
«Түрікменстанда газдан энергия алу шаралары кеңінен дамыған. Бізде қуатты газ турбинасы салынды. Электр желілері тартылуда. Соның арқасында энергияны шетелге сатуға мүмкіндік бар. Түрікменстанның ұлттық күнінде біз барлық қазақстандықтарды өз павильонымызға шақырамыз. Ол жерде түрікмен халқының баламалы энергия саласындағы жетістіктерімен танысуға болады», деді Түрікменстанның сауда-экономикалық палатасы төрағасының орынбасары Дәулеткелді Режепов.
Павильонда экологиялық электр стансасының жобасымен танысуға мүмкіндік бар. Ол Түрікменстанның оңтүстігінде салынып жатыр. Сонымен қатар, онда Гиндукуш су-электр стансасының макеті орналасқан. Аталған стансаның жұмыс істеп жатқанына 100 жылдан асыпты, тіпті біраз құрал-жабдықтары сол кезден бері әлі сақталған.
Павильонның тақырыбы – «Табиғат – шексіз энергияның көзі». «Баламалы энергияны Қарақұм шөлінде көптеп өндіруге болады. Бұдан бөлек, біздің ғалымдарымыз экологиялық таза ферманың үлгісін ойлап тапты», деді Д.Режепов.