Францияның Ренн қаласында Алматы қаласының мәдениет күндері болып өтті. Қалалық «Morpa» саябағынан Алматы аллеясы ашылып, онда әйгілі қазақ апортының өскіндері отырғызылды.
Әсем Алматының атын иеленген аллеяның салтанатты ашылу рәсіміне Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов, Қазақстан Республикасының Франция мемлекетіндегі Төтенше және өкілетті елшісі Нұрлан Дәненов, Ренн қаласының мэрі Дэнил Де Лаво, вице-мэр Розелин Ле Франсуа ханым және бауырлас қатынастар комитетінің төрағасы Тьерри Либрих мырзалар қатысты.
Осы шара аясында Реннің Shambres Liberte кешенінде қазақ ұлттық қолөнер туындыларының көрмесі мен жәрмеңкесі өткізілді. Көрермендерді әсіресе қазақтың киіз басу, саз балшықтан ыдыс жасау, алаша тігу және ши тоқу секілді ұлттық өнері ерекше баурады.
Француз жеріндегі Алматы мәдениетінің күндері «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен «Арнау» ансамблінің және Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айгүл Қосанова, Абай атындағы опера және балет театрының солистері Альфия Кәрімова мен Медет Шотабаевтардың қатысуымен өткен гала-концертпен аяқталды. Shambres Liberte кешенінің сахнасынан Құрманғазы мен Нұрғисаның, сондай-ақ француздың әйгілі композиторларының күйлері шашу боп төгілді.
Қанат ЕСКЕНДІР,
Алматы.