Аймақтар • 05 Шілде, 2017

Оралда Алаштың 100 жылдығына арналған ақындар айтысы өтті

477 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана күні мерекесі қарсаңында Орал қаласында Алашорда қозғалысының 100 жылдығына арналған «Алаштың бағы – Азаттық!» республикалық ақындар айтысы өтті.

Оралда Алаштың 100 жылдығына арналған ақындар айтысы өтті

Сөз сайысына Мейірбек Сұлтанхан мен Иранғайып Күзембаев (Астана), Жібек Шахмарданқызы (Алматы), Дидар Қамиев (Қарағанды), Рауан Хайдаров (Павлодар), Мұхтар Ниязов (Қызылорда), Дəурен Ақсақалов (Оңтүстік Қазақстан), Өнербек Дəулекенов (Атырау), Жансая Мусина, Мұрадым Мирланов, Айнабек Бисенғалиев, Бауыржан Ширмединұлы (Орал) қатысты.

Қазылар құрамында белгілі ақын-жазушылар Есенғали Раушанов, Светқали Нұржан, Мереке Құлкенов, Қойшығұл Жылқышиев, Қонысбай Əбілов, Аманжол Əлтаев, Амангелді Кеңшілікұлы, Жанарбек Əшімжан Бауыржан Халиолла, Қалқаман Сарин, Ахметжан Өзбеков төрелік етті.

Айтысты әдеттегідей Жүрсін Ерман жүргізіп отырды.

Батыс Қазақстан облысының əкімі Алтай Көлгінов Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласында атап көрсеткендей, ел тарихын ақындар жаңа көзқараспен жырлау керектігін, сондай-ақ қазіргі уақытта бірлік тақырыбын арқау етудің маңызды екенін айтты.

Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет пен өнер орталығында бір күн бойы айтыс құмар жұртшылықты жіпсіз байлаған сөз додасының нәтижесінде республикалық айтыстың бас жүлдегері болып – оралдық Жансая Мусина танылды. Жансаяға бас жүлдеге – 1 млн теңге табыс етілді.

Бірінші орын – қарағандылық Тілеген Əділовке (700 мың) бұйырды. Екінші жүлдеге (500 мың) Мұхтар Ниязов (Қызылорда) пен Иранғайып Күзембаев (Астана) лайық деп танылды. 400 мың теңгелік ІІІ дәрежелі жүлде Мұрадым Мирланов (Орал) пен Рүстем Қайыртайға (Алматы) берілді. Облыс əкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың атынан Мұхтар Ниязовқа 500 мың теңгелік арнайы жүлде табыс етілді.

Айтысты қорытындылаған қазылар алқасының төрағасы Есенғали Раушанов ақындарға дем беріп, жанкүйерлік танытқан Жайық жұртшылығына алғыс айтты.

Қазбек Құттымұратұлы,

«Егемен Қазақстан»

Орал

Суретті түсірген Айбатыр Нұраш