05 Қазан, 2011

Дауыс

362 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ақын, жазушы, журналист Базарбай Исаев көзі тірі болғанда биыл 70-ке келер еді. «Социалистік Қазақстан» (бүгінгі «Егемен Қазақ­стан») газетінде 1970-1977 жылдары қызмет атқарған қаламгердің «Отызыншы көктем», «Ақ жауын», «Ақ қайнар», «Көктем шерткен күй», «Бақыт құсы», «Қауышу мен қоштасу», «Сезім селі», «Мөлдір», «Арайна», өлеңдер жинақтары, «Өң мен түс», «Жігіт пен жендет», «Боздаланың бұлбұлы» сияқты прозалық кі­таптары кезінде жұртшылық тарапынан жо­ғары баға алған еді. Ақын тақырыбының ау­қымы кең: отан, туған жер, табиғат, сұлу­лыққа іңкәрлік, оның әр өлеңінің арқауы десе де болады. Біз бүгін Базарбай Исаевты еске ала оты­рып, ақын­ның архивіндегі бірнеше өлеңін оқыр­ман наза­рына ұсы­ну­ды жөн көрдік. Батырдың  арманы Боздалада бозторғай Боз дауыспен боз ән сап Жүрегіміз езіліп, Қабырғамыз сөгіліп, Боздауына төзе алсақ. Балқан асқан ел-жұрттың Жоқтау салған үніндей Барша халық бақыты Ұшып кеткен білінбей. Тағдыр артқан мойынға Тас қамытты лақтырып Дұшпан қанын хауыздың Суындай көкке шаптырып, Ата жауға аттанды Артындағы ел-жұртын Жаяу қырға бақтырып. Дос біткенді құшақтап Той дабылын қақтырып Мәз болатын күн қайда...   Тұлпар тілегі Жауыңа шапсаң, қызыл өрт болып қаулайын, Қар көшкініндей саулайын. Дұшпаның қашса, қиялай қуып жетейін, Ал қуар болса, сытыла шығып кетейін, Өзіңе берік бола гөр, қайсар батырым! Әр істің күтіп ақырын... Ақылға сүйен, Тақымға ғана сүйенбе, Жақынға ғана сүйенбе, Тілекке ғана сүйенбе, Білекке ғана сүйенбе! Желе алмай қалсам, маған серт! Жеңе алмай қалсаң, саған серт! Боздаласынан бозінген боздап безгенде, Еңсесін елдің еңкейген күндер езгенде, Қиялдың қия шатқалын ереуіл елес кезгенде... Ерлерім менің! Намыс отына қаруын қайрап зерлеген Өн бойын ыза кернеген. Дұшпаннан қорқып көрмеген, Қасқырдай қорқау кәпірді Табанына таптап жерлеген. Қапыда тілген қылышқа Қылша мойнын берсе де, Ата жауына атамекенін бермеген.   Өзеннің әні Ата жауыңды алты қырдан асырып қайтқан, батырым! Қамшы баспа атыңа, сүрініп кетер ақырын!.. Ақ көбік қатқан омырауын ақ толқын менің саусағым Аялай жусын, аялда, Әмір ет менің жағама Жайғассын жаугер шатырың. Айналайын батырым! Мен сені аңсап өтемін, Өзің деп ән сап өтемін. Жағама жауды жайлатпағаның үшін, Маңайым толы майысқан майса тоғайдың Әр бұтағына бір-бір атын байлатпағаның үшін. Суымнан қуат-нәр алған Ұландарымды құлдыққа айдатпағаның үшін. Айналайын батырым! Ақбоз атыңның тұяғын Емірене сүйіп өтейін. Еліме қорған өзіңдей ердің Садағасы кетейін!   Тал бесіктің мұңы Ей, адам! Мен – бесікпін! Мен сенің уілдеген алғашқы уыз дауысыңды есіттім. Мынау жалпақ жаһанға тұсау кесіп жібергенде «ал, шап! – деп, Балалығыңа қуандым бейкүнә бір бал шақ деп. Жігіттікке жетегіңді ұстаттым Сұлулардың бәріне серік болуды аңсат – деп...   Сосын... сосын үйлендірдім бір қызға Қабағыңда бірде шуақ, енді бірде тұрды ызғар. Бір күн жерге балаң түсті шыр етіп. Бөлей қойдың бөбегіңді шілдехана қуанышын  жыр етіп.   Саған ғана жаралдым деп жүруші ем, Енді білдім: сенің балғын балалығың Балапандай қанаттанып ұшып кеткен екен ғой Баяғыда пыр етіп.   Мен де тоздым, сен де тоздың, қартайдың Ақ жүзіңді әжім басты, әр тайды. Бел бүгіліп, ақ қар орнап басыңа Ұлың ғана марқайды.   Сен бір күні сұлық жаттың төсекте Мен сенбедім адам болмас деген сыпсың өсекке. Қайран дүние-ай! Қартайғанда адамдарды қайта бөлеп жасартып, Ала алмаймыз біз бесікпіз, кереметпіз, құдіретпіз десек те...   Жер бесіктегі аќын үні Мен өмірдің ащы дәмін көп таттым, Мазағын да, азабын да көп тарттым. Жаным оған жасымайды, өйткені Бақыт үшін тартқан азап тәтті-ақ тым.   Бас имеймін аждаһадай бүгінге Бүгін маған бас иеді түбінде. Менің арман, ар-ұятым, намысым, Жүрегіме артқан ауыр жүгімде.   Құшағыңды ашпай әлдиге Жер бесік мені әлдиле...