06 Қазан, 2011

Атом энергетикасы

3271 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Одан үрейлену қаншалықты орынды? Газетіміздің өткен санында Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Қазақстан: 20 жыл орнықты даму, инвестициялар мен тұрақты ынтымақтастықтың жаңа көкжиегі» деген тақырыпта VI KAZENERGY еуразиялық форумы басталғанын хабарлаған болатынбыз. Сейсенбі күні форум өз жұмысын одан әрі жалғастырды. Бұл күнгі форум жұмысына «Атом энергетикасының сабақ­та­ры және баламалы энергия көздерінің даму мүмкіндіктері» тақырыбы негіз болды. Пле­нар­лық сессия жұмысының тақы­ры­бы Бүкіләлемдік энергети­ка­лық кеңестің қолдауымен өтті. Алдымен Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев сөз алды. Ол KAZENERGY форумының жыл­дан-жылға мазмұны артып, энер­гетикалық ресурстар саласы бойынша байсалды сұхбат құру алаңына айналып келе жат­қан­дығын тілге тиек етті. «Қазақ­стан экономиканы әртарап­тан­дыру бойынша Мемлекет бас­шы­сы белгілеп берген үдемелі индустрия­лық-инновациялық даму бағ­дар­ламасын жүзеге асы­руда. Бұл маңызы өте жоғары бағдарлама болып отыр. Осы орайда бағ­дарламада энергетика да өзінің маңызды рөлін ат­қа­руы керек деп ойлаймын. Қа­зір­гі таңда Қазақстанның энер­ге­тика сала­сы­на инвестиция тарту мақса­тын­да барлық жағдай жасалуда. Сонымен қатар, энер­ге­ти­ка са­ласының одан әрі қар­қын­ды да­муы үшін жаңа механизмдер қарастырылып жатыр. Біз келесі жылдың өзінде Қазақстан элек­тр энергетикасы саласы шетелдік инвестиция құюға тартымды үздік рыноктардың бірі бола­ты­нына сенімдіміз», деді Ә.Исекешев. Форум делегаттарының ал­ды­на шыққан шешендердің бірі Халықаралық энергетикалық ке­ңестің Жапония ұлттық комите­тінің басшысы Теруаки Масумото 11 наурыздағы цунами мен зіл­заладан кейінгі Жапониядағы қалыптасқан жағдай туралы баяндама жасады. «Дәл қазір Жапония таңдау үстінде тұр. Мемлекет тек бұл елді ғана емес, жаһанды да ой­лан­дырып тұрған атом энергия­сымен жұмыс істеуді жал­ғас­ты­ру керек пе, жоқ па деген сұ­рақтың шешіміне талдау жасау үстінде. Әрине, бұл сұрақты әр мемлекеттер өздері үшін әртүрлі шешуде. Мысалы, Германия мен Швейцария атом реакторлары құрылысын салуды тоқтатса, Сауд Арабиясы мемлекеті 2034 жылға дейін 16 реактор жұмы­сын қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр. Сондықтан атом реак­торларымен жұмыс істеу туралы шешімді жапон халқы ғана шеше алады, деді ол. Бұл орайда Қазақстан тарабы қандай бағыт ұстанып отырғандығын Премьер-Министрдің орынба­са­ры – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев айтып өтті. «Қазақстанға келсек, энергетиканың дамуы Қа­зақстан Үкіметінің негізгі мін­деттерінің бірі болып отыр. 2015 жылға қарай электр энер­гиясын өндіру жоспар бойынша 100 млрд. киловатт-сағаттан асып түсуі керек, өйткені ол осы уақытқа дейін салынатын 469 жаңа зауыттың жұмысын қам­тамасыз етеді. Ал баламалы энер­гия көздері өндіретін энер­гия үлесі 2014 жылдары 1 млрд.киловатт-сағатты құрауы тиіс», деді ол. Қазақстан өзінің атом энергетикасын дамыту шеңбе­рінде жапондық «Фукусима» АЭС-інің тәжірибелерін зерттеуде. Өйткені еліміз бұл саланы дамытудың барлық алғышарт­та­рына ие. Сондықтан бұл бағыт бойынша біз Фукусимада бо­лып жатқан барлық жағдайлар мен ақпараттарды ерекше назар­ға алып, зерттеудеміз. МАГАТЭ және барлық комиссия жұмыс­тарына белсенді қатысудамыз. Қазақстанда ғылыми-зерттеу және тәжірибелік база мен жо­ғары кәсіби мамандар бар. Олар ядролық технология саласын­да­ғы қауіпсіздік, ядролық физика саласында іргелі-қолданбалы зерт­­теу бағдарламаларының орын­да­луын қамтамасыз етеді», деп атап өтті Ә.Исекешев. «Жапонияда орын алған қай­ғылы оқиғаларға және оның ай­наласында туындаған ядролық энергетиканың даму болаша­ғы­на байланысты күмәнге қара­мас­тан атом энергетикасы дәс­түрлі энергия көздеріне әлемдегі тұрақты және ұзақ мерзімді ба­ламалы жалғыз энергия көзі бо­лып отыр. «Фукусима оқиға­сы­нан кейін жетекші әлемдік энергетикалық агенттіктер мен ұйымдардың болжауынша, бола­шақта атом электр энер­гети­касының үлесі бірте-бірте өсіп, әлемдегі жалпы энергетикалық тепе-теңдіктің маңызды бөлігін құрайтын болады. Жаһандық қар­жылық дағдарыстың өзі әлемде құрылысы жоспарланған жаңа атом реакторларының са­л­ы­ну жоспарын тоқтата алма­ған­дығын айтып өткен жөн. Ал Германия және АЭС-тен бас тартып отырған басқа да елдерге Фукусима оқиғасына дейін де атом энергетикасының даму болаша­ғы­на күмәнмен қарағандығы әсер етті. Алайда, бұл жағ­дай­ларға қарамастан, Қытай, Үн­дістан және Ресейде ядролық-энергетикалық қуат көздерінің да­мытылуы одан әрі қарқын алады деп күтілуде. Бұл мемлекеттер ядролық энергетиканы дамыту жоспарынан айнып отыр­ған жоқ. Осы орайда Қа­зақстан да ядролық энергетикаға балама жоқтығына күмән келтірмейді, сондықтан оны да­мыту одан әрі жалғасын табатын болады. Қазір жаңа АЭС құ­ры­лысын салудың кезеңдері ғана айқындалған жоқ. Осы орайда Қазақстанда алғашқы атом элек­тр стансасы таяу 10 жыл ішінде салынуы мүмкін», – деді «Қаз­атомпром» ұлттық атом ком­па­ниясының басқарма төр­аға­сының орынбасары Сергей Яшин. «Бұл бағытта жұмыстар басталып та кетті. Егер АЭС құ­рылысын салу шешімі қазіргі әлемде қолданылатын қолда бар атом реакторлары құрылысын салуға арналған технологияны есепке ала отырып қабыл­да­на­тын болса, алғашқы станса таяу 10 жылдың ішінде пайда болуы әбден мүмкін. 2011 жылы Қа­зақстан Үкіметі энергетикалық дамудың жаңа бағдарламасын бекітті. Бағдарлама республика­да­ғы атом энергетикасының да­муына негіз қалайды. Бізге таяу уақытта елдің энер­гетикалық тепе-теңдігіндегі атом энергетикасының орны мен рөлін анықтап алу керек, сон­дай-ақ атом стансаларын қай жер­лерде орналастыру керектігі жөнінде де нақтылық керек. Со­нымен қатар, ең алдымен қауіп­сіздігін негізге ала отырып, қо­лайлы ядролық технология­лар­ды таңдап, бірқатар кешенді мә­се­лелерді шешуіміз керек. Кешенді мәселелер атом энерге­ти­касы саласындағы мамандарды дайындау мен оны қолданудың нормативтік құжаттарын жасап шығарудан бастап, АЭС құры­лысына қазақстандық кәсіп­орын­дардың қатысу мүмкіндігін қарастыруға дейінгі жәйттерді қамтиды», – деді С.Яшин. Бұл күні талқыланған атом энергетикасының даму болаша­ғы туралы мәселеде басы айқын бір нәрсе болды. Ол – атом энер­гетикасының дәстүрлі энергия көздеріне балама бола алатын жалғыз энергетика көзі екендігі. «Фукусима» оқиғасынан кейінгі айғай-шуды дәл қазір қысқа мер­зімді құбылыс деп ой­лай­тындар да жоқ емес. Сол себепті атом энергетикасын қолдануды жолға қоймақшы мемлекеттер саны артып келеді. Бас тартып отырған Еуропа елдерінің де уәжі бар. Ал Қазақстан болса, жоғарыда айтып өткеніміздей, АЭС салу жоспарынан бас тарта қойған жоқ. Ал қайғылы жағдай орын алған жапон елі атом электр стансаларын қолдануды қолдай ма, қолдамай ма, ол жағы белгісіз. Өйткені әлемде АЭС салу бойынша тәжірибесі өте бай әрі жетекші мамандары бар саналатын бұл елдің таби­ғаттың тосын жағдайларына ша­расыздық танытуы көп елді ойлантып тастады. Түстен кейін KAZENERGY ассоциациясы мен Қалпына келтірілетін энергия бойынша ха­лық­аралық зерттеу орталығы арасында әріптестік меморан­ду­мына қол қойылды. Сондай-ақ «Экологиялық қауіпсіздік және энергия тиімділігі» сессиясы мен KAZENERGY жастар форумы қатар өтті. Венера ТҮГЕЛБАЙ, Суреттерді түсірген  Орынбай БАЛМҰРАТ.