Аймақтар • 07 Шілде, 2017

Батыс Еуропа - Батыс Қытай магистралінің құрылысы 7 мың жамбылдықты жұмыспен қамтыған

341 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Еуропа - Батыс Қытай халықаралық транзиттік дәлізі автожолының Жамбыл облысындағы бөлігінің құрылысына көбіне отандық өндірістің құрылыс материалдары қолданылды, деп хабарлайды «ҚазАвтожол» ҰҚ» АҚ Жамбыл облысындағы филиалы.

Батыс Еуропа - Батыс Қытай магистралінің құрылысы 7 мың жамбылдықты жұмыспен қамтыған

«ҚазАвтожол» ұлттық компаниясы филиалының басшысы Дәурен Тоқтаровтың мәлімдеуінше, қазіргі уақытта Батыс Еуропа - Батыс Қытай күре жолының Жамбыл облысындағы бөлігінің 495 км салынып бітті, оның 295-і төрт жолақты, 200 км екінші дәрежелі техникалық, яғни екі жолақты. 351 км тас жол цемент-бетон, 144 км - асфальтты-бетон жабындысымен салынып, 13 тонналық жүкке есептелген. Жол құрылысшылары мұндай жол 20-25 жыл қызмет ететіндігін айтады.

Батыс Еуропа - Батыс Қытай магистралінің құрылысы жеті мың жамбылдықтарды жұмыспен қамтып отыр. Қазіргі уақытта халықаралық магистраль бойымен Жамбыл арқылы тәулігіне орта есеппен 7,5 мыңнан астам көлік жүріп өтеді.

Жамбыл облысындағы республикалық маңызға ие жолдың жалпы ұзындығы 1 237 км құрайды, оны күтіп ұстау жұмыстарын «Қазавтожол» РМК Жамбыл облысындағы филиалы жүзеге асырады.