Жылдың қоңыр күзі бұқаралық ақпарат құралдары үшін әрдайым аса бір маңызды шақ. Екі айдан астам уақытқа жалғасатын баспасөзге жазылу науқаны қызады. Талап-талғамы биік оқырман қауымның қай басылымды көңілі қалайтындығы, сүйіп оқитындығы анық байқалатын сын. Бұл ретте тәуелсіздігіміз бен рухани азаттығымызды мемлекеттік мақсат-мүддемен тұтастырып, өркениеттік өріне ұмтылдырып келе жатқан еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанның» орны бөлек екендігі белгілі. Соңғы он бір жыл ішінде оқырман қатарының 38 мыңнан 170 мыңға дейін жетуі соның нақты айғағы деуге болса, солардың қалың бір бөлігі қарағандылықтар. ХХІ ғасыр басындағы 3 мыңнан қазір 12 мың 500-ге өсіп, жергілікті жұртшылықты баурай түсіп келеді.
Жылдағы қалыптасқан үрдіске орай «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов өңірлердегі кездесуді кеше Қарағандыдан бастады. Басылым басшысы алдымен облыс әкімі Серік Ахметовтің қабылдауында болды. Әңгіме барысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы мейманға жан-жақты таныстырылды. Серік Нығметұлы атап өткендей, өндірісті өңір дамуының жаңа кезеңінде Елбасы алға қойған міндеттер мен тапсырмаларға сәйкес жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар ауқымы кең. Соның ішінде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында белгіленген жобалардың 9-ы бірінші жартыжылдықта іске қосылды. Жыл аяғына дейін тағы 15-і өндіріске жолдама алмақшы. Мұның өзі 2000-ға тарта жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ әлеуметтік саладағы өркенді өзгерістер мен мәдени өмірдегі жаңарулар да назардан тыс қалған жоқ.
Серік Ахметов сөз орайында облыста «Егемен Қазақстан» газетінің оқырмандары жылдан-жылға ұлғайып келе жатқандығын айтып, алдағы жылы 13 мыңға толыға түсетіндігіне сенім білдірді. «Еліміз бас басылымының елдік ортақ мақсат-мұратқа ұйыстырудағы салиқалы үні, парасатты пайымы жұрт жүрегіне ұялаған. Оқырмандар «Егеменді» сырлас, ақылшы тұтып, өздерінің бағыт-бағдары санайды. Ол қарағандылықтарға да етене жақын. Сондықтан аға газеттің таралымы ұлғаюын қалаймыз», – деді өңір басшысы.
Сауытбек Абдрахманов аймақтың тыныс-тіршілігі туралы кеңінен баяндалған әңгімеге ризашылық білдірді. Өз тарапынан басылым мәртебесін көтере түсу, оқырман қауымның биік талғамынан көріну бағытындағы редакция ұжымының шығармашылық ізденісін баян етті.
Облыс әкімімен әңгімеден соң газет басшысы жергілікті ақпарат құралдарына сұхбат берді. Онда мұндай кездесулердің өңірлердегі жағдай туралы кеңінен мәлімет алуға, сонымен бірге баспасөзге жазылу барысын талқылауға әсері зор екені айтылды.
Сауытбек Абдрахмановтың аймаққа жұмыс сапары облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің 80 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Осы айтулы оқиғаға байланысты өңір басшысы мен мейман Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театры ғимаратында өткен салтанатты жиынға келіп қатысты. Мерейтойда облыс әкімі редакция журналистерін мерейлі мерекелерімен құттықтап, қаламгерлердің бір тобына ақшалай сыйлықтар табыс етті, ұжымға темір тұлпардың кілтін тапсырды. «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы өз кезегіндегі құттықтау сөзде өңір өмірі айнасының еліміздегі беделді, даңқты дәстүрлері бар басылым тұрғысында танылып отырғандығын айтып, жергілікті әріптестер еңбегіне шығармашылық табыс тіледі.
Басылымды он бес жылдан бері жемісті басқарып келе жатқан Мағауия Сембайға «Қазақстанның құрметті журналисі» атағының төсбелгісі тағылды.
Жиында журналистер еңбегі жөнінде жақсы лебіздер көп айтылды. Солардың ішіндегі нәрлі сөздің бірі – газет ардагері Нұрмахан Оразбековтің: «Журналист – ең жауапты мамандық. Өйткені, журналист қоғам үшін жауап береді», деген сөзі. Расында да солай.
Айқын НЕСІПБАЙ,
Қарағанды.