Аймақтар • 07 Шілде, 2017

Катонқарағайда жүз жыл бұрынғы мектеп қайта қалпына келтірілді

437 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Төр Алтайдың баурайында, кие қонып, құт дарыған Шыңғыстай атты ауыл бар. Осыдан тұп-тура 100 жыл уақыт бұрын дәл осы ауылда Шығыс Қазақстан өңіріндегі алғашқы қазақ мектептерінің бірі бой көтерген еді.

Катонқарағайда жүз жыл бұрынғы мектеп қайта қалпына келтірілді

Білім ордасын өз қаржысына салдырған – Шыңғыстайда 25 жыл болыс болған, Ресейдің Мемлекеттік думасына екі мәрте делегат ретінде қатысқан Әбдікерім Ережепов. ХХ ғасырдың басында бұл мектепте Әбдікерім болыстың арнайы шақыруымен алаш ардақтысы, қазақтың көрнекті ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың сабақ бергені белгілі. Осындай тағылымды тарихы бар қара шаңырақ Тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарында қараусыз қалып, быт-шыты шығып, бұзылып, тек іргетасының орны ғана қалып еді. Катонқарағайлық азаматтар мектептің ашылғанына 100, Әбдікерім Ережеповтің туғанына 150, Алаш Орда үкіметінің құрылуының 100 жылдығына орай тарихи ғимаратты қалпына келтіруді жөн деп ұйғарыпты. «Елінің, халқының, ұрпақтың болашағын ойлаған азаматтар ол заманда да болған. Соның бірі - Әбдікерім Ережепов. Ұрпақ қамын, ұлт мүддесін ойламаса сонау түкпірдегі Катонқарағайға мектеп салдыра ма? Кезінде Сұлтанмахмұт дәріс берген білім ордасында Оралхан Бөкей, Баламер Сахариев, Бошай Кітапбаев, Сәрсен Аманжолов, Құмаш Нұрғалиев, Әлібек Асқаров, Дидахмет Әшімхан сынды қазақтың мүйізі қарағайдай тұлғалары тәлім алған. Кесек сөзімен, кемел өнерімен ел мерейін асырған марғасқа азаматтарды түлеткен тәрбие ошағын қалпына келтіру - біздің парызымыз. Бұл – бір жағынан тарихымызды ұлықтау, екінші жағынан, ел шетін белгілеу. Өйткені, Катонқарағай елдің шетінде, желдің өтінде жатқан шекаралық аудан екенін жақсы білесіздер. Елбасы нұсқаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасына Алтайдағы ағайын осылайша үлес қосуды көздейді», - дейді осы игі істің басы-қасында жүрген катонқарағайлық кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Ұлықбек Тұмашинов.

Туған жерге жанашыр азамат 100 жыл бұрынғы мектепті қайта қалпына келтіру үшін Катонқарағай ауылындағы патша заманында тұрғызылған жеке меншіктегі бір ғимаратты сатып алып, жерлестеріне тарту етіпті. Әбдікерім мектебімен жас шамасы тұспалдас, қарағайдан қиып салынған бұл үй жақында Шыңғыстай ауылына жеткізіліп, бұрынғы мектептің іргетасының үстіне қойылып, шатырланып, қазіргі уақытта ғимараттың ішін безендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Аудандық мәслихат хатшысы Дүйсен Бралинов бұл нысанды мектеп-музейге айналдыруды жоспарлап отырғандарын айтады. Мектеп-музей бірнеше бөлмелерден тұрады деп жоспарланған. Оның бірі Әбдікерім Ережеповке, екіншісі Оралхан Бөкейге, үшіншісі сол замандағы сыныпты бейнелейтін жеке бөлме ретінде ашылмақ. Бөлмелерді жалғайтын үлкен дәліз мектеп тарихы мен оның түлектеріне арналмақ. Катонқарағай ауылындағы ескі ғимаратты бұзған кезде оның шатырынан шамамен 100 жылдан астам тарихы бар көне шай кесектері мен сол қалпы бұзылмай сақталған бірнеше бұл орамдары табылған-ды. Кезінде НКВД ғимараты болған нысанның бір бөлігінен қапас бөлмесі анықталып, бөренеден жасалған қабырғасынан «Шабдан 1928» деген жазу шығыпты. Жергілікті зиялы қауым өкілдері бұл Әбдікерім болыстың ұлы Шабданның қолтаңбасы болуы мүмкін екендігін, қамақта отырғанда жазған деген болжам айтып отыр. Зұлмат заманның ызғарлы лебін сездіретін осы бөрене қабырға да сол күйінде мектеп-музейге қойылмақ.  «Оралхан Бөкейдің Шыңғыстайдағы музей-үйі көп жылдан бері мемлекет қарамағына алынбай, қараусыз қалып келе жатыр еді. Негізінде бұл ғимаратты қамқорлыққа алып, сақтай алсақ жөн болар еді. Бірақ үйді аудан балансына бермей отыр. Өкініштісі сол, келген адамдар сыртынан қайтып кетіп жатыр. Сондықтан мұндағы жәдігерлерді жаңадан салынған мектеп-музейдегі жазушыға арналған бөлмеге көшіруді жөн деп шештік», - дейді Д.Бралинов.

Қазіргі уақытта мектеп-музей біршама дайын деуге болады. Ғимараттың кіреберісіне Әбдікерім Ережеповке арналған ескерткіш тақта орнатылып, 100 жыл бұрынғы сынып бөлмесі де әзір болыпты. Тарихи нысанды қалпына келтіру шаруасын Ұлықбек Тұмашинов өз мойнына алса, ғимараттың маңын абаттандыру, жол салу, су тарту, арнайы штат бөлу жұмыстарын аудан әкімдігі міндетіне алыпты. «Катонқарағайға әкім болып тағайындалғаннан кейін Шыңғыстайда жыл сайын өтетін Оралхан Бөкей оқуларына қатыстым. Сол кезде ұлы жазушы туған ауылда музей ашу туралы ой келді. Бұл ойымды жергілікті азаматтар да құптады. Катонқарағай – сұлу табиғатымен ғана емес, шежірелі тарихымен де әйгілі. Бір ғана Берел қорғандарының өзі неге тұрады?! Сондықтан біз ойлана келе Шыңғыстайдағы мектеп-музейді Катонқарағай ауданының тарихын паш ететін тағылымды орынға айналдыруды көздеп отырмыз. Қазіргі уақытта нысанның ішін безендіру, жәдігерлермен толықтыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Амандық болса, қайта қалпына келтірілген тарихи ғимаратты жақын арада салтанатты түрде ашпақ ойымыз бар», - дейді аудан әкімі Ахметқали Нұрғожин.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы