Қазақстан • 30 Маусым, 2017

Зейнетақы қорының барлық бөлімшелерінде Ашық есік күні өтті

160 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін, жұма күні Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) барлық бөлімшелерінде «Әрбір салымшы үшін қолжетімді БЖЗҚ» тақырыбында Ашық есік күні өтті.

Зейнетақы қорының барлық бөлімшелерінде Ашық есік күні өтті

Зейнетақы қорының Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінгі таңда 754,5 мыңдай адам «электрондық мекенжай» бойынша ақпарат алу тәсілін таңдаған болса, 3,3 миллионнан астам адам бұл үшін Қордың ресми сайтын немесе смартфондар мен планшеттерге арналған «ENPF» ұялы қосымшасын пайдалану мүмкіндігіне ие.

Енді БЖЗҚ 2017 жылғы 30 маусымнан бастап www.enpf.kz сайтындағы «Электрондық қызмет көрсету» бөлімі және Жеке кабинет арқылы бұрынғыдан да ыңғайлы қызметтерді жүзеге асырмақ:

– міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотын ашу жөнінде өтініш беру;

– зейнеткерлік жасқа толуға немесе 1-ші немесе 2-ші топтардағы мүгедектердің мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленуіне байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру. Алғашқы өтініштер жолданды, онлайн рәсімдеу бірнеше минутты ғана алады;

– төлемдерді тағайындау және (немесе) аудару жөніндегі өтініштің орындалу мәртебесін қадағалау.

Міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотын ашу жөнінде өтініш беру үшін электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ)қолданыстағы кілтін алу жеткілікті. Зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде өтініш беру үшін ЭЦҚ-дан басқа екінші дәрежелі банкте немесе «Қазпоштада» (теңге) ашылған, 20 саннан тұратын банк шоты туралы мәліметті және екінші дәрежелі банктің деректемелерін көрсету қажет.   

Бұл ретте БЖЗҚ алушыға төлемдерді тағайындау/аудару жөніндегі өтініштің орындалуы туралы СМС-хабарлама жіберу арқылы құлағдар етеді.   

Зейнетақы жинақтарын төлеу немесе аудару мәртебесі туралы мәліметтерді Жеке кабинеттен білуге болады. Ол үшін салымшылар (алушылар) алдымен сайтқа тіркеледі. Кейін ЭЦҚ немесе ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірі) мен құпия сөздің (пароль) көмегімен Жеке кабинетке кіре алады.

Жеке зейнетақы шотындағы ақша қозғалысы туралы құпиялықты сақтау мақсатында зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты «интернет арқылы» алу тәсілін таңдаған жағдайда ғана ЖСН мен парольді тіркеуге болады. Бұл үшін жеке басты куәландыратын куәлікпен БЖЗҚ кеңсесіне жүгіну қажет.

Ал бұған дейін жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтінішті, зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты немесе қосымша келісімді рәсімдеу барысында ақпаратты «интернет арқылы» алу тәсілін таңдаған адамдар үшін БЖЗҚ кеңсесіне келудің қажеті жоқ. 

Сонымен Ашық есік күнінде салымшылар БЖЗҚ мамандарының көмегімен бірнеше минут ішінде www.enpf.kz сайтына тіркеліп, ұялы қосымшаны жүктеп алуға қол жеткізді. 

Келушілердің көпшілігін БЖЗҚ-ның электрондық кеңесшісі қызықтырған. Қазіргі таңда Қор кеңселерінде мульти-тач экраны бар ақпараттық киоскілер орнатылған. Келушілер сол арқылы анықтамалық ақпараттар алып, зейнетақы калькуляторы бойынша өздерінің болашақ зейнетақыларының мөлшерін болжалды түрде есептей алады. Сонымен қатар, ақпараттық киоск арқылы жеке зейнетақы шоты бойынша үзінді-көшірмені электронды мекенжайға жіберуге болады. Қазір республика бойынша 10 ақпараттық киоск жұмыс істейді.

«Ақпарат алудың заманауи тәсілдері отандық зейнетақы жүйесін әрбір азаматқа жан-жақты әрі оңай түсіндіруге мүмкіндік береді. Бұл жерде зейнетақы жүйесін түсіну кәдімгі жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы мәлімет алудан басталады. БЖЗҚ салымшылары өздерінің зейнетақы жинақтары туралы онлайн тәртібінде ақпарат ала отырып, өздерінің жұмыс берушілерін және инвестициялық табыстардың есептелуін қадағалай алады әрі зейнетақының мөлшері бойынша болжам да жасауға болады. Осылайша, зейнетақы жарналары тұрақты аударылып тұратын болса, зейнетақы жинақтарының көлемі де артатындығына көз жеткізеді. Бұл болашақ зейнеткердің берекелі тіршілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – дейді «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Сәуле Егеубаева.

Тек Алматы қаласының өзінде аталмыш шараға 500-ге жуық адам қатысты.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ