06 Қазан, 2011

Мейірім шуағы немесе мен жаман аурудан қалай жазылдым

705 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Дәрігерде қыранның көзі,  қыздың саусағы, жыланның даналығы, арыстанның жүрегі болуы керек.                                      Әбу Әли ибн Сина Адамды жақсылыққа тәрбиелейтін, теріс жолға түсіп бара жатқандары болса, оларға ой салып тоқтататын, қысылып  қиналған сәтте көңіліңе жұбаныш әкелетін дүниеде бір ғана сәуле бар – ол мейірім деп аталады. Заманы қандай болса да, адам баласы мейірімге мұқтаж, себебі, өмірдің бұралаң жолдарында кездесетін жауын-шашыны, бұрқаған бораны, аптабы, құйыны мен да­уы­лы адамның жанын жаралайды. Әсіресе, сырқат адамның көңіл кірбіңі көбірек бола­тыны белгілі. Дәрігердің алдына барған сырқат адам оған Құдайдың өзіне сенгендей сеніп, дәрі­гер оның емес, дәрігердің қас-қабағына ол қарап, жылы сөзін естісе, жазылып кеткендей, зіл басқан тұла бойы жеңілденіп, тіпті сауыққандай әсерде болады. «Дәрігердің дәрісі емес – сөзі ем» дегенді халық бекер айтпайды. Ертеректе Мәскеудегі бір қаламдас жолдасымның айтқаны есімнен кетпейді. ...Сібір жақта тұратын бір азамат «ас­қазанға түскен рак» деген диагнозбен Мәс­кеуге келіп, ауруханаға жатады. Жап-жас жігіт, бірақ жүдеп құр сүлдері қалған. Операция жасауға кіріскен онколог-хирург ауру­дың ішін ашады да, емге немесе алып тас­тауға келмегесін, кері жауып тігіп тастайды. Сырқатқа «бәрі дұрыс болды» деп, сыртқы жарасы жазылғасын, ауруханадан шыға­рады. Әзір қуаты барда отбасына жетіп алсын деп ойлайды дәрігер. Жыл өтеді. Бір күні жұмыс аяғында үйіне кетуге киініп жатқан дәрігердің бөлмесіне қолында үлкен сөмкесі бар алпамсадай жігіт кіріп келеді. Ол өткен жылғы сырқат азамат екен. Дәрігер әлдеқашан дүние салды деп жүрген кісіні көріп, таң-тамаша қалады. – Сіздің еміңізден кейін құлан таза болып жазылып кеттім, жұмысымнан да қол үзгенім жоқ. Сізге алғысымды айтайын деп әдейі келдім, – деп екеуі мәре-сәре болып табысады. Бұл оқиға рас па, өтірік пе – мен білмеймін, бірақ дәрігерге, оның сөзіне шын ниетімен құлай сенген адамға ем қонатыны жайлы айтылған әңгіме екендігінде сөз жоқ. Дәрігердің  де дәрігері болады, әрқайсы­сы­ның мінез-құлқы да әрбөлек екені белгілі. Оның үстіне, мұрның ауырса біреуі, тісің ауырса екіншісі дегендей, әбден күлкі келтіретін әрекеттер-ақ өзі ауру адамды онан сайын шаршатады. Ал, адам организмі тұтас бір әлем ғой. Мысалы, үйдің терезе шынысы сынса, жел үрлеп бөлмелер азынап кетеді. Есігі жабылмаса да үй ішінде береке болмайды. Адам организмі де сол сияқты. Осы ретте бұдан бірнеше жыл бұрын елімізде қолға алынып, кейін басылып қалған отбасылық дәрігер тиімді, әрі ауру кісіге де, дәрігерге де пайдалы әдіс секілді еді. Мен осыдан екі жыл бұрын кеудеге түскен жаман аурумен ауырдым. Кеудемде бір  түйіншек бар екенін сезіп жүрдім, бірақ дәрігерге көрінгенім жоқ. Бір күні кешке қарай басым айналып бара жатқасын, Президент Іс басқармасы ауруханасының бас дәрігері Рахат Өсербайқызы Байқошқаро­ваға телефон шалып ем, он бес минутта аурухананың жедел жәрдем бригадасы жетіп келді. Қан қысымым екі жүзге жетіпті, бірден ауруханаға апарып салды. Дәрігер­лердің қолдарына түспей жүрген мені Рахат сіңлім «басыңыздан башпайыңызға шейін тексертемін, сіз өзіңіздің саулығыңызға тіпті көңіл бөлмейді екенсіз, өзге замандаста­ры­ңыз ауырмаса да жылына екі-үш рет ауруханада жатып тексеріледі, ем-дом алады, ал, сіз шақырсақ та келмейсіз» деп мамандар­дың бәріне көрсетіп, ақырында кеудемдегі ісікті анықтап, Астана қаласындағы мықты деген онколог, хирург, невропатолог дәрігер­лер­ді жинап, консилиум жасады. «Кеудеге түскен рак» деген диагноз қойылды. Рахат Президент Іс басқармасына қарайтын меди­ци­налық Орталыққа және Президент Іс бас­қармасына сөйлесіп, олар Германияның Фрай­бург қаласындағы университет клини­касына жіберуді ұйғарып қойыпты. Біз жастау кезімізде мұндай ауруға шал­дық­қан кісіге «ем-дом іздеп әуре болудың керегі жоқ, бұл Құдайдың бұйрығымен өлімнен келген хабар» дегенді жиі еститінбіз. Осы пікір қаныма сіңіп қалған мен: – Ешқайда да бармаймын, шет елге барып өлгенше, өз отанымда өлгенім жақсы, – деп отырып алдым. Консилиумға жиналған жоғары дәрежелі маман дәрігерлер жер-жерден маған ұрса бастады: – Бұл не деген сөз? Өзіңіз көзі ашық, халыққа белгілі адамсыз, сөйте тұра осын­дай пікір айтасыз! Дәл осындай сырқаттан қанша адам жазылып, өмір сүріп жүргенін білмейсіз бе?! Фрайбург қаласында тоғыз ай жатып, екі операциядан өттім және химия, сәуле емдерін алып, тәуір болғасын елге оралдым. Обалдары не керек, неміс дәрігерлері алғаш­қы күннен бастап-ақ шынайы көңілмен қарап, қамқорлай бастады. Оған бір жағынан біздің Парламент Сенаты шет елдермен байланыс комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов бастаған бауырларымыз Берлиндегі Қазақ­стан елшісі Нұрлан Оңжановқа телефон ша­лып, мен жатқан клиниканың бас дәріге­рімен сөйлесуге өтінгені, елші ініміздің мың шақы­рымнан астам жерден келіп, профессормен мен жайлы сөйлескені де әсер еткен болуы керек. Әйелдердің онкологиялық аурулары бойынша Еуропа елдеріне ортақ комиссия бар екен, мені сол комиссияның төрағасы, профессор Герольд Гич қарады, операцияларды да өзі жасады. Әрине, шет елде, оның ішінде  Германияда емделу өте қымбатқа түседі екен, бірақ азамат бауырларымыздың көмегінің арқасында сауығып кеткен сияқтымын. Әйтеуір, әзірше аман жүрмін. Мен бұл хикаятты жазғандағы мақсатым – маған, ең алдымен, мейірім сәулесін түсіріп, менің бармаймын, емделмеймін дегеніме қарамай, бәрін өзі реттеп, туған анасындай жақсылық жасаған Рахат Өсербайқызы Байқошқарованың еңбегін, адамгершілігін айтқым келіп еді. Біз Астана қаласының тұрғыны болғалы да он үш-он төрт жыл болып қалыпты. Содан бері осы ауруханада есепте тұратыным болмаса, Рахат Өсербайқызымен пәлендей алыс-беріс араласым немесе жерлестік, туыстық дегендей жақындығым жоқ еді. Германиядан келгелі де екі жылға жуық уақыт өтті, содан бері де Рахат Өсербайқызы мезгіл-мезгіл мені тексеріп тұруды дәстүрге айналдырып алды. Қазір оның әр сөзі, әр пікірі – мен үшін заңмен бірдей десем, артық айт­қаным емес. Институтта оқып жүргенімізде Александр Островскийдің «Найзағайы» тура­лы Николай Добролюбовтың «Қараңғы патшалықтағы жарық сәуле» деген мақаласын оқып, кереметтей ұнатқаным бар еді. Ауру жанына батқан адамға, оның ішінде емі жоқ деп жүрген жанға дүниенің бәрі түнек патшалығы болып кететінін өзім ба­сымнан кешірдім. Міне, содан бері Рахат Өсербайқызын мен де «түнек патшалы­ғындағы жарық сәуле» деп атайтын болдым. Ол тек маған ғана емес, сырқат адамның бәріне бірдей шынайы жанашырлықпен қа­райды. Қашан көрсең де, оның жайбарақат жүргенін кездестірмейсің: жан ұшырып «анау клиентті МРТ-ға түсіру керек, жетінші палатадағы сырқатты көрсету үшін академик-ортопедті шақырыңдар» деген секілді ауызекі қысқа бұйрықтар беріп, жүгіреді де жүреді. Ауруханада, клиникада қаншама дәрігер, қанша медбике және санитарлық жұмыс атқа­ратын қызметкерлер бар. Олардың әрқайсы­сының тұрмыс-жағдайын біліп отыруды да бас дәрігер естен шығармауға тиіс. Басқа­ларды былай қойғанда дәрігерлердің бәрінде бірдей баспана жоқ, әрқайсысын әр облыстан таңдап шақыртып алғандықтан қиындығы бар. Әрине, Астанада тұрғын үй мәселесі оңай емес, төменгі сатыдағы қызметкерлерге уақытша тұратын жатақхана болса да жақсы болар еді... – Біздің саламызда ең бастысы дәрігердің білімді, тәжірибелі болуы. Содан кейін әрбір сырқат адамға жанашырлықпен қарау. Кешкі сағат 18.00. болысымен үйіне асығатындар сырқат адамға жаны ашитын дәрігерлер емес, – дейді Рахат Өсербайқызы. – Дәрігер-терапевтердің арасында бір де бір жас ғылым докторы жоқ екен, бүкіл облыстарға сұрау салып таба алмадым. Бас дәрігердің жұмысы бастан асып жататынын Рахат Өсербайқызының таңғы сағат сегізден кешкі сағат жиырмадан асқан­ша бас ала алмай жататын жұмысынан көруге болады. Рахат көпбалалы жанұяда өскен, анасы Сәлима бұл оныншы класты бітіретін жылы 46 жасында қайтыс болыпты. Жарқылдаған сұлу анасының жап-жас кезінде дүниеден озғанына қатты қиналған қыз бала «мен қалайда дәрігер болып адам өміріне арашашы болам» деп іштей бекінсе керек. Целиноград қаласындағы медицина инс­титутында күндіз оқып, түнде санитарка болып жұмыс істейді. Бұрын совхоз басқарып, балаларының ғана емес, бүкіл елдің алдында айбатты да қайратты азамат болып көрінетін әке сүйікті жұбайының қазасынан кейін өзіне өзі келе алмай қажи бастаған секілді. Балалар шиеттей жас, әкенің зейнетақысы біріне жетсе, екіншісіне жетпейді. Өздері Қарағанды облысының Осакаровка ауданында ауылда тұрады. Рахат Өсербайқызының әңгімесін естігенде, өздері оқитын жоғары оқу орнының жанынан машиналарын қоятын орын таба алмай жүрген қазіргі студенттер және күндізгі оқуынан кейін аурухана бөлмелерін жуып-шайып тазалап, қа­раңғы көшелермен қорқып басып, кітап-дәптер толы сөмкесін арқалаған күйі қаланың шетіндегі «Слободкада» тұратын үйге келе жататын талдырмаш кішкене қыз көз алдыма келеді. Анасы бұған аяғы ауыр кезінде әке-шешесі ұл болады деп дәме етіп, Рахат туғасын әкесі оны ер балаша киіндіріп, жанына ертіп еркелетіп өсірген екен, соның бәрі бір күнгідей болмай өте шығып, дүниенің қапелімде өзгере кеткені оның ерте есеюіне қатты әсер еткен секілді. Бір күні бірге оқитын қыздар қоярда-қоймай ауыл шаруашылығы институтында өтетін кешке барайық деп қолқалады. Сол кеште жүзінен мейірім нұры төгілген аққұбаша сұлу жігіттің Рахатқа көзі түсіп, айналсоқтап жанынан кетпей қойғаны. Өзі Баянауылдың тумасы екен, ақыры Рахат үшінші курсқа келгенде Мүбарак екеуі қосы­лып тынды. Одан тұңғышы Талғат дүниеге келді. Жарты жыл кішкентайымен Мүбарак жұмыс істейтін Павлодар облы­сына қарасты Баянауылдағы совхозда енесі Мәпішпен бірге тұрды. Енесі өте ақылды адам екен: – Қарағым, оқуыңды тастама, Талға­тыңды өзім бағып берем, – деп келінін оқуға аттандырды. Жас келіншек кішкентай ұлын сағынып, кейде лекцияның үстінде конспект жазып отырған дәптеріне көзінің жасы тамғанын көрген курстастары бұған жалт-жалт етіп қарап қоятын. Осы жағдайды түсінген енесі  көп ұзамай Мүбаракты да келіншегінің соңынан жіберіп: – Жассыңдар, аш болсаңдар да, тоқ болсаңдар да, бірге болыңдар! Сол жақтан да жұмыс табылар, – деп ұлын аттандырды. Тәрбиелі қазақ үшін ананың әр сөзі – заң. Оқуды бітіргесін еңбек жолын қаладағы «Целинэнерго» мекемесінде учаскелік дәрі­гер болып бастаған Рахат алғашқы күндер­ден-ақ қарапайым адамдардың алғыс-рахметіне ие бола бастады. «Целинэнерго» ол кезде облыстағы ең үлкен мекеме, оның аурухана, емхана­сында жүздеген адамдар жұмыс істейтін. Солар­дың арасында қазақ ұлтынан жалғыз Рахат Байқошқарова еді. Еліміз Тәуелсіздік туын қадағаннан кейін Президент Әкімшілігі, Үкімет, Парламент – Ақмолаға көшіп келгесін, медицина­лық орталыққа қарайтын аурухана ашылып, оның бас дәрігерлігіне Геннадий Гродер тағайындалды. Ол бұрын «Целинэнерго­ның» емханасында басшы, ал Рахат бөлім меңгерушісі болған. Рахатты өзіне емдеу жөніндегі орынбасар етіп тағайындаған да сол кісі. Өте іскер, талапты өте қатты қоятын марқұм Геннадий Германовичтен басқару жүйесіне байланысты бұл көп нәрсені үйренді. Қазір ол Президент Әкімшілігінің Іс басқармасына қарасты аурухананың бас дәрігері. Әлемдік медицина жетістіктері 2006 жылдан мұнда да  пайдаланыла баста­ды. Жоғары дәрежелі медбикелер мен дәрі­герлер істейді. Денені кеспей операция жасау да осы ауруханада іске аса бастады. Техника ғылымдарының докторы, академик Мүбарак Адуовтың  сүйікті жары, Талғат пен Нұрланның ардақты анасы, Алдияр мен Айлиннің дүниедегі ең әдемі, ең мейірімді, ең жақсы әжесі, ал, мен секілді теңіз суына батып кете жаздағандардың құтқарушы шеңбері – осы орта бойлы, бидай өңді әдемі келіншек. Құранда, Інжілде айтылғандай, адамның басқаларға жасаған жақсылығы табиғаттың заңы бойынша өзіне не бала-шағасына, тіпті үрім-бұтағына екі есе жақсылық болып оралады деген қағида рас болса, Рахат Өсербайқызының барлық ұрпағы мейірім нұрына бөленетін шығар. Дәрігердің жұмысы соншалықты қиын да күрделі екенін жұрттың бәрі бірдей біле бермейді. Әдетте, адам жанына сырқат әбден батқанда ғана дәрігерді тауып, ол қалайда құтқаруға тиісті кісідей міндетси қарайды. Үйіне барып ұйқыға кетер уақытта да сырқат адамды ойлап дәрігердің мазасы кететінін әркім білсе ғой... Елімізде осындай жаны жайсаң адам­дардың бар екенін көргенде, өзіңді мәңгі жасайтын адамдай сезініп, қанат біткендей қуаттанатын сәттердің жан рахатына не жетсін, шіркін!.. Шүкіршілік ету деген осы шығар. Фариза ОҢҒАРСЫНОВА.