Парламент • 04 Шілде, 2017

Тоқаев Қазақстанмен достық жөніндегі жапон лигасы төрағасын қабылдады

169 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Жапония Парламентінің Қазақстанмен достық лигасының төрағасы, Жапония Парламенті Өкілдер палатасының мүшесі Такео Кавамураны қабылдады, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Тоқаев Қазақстанмен достық жөніндегі жапон лигасы төрағасын қабылдады

Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының 2016 жылғы Жапонияға сапары барысында қабылданған, «кеңейтілген стратегиялық әріптестік» мәртебесін бекіткен саяси құжаттар, жаңа геосаяси ахуалда екіжақты қарым-қатынастарға тың серпін беретіндігіне сенім білдірді.

Парламентаралық диалогты нығайту келешегін талқылай келіп, Қ.Тоқаев Қазақстанмен достық жөніндегі жапон лигасының екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге ауқымды үлес қосып отырған қызметін жоғары бағалады.

«ЭКСПО-2017» аясында Астанаға келген жетекші елдердің жаңартылған энергетика саласындағы жобалары мен алдыңғы қатарлы технологиялары көрсетілген халықаралық көрменің жоғары ұйымдастырушылық және мазмұндық деңгейін атап өтті. «ЭКСПО өткізу – тарихи оқиға болып табылады, оның Қазақстанның дамуына үлкен пайдасы тиетініне сенімдімін», – деді жапондық депутат.

Т. Кавамура Қ.Тоқаевқа 2025 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесін өткізуге Жапония өз кандидатурасын ұсынғанын айтты және бұл мәселеде Қазақстаннан қолдау сұрады.

Тараптар сондай-ақ қарусыздану және ядролық қаруды таратпау саласындағы ынтымақтастық мәселесін жан-жақты талқылады.

Қ.Тоқаев ағымдағы жылы тамыз айында Астанада ғалымдардың Пагуош конференциясы өтетіні, біздің елордамыз 2015 жылы осындай форумды өткізген Нагасаки қаласынан эстафетаны алып жалғастыратыны туралы жапондық депутатты хабардар етті.