Кеше 1/8 финалда түске дейін екі боксшымыз қолғап түйістірді. Біреуі – 64 кило салмақта Данияр Елеусінов, екіншісі – 81 килода Әділбек Ниязымбетов, үшіншісі – 75 килодағы Данабек Сужанов. Осы боксшыларымыздың ішінен соңғы екеуі Олимпиадаға жолдама алды. Ал біздің бірінші кездесуіміз өкінішке қарай, сәтсіз өтті. Данияр Елеусінов мажар боксшысы Гьюла Кэйттен жеңіліп қалды. Кездесуде мажар 17:11 есебімен жеңіске жетті. Даниярдың қарсыласы 2009 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Бұған дейін оның 2009 жылы Миланда Рустам Сыбайды, былтыр Анталияда өткен халықаралық жарыста Әділбек Елгезековты ұтқан еді. Енді, міне мажар әлем чемпионатына алғаш рет қатысқан боксшымыздан айласын асырып кетті. Бұл боксшының бәсекеде кем дегенде тағы да қола медальді жеңіп алуға мүмкіндігі бар. Ал Данияр болса, жекпе-жегіне тағы да қызуы көтеріліп шыққанын айтты. Кездесуден кейін: «Мен қолдан келгеннің бәрін жасадым. Мүмкін денсаулығым да жеңуге мүмкіндік бермеген шығар», – деді ол.
Қалай дегенде де мажар боксшысының жақсы кездесу өткізгенін мойындау керек. Мұны біздің бас бапкер Айтжанов та мойындап отыр. «Кездесуде жеңілгені көрініп тұрды ғой. Енді келесі жылы сәуірде Астанада өтетін лицензиялық жарысқа дайындалу керек. Данияр сол жерде жолдама алады. Ол Лондонға бару керек», деген пікірін айтты.
Кеше Елеусіновтің кездесуінен кейін 81 килода Әділбек Ниязымбетов ұлттық құрамаға әлем чемпионатындағы алғашқы лицензияны сыйға тартты. Колумбиялық Джейсон Монроймен кездесуде Әділбек екінші раундтың 2 минөті 20 секөнтінде қарсыласын оң қолмен нокаутқа жіберді. Осы кезде колумбиялық рингте бір минөттей жатып, орнынан тұра алмады. Бәріміздің жанарымыз шаршы алаңда. Ниязымбетов қарсыласын нокаутқа ұрып, құлатыпты. Төрешілер әділ бағасын берді. Нокаут есептелді.
Бакудегі бокс кешінде 75 кило салмақтағы кездесуде біздің құрамаға Данабек Сужанов жолдама алып берді. Ол АҚШ өкілі Джесси Хартты жеңді.Бұл кездесуде оған алдыңғы екі жекпе-жек сияқты оңай болмағанын айту керек. Дегенмен екінші раундтан кейін есеп 9:9 болғанд боксшымыз намысқа тырысып, жеңіске жетті. Есеп – 17:15. Енді ол ширек финалда бразилиялық Эскьюва Фалькаомен кездеседі. Әлем чемпионатына Елеусінов, Ниязымбетов сияқты алғаш рет қатысып жатқан боксшымызға сәттілік тілейміз. Одан кейін басқа салмақтарда Серік Сәпиев (69 кило), Ғани Жайлауов (60 кило), Василий Левит (91 кило) пен аса ауыр салмақтағы Иван Дычко қолғап түйістірді. Олардың кездесулері кешкі бағдарламада өткендіктен бұл репортажға кіргізуге үлгере алмадық.
Дастан КЕНЖАЛИН – Бакуден.