05 Қазан, 2011

Құлашын кеңге сермеген

357 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Қазақстан: Тәуелсіздік пен инновацияларға 20 жыл» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Өр Алтайдың төріндегі білім бе­рудің қарашаңырағы Сәрсен Аман­­­­­жолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіне 20 жыл толып отыр. Тәуелсіздікпен төл құр­­дас білім ордасының 8 факультетінде 12 мыңнан астам студент оқып жатыр. Оларға 1300 ғылым док­тор­лары мен ғылым канди­дат­та­ры, PhD докторлары білім беруде. Ол ол ма, қазіргі күні оқу орнында кредиттік технология бойынша үш­са­тылы жү­йе шеңберінде: бакалавр-магистр-доктор, 47 мамандық бойынша жоғары кәсіби білім және 20 мамандық бой­ынша жоғары оқу орнынан кейінгі білімге даярлық жүргізіледі. Білімдегі сапаны қам­та­масыз ету бой­ынша Тәуелсіз Қа­зақстан аген­ттіг­і­нің бас рейтингісі бойынша 2008 жы­­лы ШҚМУ Қа­зақстанның 60 жо­ғары оқу орны арасында 6-шы ор­ын­ға табан тіреді. Ал 2009 жылы ШҚМУ әлемнің 600 жетекші университеті қатарында Университет­тер­дің Ұлы Хартия­сы­на қол қойды және олармен қатар Болония үрді­сінің принциптерін қол­дауға міндет алды. Негізінде Өскемен педаго­ги­ка­лық институты базасында(1952 жы­лы) бастау алған университетте жыл сайын халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар тұ­рақ­ты түрде өтіп келеді. Ал бұл жолғы іс-шара ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында өткізілді. Оны ҚР Білім және ғылым министірлігі, С. Аманжолов атындағы ШҚМУ және Шығыс Қазақстан об­лысының әкімдігі бірлесіп өткізді. Конференция басталмас бұрын оқу орнының бесінші корпусында «Фолиант» бас­пасы мен Өскемендегі кітап сатушы ұйымдардың кітап жәр­меңкесі өтті. Белгілі қаламгер, жерлесіміз Кеңес Юсуп өзінің аударма жайлы үш томдық кітабының тұ­саукесерін жасады. Қаламгер аударма төңірегінде өзінің көп жылғы тәжірибесін ортаға салып, оқыр­ман­дардың сауалдарына жауап қай­тарды. «Фолиант» баспасының ди­ректоры Нұрлан Исабеков кітап жәрмеңкесінің Өскеменде бастау алғанын, бұдан кейін еліміздің бір­қатар облыс орталықтарында өте­тіні жайлы хабардар етті. Аталмыш баспадан жарық көрген түсті метал­лургия, ауыр өнеркәсіп, ауыл ша­руашылығы, химия, мәдениет, бас­қа да салалары туралы шыққан кітаптар сәнді әрі сапалы. Үш күн бойы кітап жәрмеңкесінде өнер­кә­сіп орындарының басшылары, жо­ға­ры оқу орындары мен колледж­дер­дің ұстаздар қауымы қажетті кітаптарға тапсырыс берді. Кітап жәрмеңкесін өткізу арқылы университет басшылары оқырмандардың өтінішін орындай алған. Республикалық ғылыми-тәжі­ри­белік конференцияны ШҚМУ рек­торы, филология ғылымдарының докторы, профессор Бейбіт Мамраев ашып, қатысушыларды қос мерекемен құттықтады. – Қазақстан Республикасы Жо­ғарғы Кеңесі 1991 жылы 16 жел­тоқсанда «Қазақстан Республ­и­ка­сы­ның мемлекеттік тәуелсіздігі ту­ралы» Конституциялық Заңды қа­былдады. Бұл тарихи оқиға – қазақ халқының ғасырлар бойындағы мүд­десі мен үмітінің орындалу нә­тижесі. Қазақстан қысқа мерзім ішінде мемлекет негізін қалаушы Н. Ә. Назарбаевтың көреген саяса­ты­ның арқасында қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті, ауқымды саяси, экономикалық және әлеуметтік ре­формаларды сәтті жүзеге асырған, өзіндік қазақстандық даму жолын таңдаған мемлекетке айналды. Бү­гінгі күні еліміз Орта Азиядағы қауіпсіздікті нығайтудың ең ма­ңызды бөлігі ретінде қаралады. Қа­зақстан ТМД мемлекеттері ара­сын­да оңды өзгерістердің танылған көш­басшысы болып есептеледі. Қа­зақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мына, ал үстіміздегі жылы Ислам ынтымақтастық ұйымына төр­ағалық етуі – халықаралық алаң­дағы өскен беделінің көрсеткіші, – деді университет басшысы. Ректордың айтуынша, жоғары оқу орны заман талабына сай жаңа үрдістерді қолданып, жастарға те­рең білім беруде тың ізденістерге қадам жасауда. Университеттің Моң­ғолияда қазақ филиалы жұмыс істеп тұр. Қытай, Оңтүстік Корея, басқа елдердің азаматтары осында тегін білім алып жатыр. 15 студент Еуропа елдерінде білімдерін жетілдіруде. Бүгінгі жиынға Фон-Карман атындағы гидродинамика инсти­ту­ты директорлар кеңесінің төрағасы, белгілі ғалым Жан Пьер Контцен, археолог Зейнолла Самашев, еліміздегі жоғары оқу орындарының рек­торлары, Бельгиядан, Ресейден, Кореядан, Германиядан және Қырғыз­стан­нан келген ғалымдар қатысты. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сөз алып, маңызды шараға қатысушы деле­гаттарды құттықтады. «Кенді Ал­тайдағы білім шаңырағына келер жылы 60 жыл толады, ал университет атауына ие болғанына – 20 жыл. Тәуелсіздікпен төл құрдас білім ордасы ұжымына алдағы уақытта табыс тілеймін» – деді өңір бас­шы­сы. Бұдан кейін сөз алған ғалымдар жоғары оқу орнының қоғам өмі­ріндегі рөлі, Тәуелсіз Қазақ­стан­ның 20 жылында қол жеткен табыстары жайлы өз ойларын ортаға салды. Ел тәуелсіздігінің рухани бастаулары туралы да айтылып, ұрпақтар са­бақтастығы, мәдени құндылықтар жайлы да пікірлер ортаға салынды. Барлығы алты тақырыпқа жүр­гі­зілген дөңгелек үстелде патриотизм және демократия үрдістері, мәдени және адамгершілік құндылық­тар­дың құнсыздануы көптеген ғалым­дардың пікірінше жүйелік дағ­да­рыстың, оның ішінде – ғаламдық қаржы-экономикалық дағдарыстың да басты себебі екені назардан тыс қалмады. Тіпті гуманитарлық сала, техника, жаратылыстану мәселе­ле­рі де конференцияда жан-жақты сөз болды. Кеш соңында үздік ұстаздар мен университетке ұзақ жылдар адал қызмет етіп келе жатқан ардагерлерге құрмет көрсетіліп, ән мен күйден шашу шашылды. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Өскемен. Суретте: конференциядан көрініс.