Қаңтар айының екінші онкүндігінде сынап бағанасы күрт төмендеп, адамдарды әбігерге салды. Өңірде де осындай табиғаттың қатал “мінезі” ерекше байқалып, жолға шығып, үскірік боран мен қар құрсауында қалғандарға көмек көрсетіліп, бәрі де жақсылықпен аяқталғанын айтқан жөн.
Өткен сенбі, яғни 23 қаңтар күні Алматы – Талдықорған –Өскемен бағытындағы күре жолдар жабылып, түнімен жауған жауыннан соң күннің күрт суытуынан жолдардағы көк мұз автомәшине ғана емес, жаяу жүргіншілердің жүруіне де едәуір қиындық келтірді. Осыған байланысты Талдықорған – Алматы және Талдықорған – Өскемен, Достық – Үшарал бағытындағы автокөлік жолдары жабылды. Дегенмен, ертелетіп жолға шыққан жолаушыларға арнайы бөлінген техникалар көмекке келді. Жолдарға құм төселіп, тазалау жұмыстары жалғасқаннан соң Талдықорған – Алматы бағытындағы жолаушылардың межелі жеріне жетуіне мүмкіндік туды.
Ауа райының қолайсыздығы мен жолдарда жүру қаупіне байланысты өңірдегі жағдай бақылауға алынған. Мемлекеттік автоинспекция қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алуға жұмылдырылған.
Қазіргі кезде оңтүстік-шығыстан соққан жел Жалаңашкөл аймағында сағатына 30 метр жылдамдықты көрсетуде. Өңірдің қайбір аймағында қар жауып, тұман түсіп, көктайғақ жол жүрісіне әлі де кедергі келтіруде. Өңірдегі қалыптасқан жағдайға байланысты Талдықорған – Өскемен, Достық – Үшарал бағытындағы жолдар жабылған. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 25 қаңтар күні Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының шекарасындағы мемлекеттік автоинспекция қосынында 31 автомәшине мен ондағы 46 жолаушы тоқтатылып, жол ашылғанша олардың жағдайлары бақылауға алыныпты. Мұндай қауіпсіздік шаралары Достық бағытындағы жолдарда да жалғасып отыр. Бұған дейін осы бағыттағы жолға шыққандар қатты соққан боран мен тұманның әсерінен қар құрсауында қалып, жедел көрсетілген көмектің нәтижесінде межелі жерге аман-есен жеткізілді.
Ауа райының күрт суытуы мен қардың көп түсуіне орай арнайы комиссия құрылып, әр бағыттағы жол қауіпсіздігі мәселелері қатаң бақыланып, кездейсоқ жағдайлардың алдын алу жұмыстары жалғасуда.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.
СУ ТАСҚЫНЫНА ТОСҚАУЫЛ ҚОЙЫЛУДА
Ағымдағы жылғы қыс айларының ауа райы Сыр аймағында құбылмалы болып тұр. Желтоқсан айының үшінші онкүндігінде күн күрт суытып, саршұнақ аяз Сырдария өзеніндегі мұзды ұстастырып, қалыңдата түскен. Өкінішке орай, бертін келе күн жылынып, нәтижесінде қалыңдаған мұз үстінен жүрген су арнасынан асып, өзен етегіне қоныс тепкен елді мекендерді әбігерге сала бастады. Биыл ғана емес, жыл сайын елді елең еткізетін бұл тосын құбылыс ертеректегі реттіліктің бұзылуынан туындап жүрген жәйт деуге әбден болады. Айта кетейік, өткен жылы көктемде мұз сеңі қауіп-қатерсіз шығарылып салынған. Әрине, оған Сырдарияның қауіпті аймақтарын дер кезінде нықтап алудың септігі тиді. Ал, дариядан ағымдағы жылы келер қауіп бар ма? Енді осы сауалға тиісті мекемелер берген жауаптарға жүгінелік.
Арал-Сырдария бассейндік су шаруашылығы инспекциясы берген деректерге жүгінер болсақ, ағымдағы жылы төмен түсіп жатқан су көлемі өткен жылғыдан едәуір көбірек көрінеді. Олардың пайымдауынша, бұл күндері Шардара су торабында 3 млрд. 427 млн. текше метр су бар екен. Ал, Тоқтағұлдан бүгінде секөнтіне 1000 текше метр су келуде. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп сыңайлы. Былтырғы жылдың осы мезгілінде 8 млрд. текше метрден астам су қоры болған Тоқтағұлда қазір 11,5 млрд. текше метр су жиналған. Содан да Сырдария өзеніне Шардарадан секөнтіне 370 текше метр су түсіп жатыр. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңдегіден 140 текше метр артық. Демек қауіп бар.
Сырдарияның Қазалы су торабына дейінгі 115 шақырым арнасын мұз құрсап тұр. Синоптиктердің айтуынша, қаңтар айының соңғы онкүндігі салқын болмақ. Демек, күн күрт суытып, сең жүріп дария деңгейі 60-70 сантиметр көтерілсе, су тасқыны болуы әбден мүмкін. Төтенше жағдайлар министрлігі атап өткендей, ақпан айында “Көксарай” су реттегіші 4 млрд. текше метр су қабылдайтын болса, қауіп сейілмек.
Бүгінде жергілікті биліктің тікелей нұсқауымен дария бойындағы қауіпті аймақтардың бөгеттерін нығайту жұмыстары жүргізілуде. Бөгеттердің бұзылмауы басты бақылауға алынуда. Қауіптің алдын алуға байланысты штабтар құрылып, Сырдария өзенінің арнасын күн-түн қадағалауды күн тәртібінен түсірмей келеді.
Еркін ӘБІЛ, Қызылорда облысы.