын үй­ре­тетін Kaspersky Safe Kids сияқты арнайы бағдарламалар бар екенін алға тартты. Ерінбей қараса, мұн­дай бағдарламалар ересектерге на­ғыз қауіп-қатерді дер кезінде бай­қауға да көмектеседі.
«Мен «Синий кит» және басқа да топтар пайда болғанда интернет қауіп­сіз­дігі туралы ойлана бастадым. Ең ал­дымен үлкен ұлыммен сөйлестім. Бұл жайында балалар 9-10 жасқа келген­де әңгімелесуге болады деп ойлай­мын. Баланың әлеуметтік желідегі уақытын шектеуге болады. Теріс пиғыл­ды топтардың қандай болатынын, нені қарауға болмайтынын, қандай сілте­ме­лерді мүлдем ашпаған дұрыс еке­нін түсіндіру қажет. Желіде баланың әре­ке­тін ұрыс-керіске ұластырмай, байыппен бақылаған дұрыс. Сондықтан бала­ның қандай сайттарға қашан кір­генін білуге мүмкіндік беретін бағ­дар­ла­­маны қолданған өте тиімді. Оны тал­­да­ғанда, қандай да бір әрекеттердің ал­дын алуға бо­­лады», – дейді интернет-қол­да­ну­шыларды қорғау талпынысын қол­­дайтын белгілі журнали­ст, қо­ғам қайраткері Жанна Ахметова. 

Осы мәселені бұқарамен бөлісу ке­­рек деп есептеген мамандар БАҚ өкіл­дерімен өткен кездесуде «Кас­п­ер­­ский зертханасының» шешім­дер қо­рында балаларды интернетте қор­ғау­ға бағытталған Kaspersky Safe Kids өнімі, сонымен қатар, барлық құрылғыға ар­налған Kaspersky Internet Security-де және «Ата-ана бақылауы» ат­ты модуль бар екенін айтады. Бұл бағдарламалар ата-аналарға құ­рыл­ғының пайдалану уа­қы­тын бақылауға, интернетке кіру кес­те­сін реттеуге және ба­ланың өз гаджетін қол­дануға ке­тіретін уақытының есебін алу­ға көмектеседі. Бұған қоса, баланы ересектерге арналған контентті қарау­дан қорғап, ата-ананы кибербуллинг бел­гілері арқылы хабар­дар етіп отырады. Шалынған қо­ңыраулар, СМС-тер мен тағы бас­қа­лардың статистикасын ұсынады. Жуырда Kaspersky Safe Kids-те баланың «ВКонтакте» әлеу­меттік желісіндегі топтары мен пабликтарына мониторинг жүргізу қызметі пайда болған.    

Айнаш Есали,
«Егемен Қазақстан»

Алматы