![Қытай ұлттық күні ашылды](/article_photo/1499311538_article_b.jpeg)
Салтанатты рәсім екі елдің мемлекеттік әнұранымен ашылды. Одан кейін сөз алған Мәжіліс Спикері жиналғандарды Қытай ұлттық күнінің ашылуымен құттықтай келіп, әлем елдерінің Қазақстанға деген сенімі мен құрметінің айшықты дәлеліне айналған ЭКСПО көрмесін өткізу Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халықаралық беделінің және жаһандық деңгейде ойлайтын көреген саясатының нәтижесі екенін атап өтті.
– «Болашақтың энергиясы» және «жасыл экономика» тек бірнеше мемлекеттің ғана емес, барша адамзаттың дамуы үшін өте маңызды, өте қажетті мәселе. Сондықтан, біздің көрмеміз осы әлемдік мәселеге өзінің зор үлесін қосады деп сенеміз, – деді Н.Нығматулин.
Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, Президенттің бастамасымен елімізде белсенді жүргізіліп жатқан энергетика саласын жаңғырту жұмыстарының арқасында Қазақстанда қуаты 300 МегаВатт болатын, жаңартылатын энергия өндіретін кәсіпорындар саны 50-ге жетті. Алдағы 2050 жылға қарай қажетті электр қуатының тең жартысы осы жаңартылатын энергиядан өндірілмек.
Оған ЭКСПО көрмесінің де ықпалы зор. Өйткені, бұл жерде әлемдік деңгейдегі, болашағы зор үздік жобалар қойылған.
Ал Қытайдың экспозициясы осы көрмедегі ең ірі және ең үлкен жұмыстардың бірі. Аталған елдің көрмеге қатысуы – жаңа технологияның дамуына және біздің елдеріміз арасындағы байланысты одан әрі тереңдетуге жол ашады.
Осыдан кейін сөз алған Шэнь Юэ Юэ ханым Қытайдың ЭКСПО көрмесіне аса қызығушылықпен мән беріп, ұлттық павильонды дайындауға орасан күш жұмсағанын айтты. Өз сөзінде:
– Астана ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу арқылы біз Қытай – Қазақстан достық қарым-қатынастарын нығайтып, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті жаңа биіктерге жеткізе аламыз деп үміттенемін, – деді ол.
Салтанатты рәсімнен кейін екі елдің Парламент өкілдері мен меймандар Қазақстанның «Нұр Әлем», Қытайдың «Болашақтың энергиясы, Жасыл Жібек жолы» атты ұлттық павильонын аралап, инновациялық жетістіктермен танысты.