Поэзия және журналистика саласында артына мол мұра қалдырған Есләм Зікібаевтың 75 жылдығы туған жерінде кеңінен аталып өтті. Сондай игі шараның бірі «Ақын болып ғұмыр кешу» деген тақырыпта М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да қанат қақты. Әдеби-сазды кешке ақынның жары Роза Зікібаева, марқұмның туған-туыстары мен өнерсүйер қауым қатысып, өлең-жырларында шындықты, тазалықты, пәктікті жырлап өткен ақынның адамгершілік асыл қасиеттері, шығармашылық қолтаңбасы жайлы небір сырлар шертілді. «Ақиқат» журналының бөлім меңгерушісі, белгілі публицист Сарбас Ақтай, Еуразия университетінің профессоры Семетей Жусанбаев, жергілікті ақындар Мүталлап Қанғожин, Болат Қожахметов және тағы басқалар тұлғалы азаматтың ішкі жан дүниесіне терең бойлап, ағынан ақтарылды. Тіл институтының студенттері ақынның өлеңдерін нақышына келтіре оқып берді. Оның өлеңдеріне жазылған әндер әуелете шырқалды.
Сондай-ақ, ақынның жыр топтамалары екі томдығының тұсаукесері өтті.
Ақынның мерейтойы одан әрі туған жері Өрнек ауылында жалғасты.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.