Алдымен форумды ашқан Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева «Бөбек» орталығының 20 жылдың ішінде жеткен жетістіктері мен бағындырған белестерінің маңыздылығына тоқталды.
– «Бөбек» орталығы десе жылылық пен мейірімнің ордасы көз алдымызға елестейді. Тәуелсіз еліміздің кемел болашағы үшін «Бөбек» орталығының атқарған жұмысының қаншалықты маңызды болғанын сіздер білесіздер. «Бөбектің» өсу, толысу, қалыптасу сияқты кезеңдерінің бәрі Сара Алпысқызының айрықша еңбегінің арқасында іске асырылып отыр. 20 жыл «Бөбек» үшін табыс пен мейірімге толы нәтижелі жыл болғаны баршамызға мәлім, – деді Эльмира Амангелдіқызы.
Мерейлі жиын барысында өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілігі мол азамат ретінде қалыптасуына ерен еңбек сіңіріп келе жатқан «Бөбек» қорының төрайымы Сара Алпысқызы сөз алып, тағылымды да, тәрбиелік маңызы зор игілікті шара жайында әңгімені әріден бастады.
– Қашаннан осы бір ізгілікті істі қолға алғандағы басты мақсатымыз – бала бойына рухани-адамгершілік қасиетті сіңіру болған еді. Өздеріңіз білесіздер, біз, кішкене кезімізден «жетім жыласа, жер-ана күңіренеді» деген сөзді ата-әжемізден естіп өстік. Алланың маңдайыма жазғаны болар, «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасын жолға қойып, іске асырдық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өте қиын болғаны елдің жадынан шыға қоймаған болар, жетім балаларды аялап, қамқорлыққа алу керек болды, – дей келе, Сара Алпысқызы осы ізгілік жолында жан дүниесі адами қасиетке толы жандармен бірге келе жатқанын айтып, тәрбие, денсаулық, білім беру сияқты бала жанына, жалпы адам баласына керекті қажеттіліктер туралы айтып өтті.
Форумда сондай-ақ Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев сөз сөйлеп, осы уақыт ішінде орталықтың жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде және олардың тұлға болып қалыптасуына қосып отырған үлесіне тоқталса, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымхайыр Мұтанов пен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев, мәдениет қайраткері, профессор Құрман Мұратаев, суретші, доцент Шолпан Әбілғазықызы және «Хабар» агенттігі «Өзін-өзі тану» бағдарламасының продюсері Рита Кенжалықызы, «Үміт» балалар үйінің директоры Майра Баймұқанқызы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының төрайымы Гүлназ Кенжетайқызы, «Отбасы және отбасылық құндылықтарды қолдау бойынша қазақстандық ата-аналардың қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестік жетекшісі Әмина Жомартқызы, Алматы қаласы бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметкері Әли Бауыржанұлы, Алматы рухани семинариясының тәрбие ісі жөніндегі проректоры, дін қызметшісі Иоанн Ливинский, ҚХА-ның мүшесі, республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театрының директоры Любовь Ни «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының ерекшелігіне тоқталып, бұл пәннің адамның өзін-өзі тануы мен қоршаған әлемге жағымды әсері туралы пікір алмасып, Сара Алпысқызына алғыстарын білдірді.
Форум қонақтарына «Бөбек» орталығының 20 жылдығына арналған бейнеролик көрсетілді. Отбасы, отбасылық құндылықтары туралы келелі ойларымен бөлісті.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы