Алпысбай ағамызбен киелі Жуалының (Жамбыл облысы) «Тесіктас» ауылында кіндік қанымыз тамып, қызықты балалық шағымыз бірге өтті. Үш-төрт жас айырмашылығымыз болғанымен қатар-құрбы сияқты ойынымыз тең, қалжыңымыз жараса беретін. Алпекең арқа сүйеп өскен ағаларымыз Пернехан, Баймахан (марқұм), Жексенбай (марқұм), Ергенбай, Беспай барлығы бір сыныпта оқитын. Шымырбай атамыздың көше жақ ауласы кең болғандықтан сабақтан кейін бар бала сонда жиналатынбыз. Алпысбай да бар баланы өзіне тартып, үйіріп ала қоятын. Сабағы өте жақсы, кітапты көп оқитын болғандықтан, білетіні де баршамыздан басым. Атамыздың жалғыз ұлы болғандықтан ба, әйтеуір, ата-анасы Алпысбайды үйден ұзатып шығармайтын.
Әлі есімде 1966 жылы еді, Алпысбай 6-сыныпты бітіргенде, бүкіл ауыл-аймақ болып уылдап-шуылдап Бүкілодақтық дәрежедегі «Артек» пионер лагеріне шығарып салдық. Күллі Кеңес Одағының ең үздік оқушылары жазғы каникулда сайран салып, демалып қайтатын ондай пионер лагерінің барын да сонда естідік. Ол жайында өңіміз түгілі түсімізде көрмегенбіз. Сол-ақ екен аудандық, облыстық газеттер, бәріміз басымызға жастанып оқитын «Қазақстан пионері» газеті мен «Балдырған» балалар журналы Алпысбай Шымырбаев туралы жарыса жазды дейсің! Алпекеңнің болашақ өмір жолы бәрімізден басқаша боларын ауыл балалары сонда алғаш рет сездік. Тегінде Алпекеңнің болмысы басқа жан еді...
Баламен бала болып ойнап, үлкендермен үлкен кісіше салмақты әңгімелесетін ағамыздың әрбір қылығына қызығып, соған ұқсап өсуге ынтығатынбыз. Бала Алпысбай ең алдымен алғырлығымен ерекшеленді. Алгебра, геометрия, физика пәндеріне өте зеректігі өз алдына, республикалық «Қазақстан пионері», «Спорт» газеттерінде мақалалары жиі жарияланатын. Пошташы Білісбек атамызды ауыл балалары қырдың басынан жүгіріп барып күтіп алатынымыз да есімде. Өйткені, күнделікті газеттерде Алпысбайдың ең кемі әйтеуір бір мақаласы жарияланатын. Жабылып, жарысып, таласып оқимыз. Алпекеңнің тілі де оқуға жеңіл, оқиғаны қаз-қалпында әдемі бейнелеп, баяндап жазатын. Оның болашақта журналист, зор жазушы болатынына сол кезде-ақ күмәніміз қалмаған.
«Қайрат» футбол командасының дүрілдеп тұрған шағы, екіге бөлініп доп қуамыз. Бас ұйымдастырушы да, бас ойыншы да Алпысбайдың өзі! Әрқайсымыздың ойын-өрнегімізге қарап, арқамызға бір-бір нөмірді таңып, футболшылардың есімін беріп қоятын... «Сен Тимур Сегізбаевсың, сен Сейділдә Байшақовсың, сен Квочкинсің...». Ол кезде ауылда телевизор жоқтың қасы, радиоқабылдағыштан берілетін «Қайраттың» ойыны туралы репортажды тыңдау үшін де Шымырбай атамыздың үйінде жиналып, Алпысбайды айналып отырушы едік.
Бірде басымыздан мынандай қызық жағдай өтті... Жазғы каникулдың кезі. Әдеттегідей «Қайраттың» ойынынан репортаж тыңдау үшін ауыл балалары тайлы-таяғымыз қалмай Алпысбайдың үйіне жиналдық. Жанымызға батқаны – Алпысбайдың үйінің жанындағы бағанада радиобайланыстың сымы үзіліп жерде жатыр екен. Радиорепортаж басталуға уақыт таяп қалды, жылап жібере жаздадық. Жалаң сымды жалаң қолмен ұстап, жалғай салуға батылымыз жетер емес, ток ұрады дейміз де, оның жерде жатқан сымда бар-жоғына тағы сенбейміз... Не істерімізді білмей абдырап тұрмыз. Алпысбайдың қандай бір сәттерде тығырықтан шығу үшін ойлап табатыны болушы еді деп, жалтақтап ағамызға қараймыз. «Таптым» деді кенет Алпысбай. Шымырбай атамыздың оқта-текте тепеңдетіп мініп жүретін өте жуас әрі біз мінсек аттап баспайтын қыңыр есегі ағаштың түбінде ертеңнен кешке дейін көлеңкеде байлаулы тұрушы еді. Алпекең есекті күштеп тартқылап, ортамызға таяу алып келді. Жедел бұйрық бойынша Ергенбай мен Пернехан қураған бұтақты сындырып әкелді. Сөйтсек, Алпекең радиосымдағы онша қуатты емес токтың бар-жоғын есектің құлағына тигізіп тексермек екен. Әншейінде солқылдаған шыбықпен сабалап ұрып жүргізе алмайтын есегіміздің құлағына сым тигендегі жайын көрсеңіз. Жұп-жуас есек аяғын аспанға сермеп, мөңкіп-мөңкіп, ауланы айнала құйындатып шауып кетті, ал ұстатсайшы... Бала біткен қырын-топан күлкіге батты. Ішті басып, ішек-сілеміз қатып жерге аунап жатырмыз... «Қайраттың» футболы жайына қалды. Иә, балалар жазушысы Алпекеңнің – біз білетін Алпысбай Шымырбаевтың, балалық шағының әр күні осындай қызыққа толы болушы еді, бәрі көз алдымызда.
Жазушылар одағында жазушы, бала тілінің ғажайып шебері Алпысбай Шымырбаевпен қоштасу митингісі өтіп жақанда кешегі бала Алпысбайдың біз білмейтін өмірдегі тағы бір қыры ашылды. Үндістанның Қазақстандағы елшісі «Алпысбай Шымырбаев – Қазақстан мен Үндістанның достығы мен ынтымақтастығына алтын көпір болып еді» деп тебірене сөйледі. Бойындағы бар қылығы баладай, дарқан көңілі даладай Алпысбай Шымырбаевтың екі ел арасындағы достық дәнекері – «Ғажайып Үндістан» журналын шығарғанына биыл 25 жыл толады екен. Елшінің сөзінен ұққаным, Қазақстандағы 200-ге таяу үнділік компания Алпысбайдың журналының 25 жылдығын бар пәрменімен атап өтуге дайындалу үстінде... Әттең, әттең... талантты қаламгер Алпысбай ағама сол бір инемен құдық қазғандай қасиетті еңбегінің рәтін көретін күнді жазбапты. Алпысбайдың бейкүнә баладай момақан жүзі, сабырлы да салмақты мінезі, асықпаған балпаң жүрісі ғана көз алдымызда қалып қойды. Қайран, Алпекең!
Рахымжан НҰРБЕКОВ,
заңгер-кәсіпкер
АЛМАТЫ