06 Қазан, 2011

Біз – бір елміз, біртұтас халықпыз

4133 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Рухани келісім күні аясында ел аумағында қайырымдылық шараларын ұйымдастыру туралы игі бастаманы таяуда Халықаралық «Рухани келісім конгресі» қоғамдық қорының президенті, Парламент Сенатының депутаты Төлеген Мұхамеджанов көтерген болатын. Бұған дейін рухани келісім күні аясында ел аумағында жалпы саны 60 000 отандасымыз қатысқан қайырымдылық шарасы өткен еді. Биылғы жылы да осы дәстүрді жаңғыртып, қайырымдылық акциясын жаңғырту қажеттігі туралы ұсынысты Астана қаласындағы үкіметтік емес ұйымдар да қолдап, өздерінің отандастарға үндеуін таратты. Үндеуде былай делінеді. Құрметті қазақстандықтар! Отан­дастар! Қазақстан Респуб­ли­касының тәуелсіздігіне 20 жыл толып отырған биылғы ай­рықша жылда біз қасиетті тәуел­сіздіктің адамдар бойынан қан­дай шығармашылық екпін, қан­дай тың күштер ашқандығының куәсі болудамыз. Тарих қойнауына енген бұл жылдар аралығында біздің ха­лық өзінің ұлтаралық қарым-қа­тынастың тепе-теңдігін сақтай оты­рып, бейбіт өмір сүре ала­тын қонақжай ел екендігін көр­се­те білді, жаңа рухани баста­ма­ларды тудыра алды. Осындай бастамалардың қатарында Рухани келісім күні атты ерекше мереке де бар, айта кетерлік жәйт – дәл осындай ерекше күн әлем­нің бір де бір елінде жоқтығы. Бұл бастама 1992 жылы 18 қа­зан­да Алматы қаласында өткен I Бүкіләлемдік Рухани келісім күні аясында көтеріліп, ел тара­пынан қолдау тапқан еді. Арада бес жыл өткенде 1997 жылы осы мерекеге орай мерекелік дастарқан Қазақстанның түкпір-түк­пі­рінде ұйымдастырылып, оған жал­пы саны 60 мың адам қа­тысқан еді. Олардың бәрінің ба­сын бір жерге қосқан бірлік, ізгілік пен қайырымдылық, жетімдерге, қарттар мен жалғыз­ілік­ті жандарға, науқас жандар мен мүгедектерге деген оң ниет болатын. Біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани келісім қоз­ғалысына берген жоғары ба­ғасын мақтан тұтамыз, осы күні өзінің барша қазақстандыққа деген ізгі тілектерін де жолдаған еді. Құрметті отандастар, Рухани келісім күні аясында біз бар­шаңызды, қайырымдылық қағи­да­ларын сақтай отырып, бір-бі­рімізге көмек беруге, қайы­рым­дылық қажет кезде сүйеу болуға шақырамыз. Бұл адам өзінің жаны ізгі пенде екенін түсінетін, Жаратушы иенің «берген адам­ның қолы семіп қалмайды» деген сөздерін негізге алу керек. Демеушілік – бұл тек қана жақсы ықылас емес, бұл ізгілік пен қайырымдылықтың жүрек­тен шыққан шынайылығы. Бұл егер шын жүректен шыққан игі қасиеттер болса қайырым­ды­лық­қа қол жеткізген адамның да жүрегіне ізгілік нұрын себері сөз­сіз. Осы арқылы адамдар ара­сындағы рухани байланыс ор­найды. Біз бүгін кәсіпкерлерді, саясаткерлерді, қоғам қайрат­кер­ле­рін және дінбасыларын, респуб­ли­камыздың барлық азамат­та­рын 18 қазан күні өтетін қайы­рым­дылық астарға атсалысуға шақырамыз. Дастарқан басында бір үзім нанды бөліп жеудің біз­дің халық үшін қандай мағы­насы барын бәріміз де білеміз. Бұл күн біздің баршамыз үшін ру­хани келісімнің мерейін көтер­ген, ұлт пен дінге бөлінбей бір­ге атап өтетін мерекеге айналсын. Үндеуге белсенді жастар аты­нан қоғам, ғылым, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қол қойған.