Сұрыптаудың сыры
Астана жылдан-жылға өсіп келе жатқандықтан, тазалық жұмыстарына қаржы қарастыру да соған сәйкес артып келеді. Мәселен, биыл бұл мақсатқа 15,1 млрд теңге бөлінген. Бұл 2010 жылмен салыстырғанда үш есе көп. Жұмыс ауқымы кеңейгендіктен, қаланы таза ұстау жөніндегі механизмдер қайта қаралып, жаңа бағдарламалар қабылданды. Сол бойынша жоспарлы жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді.
Қай қалада болсын, қоқыс пен тұрмыстық қалдықтарды уақтылы полигонға шығаруға баса назар аударылады. Өйткені, дер кезінде әкетілмеген қоқыс ауаны ластап, айналаның көркін кетіріп, тұрғындардың арыз-шағымын тудырады. Бұл мәселемен «Астана – Тазарту» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тікелей айналысады. Оларға қоса тағы да жиырмаға жуық ірілі-ұсақты мекемелер елорданың тазалық жұмыстарына жауапты.
Мамандардың есептеуіне қарағанда, қазір Астанада күніне орта есеппен 1 мың тоннадан астам қоқыс-қалдық полигонға шығарылады екен. Бұл тазарту мекемелері үшін өте ауқымды жұмыс екені айтпаса да түсінікті шығар. «Астана-Тазарту» серіктестігінің мәліметіне қарағанда, алты жылдың ішінде Астанадан 1 миллион тоннадан астам тұрмыстық қоқыс шығарылған. Бұрын барлық қоқыс-қалдықты полигонға апарып төге салатын. Қазір оны сұрыптау мен өңдеу жолға қойылды. Тіпті, Астанада тұрғын үйлер мен мекемелердің аулаларына пластикті бөлек, қағаз қалдықтары мен шыныны бөлек тастайтын контейнерлер қойыла бастады. Өйткені, бұл қалдықтар қайта өңдеуге жіберіледі. Осындай қалдық түрлерін сұрыптап, жинау үшін жыл басынан бері Астананың үш ауданында 530 контейнер қойылған. Алдағы уақытта оны 700-ге дейін көбейту жоспарда бар. Астаналықтар да бұған түсініктікпен қарай бастады. Барлық қоқыс-қалдықты ортақ контейнерге емес, лайықталған жәшіктерге сұрыптап тастауға дағдыланып келеді. Сұрыпталған қалдықтарды өңдеу орындарына жеткізу үшін «Астана-Тазарту» серіктестігіне 47 арнайы техника алынған. 500-ден астам жұмыс күші бар. Олардың күнделікті жұмысы жұрт шырт ұйқыда жатқанда, таңғы бесте басталады. Бұл – тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін жасалған кесте. Таңғы уақытта көшеде көлік қозғалысы аз болғандықтан, қоқыс-қалдықтарды учаскелер бойынша бөлінген бригадалардың тез арада алып кетуіне мүмкіндік бар. Бірақ, «Астана-Тазарту» мекемесі осымен жұмыс бітті деп қарап отырмайды. Себебі, контейнерлердің тез арада қайта толуы әбден мүмкін. Сондықтан, бұған дейін қоқыс-қалдық күніне бір рет әкетілетін болса, енді контейнерлер толған жағдайда диспетчерлік орталыққа хабар беріліп, арнаулы техникалардың кейде екі-үш мәрте қатынауына тура келеді. Қазір Астанадағы тұрғын үйлер мен мекемелердің маңында қоқыс-қалдыққа арналған 1241 контейнер бар.
Пластик қалдықтарды бөлек сұрыптаудың сыры неде? Оның себебі – пластик бұйымдары, мамандардың зерттеуіне қарағанда, 500 жылға дейін іріп-шірімейтін көрінеді. Бей-берекет тастай салынған мұндай қалдықтардың қоршаған ортаға зияны да орасан. Адам денсаулығына қауіпті заттарды ауаға бөледі. Сондықтан, оны қайта өңдеуге жіберген жөн. Көбіміз байқай бермейміз, күнделікті өмірде жиі пайдаланатын полиэтилен пакеттер де аспан астында жүз жылға дейін сол күйінде, ірімей-шірімей жататын болып шықты. Сонымен бірге, пакеттер жасыл желектің «жауы». Көк шөп өспей солып, қурап қалады. Сол себепті оны қоқыс қонтейнерлеріне тастаған кезде де абай болған жөн. Жел көтеріп, қаңбақтай қалқып кетпеуін ойлаған абзал. Желдің екпінімен желбіреп барып, тал-теректер мен гүлзарлардың үстіне қонатын болса, есіл еңбек еш болады. Өздеріңіз де байқаған шығарсыздар, тазалық сақшылары қолдарында арнайы құрылғылары бар, ұшып-қонған полиэтилен пакеттерді теріп жүреді. Полиэтилен пакет қоршаған ортаның көркін кетірумен бірге, жасыл желекке кесірін тигізетін «кесел» болғандықтан да тазалық мекемесінің қызметкерлері осылай жасауға мәжбүр. Статистикаға сүйенсек, бір жылдың ішінде жер шарында 4 триллион пакет пайдаланылады екен. Соның бар-жоғы 1 пайызы ғана қайта өңдеуге жіберілетін көрінеді.
Ауаға зиянды зат бөлетін тағы бір қалдық – құрамында сынап бар кәдімгі шам. Мұндай шамдар үнем тұрғысынан алғанда пайдалы. Электр қуатын аз тұтынады. Ұзақ қызмет етеді. Бірақ, пайдалану мерзімі біткен кезде құрамында сынап бар шамдарды оңды-солды тастай салуға болмайды. Күн көзінің астында қалса, ауаға зиянды қалдық бөлініп, адамдардың денсаулығына кері әсер етеді. Бұл үшін көптеген тұрғын үйлердің маңында арнайы жәшіктер орнатылған, жарамсыз шамдарды соған тастаған жөн. Осы арқылы әрқайсымыз Астананы таза қалаға айналдыруға үлес қосатын боламыз.
Жыл сайын 15 сәуір мен 15 мамыр аралығында елордада экологиялық сенбілік өткізу дәстүрге айналды. Бұл еңбек мерекесінің бел ортасында қала әкімі де жүреді. Үлкен-кіші, кәрі-жастың бәрі осы сенбіліктен шет қалмайды. Әсіресе, қаладағы жоғары оқу орындарының студенттері өте белсенділік көрсетіп жатады. Олар тазалау жұмыстарымен ғана айналыспайды, тал-терек отырғызуға ерекше күш салады. Биылғы сенбіліктің өзінде 6750 түп ағаш отырғызылды. Есіл өзенінің, Ақбұлақ пен Сарыбұлақтың бойында санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізілді.
Ауаны ластамаудың амалы
Астанада ауаға бөлінетін зиянды заттардың 10 пайызы жеке сектордың еншісінде екен. Жел болмаса, күз-қыс айларында елорданы көк түтін басып қалады. Өйткені, Астана мен оның айналасындағы жеке сектор тұрғындары үйді жылыту үшін қатты отын – көмірді пайдаланады. Бұл – биліктің бас ауруына айналған мәселе. Мұны шешудің бірден-бір жолы – газдандыру.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғыру – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында «Астананы қоса алғанда, елдің орталық өңірін газдандыруды қамтамасыз ететін құбыр жүйесін жоспарлап, жүзеге асыруға кірісуді тапсырамын. Біз елімізді газдандыруға міндеттіміз» деген еді. Мемлекет басшысының осы тапсырмасына орай Үкімет ауқымды жұмысты қолға алған болатын. Алдымен газ құбырын көршілес Ресей мемлекетінен Қостанай облысы арқылы тарту қарастырылған еді. Бірақ, бұл жобаның шығыны көп болғандықтан, одан бас тартуға тура келді. Енді «ҚазТрансГаз» «көгілдір отынды» Қызылордадан тарту жөнінде ұсыныс жасап отыр. Бұл – Бейнеу – Бозой – Шымкент желісі. Осының жалғасы ретінде газ құбыры Жезқазған мен Қарағанды арқылы Астанаға, одан әрі Көкшетауға тартылуы тиіс. Бұл – болашақтың ісі. Ал әзірге ресейлік компаниялар автокөлікпен газ тасымалдап, Астананы газдандыруға үлес қосып жатыр.
Көліктер Астананың ауасын ластап отыр. Қоршаған ортаға бөлінетін зиянды заттардың 50-55 пайызы көліктердің «үлесінде». Мұны азайтудың амалы – көліктерге газ қондырғыларын орнату. Бұл ерекше қарқын алмаса да, жүргізушілер арасында осындай қадамға барғандар аз емес. Олардың қатары алдағы уақытта да артатыны сөзсіз. Өйткені, қазір елордада көліктерді газбен жүруге көшіретін қондырғыларды орнататын фирмалар 10-ның үстінде. Егер сұраныс артып жатса, келешекте көбеюі де әбден мүмкін. Астанадағы экотаксилердің бәрі газбен жүреді. Бұл осыдан біраз жыл басталған еді, қазір экотаксилердің қатары біршама артты.
Астана билігінің ауаны таза ұстау бағытында ерекше мән-маңыз беріп отырған ісінің бірі – «Astana bike» жобасы. Биыл бұл жобаның төртінші маусымы. Қазір Астанада 150 велобекет, 1000 велосипед елорда тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсетеді. Жаз айларында 7000-ға жуық адам осы қызметті пайдаланады. Жылдан-жылға олардың қатары артып келеді. Сондықтан, Астанада велобекетті көбейту қолға алынды.
Астананы таза қалаға айналдыру жолында осында ілкімді іс-шаралар жүзеге асырыла бастады.
Ғалым ОМАРХАН,
«Егемен Қазақстан»