05 Қазан, 2011

Талапты толық орындай алмай отыр

273 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Грекия проблемасы кәрі құрлықтың «бас ауруы» болуы­нан әлі де арылар емес. Кеше Еуроодақ, Еуро­орталықбанк, Халықаралық валюта қоры сияқты ұйым­дардың сарапшылары оған берілетін 8 млрд. долларлық кезекті транштық көмекті кейінге қалдыру туралы шешімге келді. Сарапшылар тобының басшысы Жан Клод Юнкердің мәлімдеуінше, мәселе Грекияның билігіне тіреліп тұр. Ол еуропалықтардың талабын толық орындауға қол жеткізе алмай отыр. Атап айтқанда, 7,6 пайызға белгіленген бюд­жет тапшылығы 8,5 пайызға, 3,8 пайызға белгіленген экономиканың құлдырауы 5,5 пайызға жеткен. Осындай жағдайда кезекті транштық көмекті беру мәселесін шешу 13 қазанға қалдырылды. Астрономдар ерледі Осы күндері нақты ғылымның түр­лі саласындағы жетістіктер үшін берілетін Нобель сыйлығының иегерлерін анықтау қызу жүріп жатыр. Кеше физика саласындағы сыйлық осымен төр­тін­ші рет астрономдарға берілетіні белгілі болды. Оның иелері АҚШ-тың Калифорния және Балтимор университтерінің профессорлары Сол Перлмуттер мен Адам Райес және Австралияның Ұлттық университетінен Брайен Шмидт болды. Олар жер жүзі кеңею жылдамдығы феноменін ашқан. Сонымен бірге физиология мен медицина саласы бойынша америкалық Брюс Бойтлер мен люксембургтік Жюль Хоффмандар лауреат атанды. Бөлісе алмай жатқандары Ресей байлығы Лондонда қуғындағы ресейлік олигарх Б.Березовский «Сибнефть» пен «Русал» компанияларындағы өзінің үлесін Р.Абрамовичтің алдауымен арзанға сатып жібергенін айтып, өзінің бұрынғы әріптесінен 5,6 млрд. доллар өндіруді талап етіп сотқа шағым түсірген. Сот процесі кеше басталды. Б.Березовский «Сибнефттегі» үлесін Абрамовичтің алдауы­мен 2003 жылы оған 1,3 млрд. долларға сатып жіберген екен. Ал анау болса екі жылдан кейін Березов­скийдің үлесін «Газпромға» он есе артық бағаға өткізіпті. Сондай-ақ «Русалдағы» 25 пайыздық үлесін Р.Абрамович өз әріптестері Б.Березовский мен Б.Патаркацшвилиге айтпай О.Дерипаскаға қымбатқа сатып жіберген, соның кесірінен ана екеуінің үлесі тым арзандап қалған. Әділетін сот айтады Украинаның экс-премьер-министрі Юлия Тимошенкоға 11 қазанда сот үкімі шығарылады деп күтілуде. Өткен сенбі күні судья оған соңғы сөз бергенде Ю.Тимошенко дайындалатын уақыт­тың мүлде аз берілгендігін айтып, оны айтудан бас тартты. Экс-премьерге прокурор 7 жыл жаза беруді сұрап отыр. Айыпталушының өзі де, оның адвокаты да үкімнің бос­тандықтан айыратын жаза берумен аяқталатынына көніп отырған сыңайлы. Өйткені, олар өздерін бұрынғыдай саяси тартыстың құрбанымыз деп ақтауды қойыпты. Ал бұрынғы премьердің жақтастары өздерінің пәрмендерін әлі де қояр емес. Олар кеше кедергіге қойылған қақпаны бұзып кетті. Туған елдің топырағына оралды Бұдан 9 ай бұрын АҚШ-тың Майами штатында қайтыс болған Венесуэланың бұрынғы президенті Карлос Андрес Перестің мәйіті туған еліне жеткізілетін болды. Бұл істің соңынан түсіп, ақыры өз талабына қол жеткізген марқұмның алғашқы әйелі Бланка Родригес де Перес екен. Карлос Перес Венесуэланың 1974-79 және 1989-93 жылдардағы екі дүркін президенті болған. 1992 жылы елде екі рет билікке қарсы көтеріліс болды, оның соңғысын елдің қазіргі президенті Уго Чавес бастаған. 1993 жылы оппозиция сыбайлас жемқорлыққа малынғандығы үшін Перес­ке импичмент жариялауға қол жеткізді. Содан кейін ол АҚШ-қа эммиграцияға кеткен еді, енді, мәйіті еліне оралатын болды. Лаңкестерге тосқауыл қойылатын кез жетті Түркия билігі көбейіп кеткен лаң­кестіктерге қарсы шешімді әрекет­терге шыққан сияқты. Қазір елдің барлық түкпірлерінде террорлық ұйым деп танылған күрд жұмысшы пар­тиясының мүшелерін тұтқындаулар жүріп жатыр. Соның ішінде Ыстамбұл қаласында ғана партияның жергілікті ұяшықтарының мүшелері деген күдікпен 83 адам ұсталды. Елдің Премьер-Министрі Тайип Реджеп Ердоған кейбір неміс қайырымдылық қорларының лаң­кестік ұйымдарды қаржыландыратыны туралы мәлім­деді. Ал Германия билігі бұл айыптауларды түбегейлі тексеретіні туралы жария етті.  

Қысқа қайырып айтқанда:

*Бахрейнде билікке қарсы шыққаны үшін 14 шиит өмірбақилық түрмеде отыру жазасына кесілді. Сондай-ақ көтерілісшілерді емдегені үшін 20 медициналық қызметкерге 15 жылдан жаза берілді. *Сирияның президент Б.Асадты қолдайтын бас мүфтидің 21 жастағы баласы Сария Хусейнді кеше белгісіз біреулер атып өлтірген. Бұл іс оның әкесінің президентті қолдайтындығымен байланыстырылып отыр. *Ауғанстан президенті Х.Карзай Пәкстан өкіметін елдегі содырларды қолдайды деп ашық айыптады. Ресми Исламабад біздің ел бойынша екі түрлі стандарт ұстануда, сөз жүзінде ол содырларды қолдамаймыз дегенімен іс жүзінде қолдап отыр, деді Х.Карзай. *Тайландта ЮНЕСКО-ның есебіне еніп, қорғауға алынған Чайваттханарам храмы суға кетті. Сондай-ақ су тасқыны басталғаннан бері 224 адам шейіт болып, млн.-ға жуық адам баспанасыз қалғаны белгілі болып отыр.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.