Футбол • 07 Шілде, 2017

«Қайрат» пен «Ертіс» Еуропа лигасының келесі кезеңіне өтті

160 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінің қарымта матчтары өтті. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша «Қайрат» пен «Ертіс» еурокубоктың келесі іріктеу кезеңіне жолдама алды. Ал Шымкенттің «Ордабасы» командасы жарыс жолынан шығып қалды.

«Қайрат» пен «Ертіс» Еуропа лигасының келесі кезеңіне өтті

Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінің қарымта кездесуінде Алматының «Қайраты» литвалық «Атлантаспен» кездесті.

Алғашқы матчта қарсыласын 6:0 есебімен ойсырата ұтқан «Қайрат» қарымта ойында да «Атлантастан» басым түсті.

Бірінші таймда гол жібергеніне қарамастан Цхададзе шәкірттері ойын тізгінін өз қолдарына ала білді. Бірінші голды Иво Иличевич соғып есепті теңестірсе, артынша «Қайраттың» сұрмергені Жерер Гоу командасын алға шығарды. Алматылық ұжым матч барысында көптеген мүмкіндіктерін тиімді пайдаланбады. Дегенмен, алғашқы кездесуде қарсыластарына жауапсыз 6 гол соққан олардың келесі кезеңге қиналмай өтетіні белгілі болды. Сол себепті «Қайрат» футболшыларының Қазақстан премьер-лигасындағы келесі ойынға күштерін үнемдеулеріне толық негіз бар еді.

Ал матч соңына қарай «Қайраттың» бас бапкері жас ойыншыларды тексеріп көрді. Соның бірі «Қайрат» академиясының түлегі мен Қазақстан жастар құрамасының капитаны Айбол Әбікен Андрей Аршавинді алмастырды. Гоу мен Иличевичтің соққан голдарынан кейін таблодағы есеп өзгермеді (1:2). Осылайша, екі ойын нәтижесі бойынша қарсылас қапасына сегіз гол соғып, бір гол жіберген «Қайрат» Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңіне жолдама алды.

Айта кетейік, «Қайраттың» екінші кезеңдегі қарсыласы «Скендербеу» – «Сан-Хулиа» кездесуінде анықталмақ.

Сондай-ақ Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінің қарымта ойынында Павлодардың «Ертіс» командасы болгариялық «Дунавтан» басым түсті.

Павлодарда болгарларды 1:0 есебімен тізе бүктірген «Ертіс» ойыншылары қарымта кездесуге де жоғары дайындықпен келгендерін байқатты. Сырт алаңда тәжірибелі командаға қарсы ойын өткізудің қиын екені белгілі. Дегенмен, жерлестеріміз қорғаныста да, шабуылда да сауатты ойын көрсетіп, жеңіске жетті (0:2). Матчтың алғашқы минуттарында «Ертістің» орталық қорғаушысы Марио Маслач бұрыштамадан көтерілген допты қақпаға дәл бағыттап, командасын алға шығарды. Ал ойынның аяқталуына бірер минут қалғанда жартылай қорғаушы Аслан Дарабаев есепті еселеді. Осылайша, екі кездесудің қорытындысы бойынша қарсыласынан 3:0 есебімен басым түскен «Ертіс» Еуропа лигасының келесі іріктеу кезеңіне өтті.

Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінің қарымта кездесуінде Шымкенттің «Ордабасы» командасы босниялық «Широки Бриегті» қабылдады. Алматының Орталық стадионында өткен матчта есеп ашылмады (0:0).

Сырт алаңда қарсыласына есе жіберген шымкенттіктер қарымта ойында бірден шабуылға ұмтылды. Бірінші кездесуде 2:0 есебімен ұтылған «Ордабасы» командасына келесі кезеңге өту үшін барынша жылдам гол соғу қажет еді. Алайда, «Широки Бриег» футболшылары қорғаныста сауатты ойын көрсетіп, қарсыласының шабуылдарына тосқауыл қоя білді.

Екінші таймда Петрушин шәкірттері қысым көрсетіп, шабуылдарын үдете түсті. Кездесудің 49-минутында керемет комбинациядан кейін Виталий Ли қауіпті соққы жасады. Ал 54 минутта сол Виталий Ли тағы бір мүмкіндікті мүлт жіберді. Соңына қарай ойын қызи түсті. Қос қарсылас бір-бірін аямай, дөрекі ойнады. Нәтижесінде, Самат Смақов жарақат алып, алаңнан кетуге мәжбүр болса, Еркебұлан Тұңғышбаев босниялық футболшының аяғынан теуіп, сары қағаз алды. Алма кезек шабуылдардың бірінде қонақтар Алмат Бекбаевтың қақпасының алдында аса қауіпті жағдай туғызды. Абырой болғанда, «Ордабасының» қорғаушысы Темірлан Ерланов бос қақпадан допты алып шықты. Осылайша, бірінші кездесуде 0:2 есебімен жеңілген шымкенттіктер қарымта ойында қарсылас қақпасынан саңылау таба алмады. Сөйтіп, Еуропа лигасындағы жорығын бірінші іріктеу кезеңінен аяқтауға мәжбүр болды.