Елбасының тапсырмасына байланысты зейнетақының кезең бойынша бірте-бірте көтеріліп келе жатқаны қуантады. Биылғы қаңтар айында ынтымақты зейнетақы 9 пайызға өскен болса, сонымен бірге, базалық зейнетақы мөлшері де 7 пайызға көтерілген еді. Енді 1 шілдеден бастап тағы 13 пайызға өсті. Сонымен қазақстандықтардың зейнетақы көлемі қазір 20 пайызға артып отыр.
Қазір республикадағы ең төменгі зейнетақы – 45 711 теңге. Өткен жылы бұл көрсеткіш 37 789 теңге болған еді. Ал 2018 жылдың 1 қаңтарында ең төменгі күнкөріс шегі 16 пайызға артпақ. Бұл мүгедектігі және асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін жәрдемақылардың және базалық зейнетақы мөлшерінің өсуіне де ықпал ететін болады.
Қазақстанда зейнетақының орташа көлемі жыл өткен сайын артып келеді. Мәселен, 2016 жылы оның мөлшері 55 117 теңге болған еді, қазір 66 676 теңгеге жетті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне қарағанда, зейнетақы көлемі бірте-бірте өсе береді. 2018 жылдың 1 шілдесінде зейнетақы төлемдері 45 пайызға артып, оның орташа мөлшері 80 991 теңгеге жетеді деген болжам бар.
Тағы бір жағымды жаңалық – келесі жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы тағайындау әдісі түбегейлі өзгеретін болады. Жаңа тәсілге сай зейнетақы әр адамның осы жүйеге қатысу өтіліне байланысты тағайындалмақ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына қарағанда, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде зейнетақының орташа мөлшері базалық зейнетақыны қоса есептегенде айтарлықтай өседі. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 45 пайызға артады деген жоспар бар.
Мемлекет ана мен балаға да ерекше қамқорлық жасап отыр. Осы шілдеден бастап бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы мөлшері 20 пайызға ұлғайып, бірінші, екінші және үшінші балаға төленетін жәрдемақы 38 айлық есептік көрсеткішке немесе 86 222 теңгеге жетті.Ал, төртінші және одан кейінгі балаларға берілетін жәрдемақы 63 айлық есептік көрсеткішті немесе 142 947 теңгені құрап отыр.
Әлеуметтік салада халықтың игілігі үшін жасалып жатқан осындай оң өзгерістер алдағы уақытта да жалғаса бермек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, 2020 жылға қарай зейнетақымен қамтамасыз етудің жаңа үлгісі толық қалыптасып бітеді, одан әрі оны дамыту ғана жүзеге асады. Демек, мемлекет зейнеткерлерге қамқорлық жасауды еш уақытта назардан тыс қалдырмайды деген сөз. Аналар мен балаларға да мемлекеттің шарапаты мен шапағаты жалғаса беретін болады.
Қазақстанда бала туу соңғы жылдары 20 пайызға өскен екен. 1 шілдеден бастап көбейген жәрдемақы алдағы уақытта елдің демографиясына да оң әсер етеді деген үміт бар.
Ғалым ОМАРХАН,
«Егемен Қазақстан»