Еліміздің Сыртқы істер министрлігі үстіміздегі жылдың 1 қазанында Австралияның Брисбен қаласында қаза болған Сағынай Батырханованың отбасының қайғыларына ортақ. Бұл жөнінде осы ведомствоның ресми өкілі Асқар Абдрахманов кеше бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнайы брифинг өткізіп, осы мәселенің мән-жайын айтып берді.
1989 жылы туған Сағынай Батырханова Гриффит университетінің 1-ші курсында оқығаны белгілі болып отыр. Қазақстан азаматшасын пышақтап өлтірді деген күдікті полиция тарапынан тұтқындалып, ол өзінің кінәсын мойындағанға ұқсайды. Үстіміздегі жылдың 3 қазанында айыптыға қарсы қылмыстық істі тыңдау орын алған. Сот С.Батырхановамен бірге тұрып келген Таиланд азаматтығындағы күдіктіні тергеу амалдары барысында оны кем дегенде 5 желтоқсанға дейін қамауға алу туралы үкім шығарған. Осы орайда полиция бірге тұрып жатқандарға отбасындағы зорлық-зомбылық жасау оқиғасына байланысты ескерту де жасаған көрінеді. Отбасындағы жанжал осындай қайғылы оқиғаға душар етіп отыр.
Сағынай Батырханова мен айыптының ортақ үш айлық нәресте ұлы бар болса, қазір ол Австралияның әлеуметтік қызметінің қамқорлығына алынған. Ресми өкіл осы ретте Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі және мемлекетімізге Австралияда қосымша түрде өкілдік ететін Сингапурдағы елшілігіміз полициямен ұдайы байланыста екендігін жеткізді. Сондай-ақ елшілік практикалық және құқықтық шараларды атқаруда. Отандастарымыздың мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан консулы 3 қазанда Австралияға барып, бірқатар мәселелерді шешумен, соның ішінде Сағынай Батырханованың мәйітін Отанына жіберу, азаматтық некеде туылған сәбидің құқықтық мәртебесін анықтау мәселелерімен айналысуда, деді Асқар Абдрахманов. Сондай-ақ, еліміздің сыртқы саясат ведомствосы Австралияның Қазақстанда қосымша тіркелген Мәскеудегі елшілігіне осы іске толыққанды тергеу жүргізу және қаза болған азаматшамыздың туысқандарының құқықтарын қорғауда қажетті қолғабыс көрсету туралы дипломатиялық нота жіберген.
«Егемен-ақпарат».