Сенаттағы 47 депутаттың 43-і, ал Мәжілістегі 107 депутаттың 105-і келген жиынға Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев, Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Президент Әкімшілігінің Басшысы Әділбек Жақсыбеков, сонымен қатар, Жоғарғы Соттың, Орталық сайлау комиссиясының және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағалары, Үкімет мүшелері мен ел Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, Парламент палаталары аппараттарының жауапты қызметкерлері қатысты.
Алқалы жиынның күн тәртібінде VI сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті екінші сессиясының жабылуы және парламенттік каникулы туралы ұсыныс дауысқа салынып, нәтижесінде бірауыздан оң шешім қабылданды. Содан соң отырысқа жетекшілік еткен Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин сөз сөйледі.
«Бүгiн бiз заңдарды шығаратын елiмiздегi ең жоғары өкiлеттi орган – қос палаталы Парламенттiң кезектi сессиясын аяқтап отырмыз. Алтыншы шақырылған Парламенттiң екiншi сессиясы өте маңызды және тарихи кезеңде өттi деуге болады. Қазақстан Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығы қарсаңында Парламент депутаттары Президентiмiздiң тарихи тұлғасын ашатын, егемен елiмiздiң даму жолын көрсететiн, келешек ұрпақтарға мұра болып қалатын маңызды құжат – Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығы Декларациясын қабылдады. Ал елiмiздiң жаңа даму кезеңi конституциялық реформадан басталды. Конституциялық реформа президенттiк билiктi сақтай отырып, демократияны одан әрi нығайтуға, халықтық билiктi күшейтуге және Үкiмет пен Парламенттiң жауапкершiлiгiн арттыруға жол ашты. Осылайша, Қазақстан Президентiнiң өкiлеттiгi Үкiмет пен Парламентке бөлiндi», дедi Нұрлан Нығматулин.
Мәжіліс Төрағасының айтуынша, депутаттар тарапынан Елбасымыз белгілеген жаңа міндеттерді ең алдымен сапалы заңдармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінген. Осыған байланысты Парламент «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдады. Сонымен бірге, жаңа реформаны жүзеге асыру үшін көптеген заңға өзгерістер енгізілді.
«Осындай өте жауапты кезеңде Парламент депутаттары Президентіміздің екінші сессиясының ашылуында алға қойған стратегиялық тапсырмаларды жүзеге асыруға да белсене араласты. Нақтылай түссек, екiншi сессияда қос палатаның
2 бiрлескен отырысы, Мәжiлiстiң 38 және Сенаттың 25 жалпы отырысы өттi. Бұл кезеңде Парламент қарауында 111 заң жобасы болды, оның 84-i қабылданды. Парламент қабылдаған 66 заңға Президент қол қойып, олар күшiне ендi. Сондай-ақ, көптеген халықаралық келiсiмдер ратификацияланды. Парламентте өткен түрлi жиындарда көптеген сала талқыланып, Парламент жұмысы онлайн режімде көрсетіліп, ашық жүргiзiлдi», деген Нұрлан Зайроллаұлы Парламентте осы жылы талқыланған маңызды мәселелерге қоғамдық ұйымдар мүшелері мен Парламентке кірмейтін саяси партиялар және БАҚ өкілдері еркін қатысып, ұсыныс-пікірлерін айтуына барлық жағдай жасалғанын жеткізді.
«Мұның бәрі де Парламент жұмысының бұрынғыдан да ашық әрі сапалы болуына зор ықпал етті», деді ол өз сөзінде.
Депутаттар жұмыс барысында заң шығарып қана қоймай, Мемлекет басшысының да маңызды бастамаларын қолдау бойынша ауқымды жұмыстар атқарды. Әсіресе, Президентіміздің биылғы Жолдауын халыққа жеткізу мен насихат жұмыстарында депутаттардың рөлі өте зор болды. Себебі, бұл Жолдау «Қазақстан-2050» даму бағдарламасы аясында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын тиімді жүзеге асырудың және дамыған 30 елдің қатарына кірудің стратегиялық жоспары болып табылады. Оны тиімді жүзеге асыру баршамыздың, әрбір азаматтың мақсаты мен міндетіне айналуы қажет. Сондықтан да Парламент өкілдері аймақтарды аралап, алыс аудандарға барып, халықпен кездеседі деп күтілуде.
«Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы да қоғамда өте жоғары деңгейде қабылданды. Елбасымыз айтқандай, бұл − біздің ұлттық бірлігіміз және болашағымыздың негізі. Депутаттар бұл бағытта да көп жұмыс атқарды. Көптеген республикалық және халықаралық кездесулерге, түрлі форумдар мен мәдени шараларға қатысты. Сол сияқты, қоғамдық қабылдаулар өткізіп, көшпелі отырыстар, ғылыми тәжірибелік-конференциялар ұйымдастырылды. Осы секілді, барлық шараларда еліміздің, халқымыздың саяси-әлеуметтік, экономикалық, мәдени өміріне қатысты маңызды мәселелер талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, мұның барлығы қос палата депутаттарының Үкімет пен өзге де мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі. Осындай ынтымағы жарасқан Парламентіміз бұрын да болған, болашақта да өз жұмысын осы бағытта жалғастыра беретіні сөзсіз», деген Мәжіліс Төрағасы депутаттардың заң шығару бастамашылдығы туралы өздерінің конституциялық құқығын белсенді түрде пайдаланғандығына тоқталды.
«Мәселен, жергілікті жерлерді азаматтардың тиімді пайдаланып, проблемаларды шешуге мүмкіндік беретін «Жайылымдар туралы» заң жобасын атауға болады. Сондай-ақ, дипломатиялық қызмет, мәдениет, көлік, экология мәселелері мен жол жүру ережесі бойынша депутаттардың бастамашылдығымен енгізілген заңнамалық түзетулер көп болды», деді спикер.
Қорыта айтқанда, Төрағаның сөзінен депутаттардың бастамашылдығымен 15 заң жобасы әзірленіп, оның 10-ы қабылданып және 5-уі жұмыс үстінде екені белгілі болды.
Депутаттық корпустың басқа да мемлекеттік органдармен, азаматтық қоғам институттарымен және халықпен өзара іс-қимылдары да біршама көп болған. Атап айтқанда, 17 үкімет сағаты, 7 парламенттік тыңдау, 33 дөңгелек үстел мен 27 көшпелі отырыс өткен. Сондай-ақ, 5 халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның сәтті ұйымдастырылғаны атап айтылды.
«Қылмыстық, қылмыстық-процессуалдық және қылмыстық-атқару заңнамаларының маңызды және өзекті мәселелерін, халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және фармацевтика саласын жетілдіру, азаматтық қорғанысты дамыту, жол жүру тәртібін реттеуді жақсарту және т.б. мәселелерге арналған парламенттік тыңдауларды атап өткім келеді», деді Н.Нығматулин.
Одан әрі шешен депутаттық корпустың жан-жақты және тереңнен талдап, жасалған нақты ұсыныстары мемлекеттік органдардың жұмыстарын жетілдіре түсуге қызмет етер деген үмітін білдірді.
Сонымен қатар, Төрағаның сөзінде Азия елдерінің ғылым, технология және инновация мәселелері жөніндегі парламентаралық форум, «Қазақстандық жол: Тәуелсіздікке-25 жыл», Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының 16-шы отырысы, «Орталық Азиядағы ынтымақтастық пен аймақтық қауіпсіздікті заңнамалық қамтамасыз етудегі парламенттің рөлі» атты халықаралық деңгейдегі дөңгелек үстел сияқты маңызды шаралардың болғандығы айтылды.
Спикер өзінің сөзінде «Нұр Отан», «Ақ жол», «Халықтық коммунистер» партиялық фракцияларының және Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобы бірлесе отырып, белсенді жұмыс істегенін сондай-ақ депутаттар халықтың нақты мәселелерін шешуге бағытталған 357 депутаттық сауал жолдағанын да айтып өтті. Ал халықтан парламентшілерге
9 мыңнан астам хат түсіпті. Депутаттар аймақтарға барып, 700-дей елді мекенде болғанда 300 мыңнан астам адамды қамтыған және
2 мың шамасында кездесу өткізіпті. Сонымен бірге, сессия барысында екі палатаның депутаттары 80-нен астам елде болып, 12 халықаралық парламенттік ұйымның жұмысы мен 250-ден астам халықаралық шараға қатысыпты.
Алдағы, үшінші сессия туралы айтқанда, Спикер Парламенттің қоржынында қарауға ұсынылған 27 заң жобасы жатқанын жеткізді. Олардың арасында салық салу, қамсыздандыру, тұрғын үй қатынастарының мәселелері, сондай-ақ, агроөнеркәсіп кешені саласын реттеу секілді маңызды заң жобалары бар екен. Сонымен қатар, «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Заңның жаңа редакциясын қабылдаудың маңыздылығы да атап өтілді.
«Біздің Парламент депутаттарының заң шығару жұмысындағы басты ерекшелік – алдағы уақытта да халықтың ең өзекті және мәнді мәселелерін шешуге бағытталған басымдықтар әлеуметтік бағдар болады», деді Нұрлан Зайроллаұлы сөзінің соңында.
Сонымен, алтыншы шақырылымның екінші сессиясы өз жұмысын аяқтап, 1 шілдеден бастап депутаттар каникулға шықты.
Жақсыбай Самрат,
Нұрлыбек Досыбай,
«Егемен Қазақстан»