Теннис • 04 Шілде, 2017

Балалар үйінің тәрбиеленушілері Қытайда спорттық машығын жалғастырады

301 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда алғаш рет балалар үйінің тәрбиеленуші қыздары арасында Қытай елінде спорттық машығын жалғастыруға мүмкіндік беретін үстел теннисі турнирі басталады.

Балалар үйінің тәрбиеленушілері Қытайда спорттық машығын жалғастырады

Бүгін «Бауыржан» қайырымдылық қоры мен Алматыдағы Қытай Халық Республикасының Бас консулдығы, ҚР үстел теннис федерациясы елімізде алғаш рет балалар үйінің тәрбиеленуші қыздары арасында пинг-понг турнирінің басталғаны туралы жариялады. Сондай-ақ, турнир ұйымдастырушылары аталмыш жоба аясында еліміздің түкпір-түкпіріндегі 100 жетімдер үйін 100 теннис ойнайтын үстел мен жабдықтарымен қамтамасыз етеді. Бір ай көлемінде барлық балалар үйлеріне теннис үстелдері орнатылып, болашақта балалар үйінің тәрбиеленушілері Олимпиадалық спорт түріне енетін үстел теннисінде жаттығуға жақсы мүмкіндік алмақ.

Турнирдің алғашқы іріктеу ойындары 5 шілдеде Алматыдағы Қазақстан үстел теннисі федерациясында басталады. Жоба тәлімгері ретінде қазақстандық танымал актер, сценарист Ерден Телемісов қатысады.

Турнир 7-10 және 11-15 жастағы оқушылар арасында өтеді. Осынау турнир арқылы ата-анасыз балалар арасынан үстел теннисінің таланттарын тауып, аталмыш спорт түрін алға жылжыту көзделіп отыр.

«Пинг-понг ханшайымы» үстел теннисінің аймақтық ойындары Қазақстанның түкпір-түкпірінде 05-28 шілде аралығында өтеді. Турнирдің финалдық ойындары Алматы қаласында 22-24 тамызда мәреге жетеді. 150 спортшының ішінен іріктелетін екі жеңімпаз Қытай Халық Республикасының үздік спорт академиясына жолдама алып, қытай спортшыларының арнайы шеберлік-сыныптарынан өтеді.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ