Қазақстан • 08 Шілде, 2017

Иордания Астанада өтетін ғылым және технологиялар жөніндегі ИЫҰ саммитіне қатысатындығын растады

171 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Амманда ИЫҰ мәселелері жөніндегі ҚР Президентінің Арнайы өкілі, сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Қамалдинов Иордания Хашимит Корольдігінің Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы, құқықтық мәселелер бойынша мемлекеттік министрі Бишр Хасаунамен кездесіп, алғашқы қазақстандық-иордандық саяси консультацияларды өткізді, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Иордания Астанада өтетін ғылым және технологиялар жөніндегі ИЫҰ саммитіне қатысатындығын растады

Мемлекеттік министрмен кездесуі барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастардың жайы мен перспективаларды, өзекті халықаралық және өңірлік мәселелерді, сондай-ақ Таяу Шығыс өңірінің ағымдағы ахуалын талқылады.

Сұхбат барысында Иордания Королі Абдалла ІІ бен Әл-Хусейннің Қазақстанға ресми сапарын ұйымдастыру бойынша мәселесіне аса назар аударылды. Иорданияның мемлекеттік министрі қазақстандық тараптың ұсынысын міндетті түрде иордан монархының назарына жеткізетініне сендіріп, Амман ресми сұрақты мұқият қарастыратынын жеткізді.

Б.Хасауна ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік мәселелерді реттеу жолындағы үлесін ерекше атап өтті. Мемлекеттік министрдің сөзіне сәйкес, Иордан тарапы Сирияда тұрақтылықты және бейбітшілікті орнату ісінде Астаналық процесінің және Сириядағы тұрақтылығына мәнділігін ерекше танып, қазақстандық келіссөз алаңы сириялық дағдарысты реттеуге өз үлесін қосатындығына үміт артты.

Иордания Қазақстанды жақын әрі дос мемлекет ретінде қарастыратынын қуаттап, екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға мүдделі екендігін жеткізді. Иордандық тарап 2017 жылы 10-11 қыркүйекте Астанада өтетін Ғылым және технологиялар жөніндегі ИЫҰ бірінші саммитіне жоғары деңгейде қатысатындығына сендірді.

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қазақстандағы соңғы маңызды іс-шаралар, әсіресе өткен ШЫҰ саммиті мен жуырда ашылған «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі жөнінде хабардар етті. Орайлы сәтті пайдалана отырып, ол иорданиялық тарапты көрмеге қатысуға шақырды. Көрме екіжақты ынтымақтастықты кеңейту үшін тиімді платформа бола алатындығына назар аударылды.

Екіжақты қарым-қатынастардың тарихында алғашқы саяси консультациялар барысында А. Қамалдинов пен иорданиялық делегацияның басшысы Сыртқы істер және экспатрианттар жөніндегі министрлігінің бас хатшысы Зейд әл-Лаузи саяси, экономика, инвестициялар және әлеуметтік-мәдени салаларындағы екіжақты ынтымақтастық бойынша мәселелерін, халықаралық ұйымдар аясындағы екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың жағдайы мен келешектерін, сонымен бірге Таяу Шығыс өңірінің ағымдағы ахуалын талқылады.

Консультациялар барысында қос тарап 2016 жылғы 7-8 қыркүйек аралығында Астана қаласында өткен Қазақстан-Иордания Cауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының Хаттамасын сапалы орындауға уағдаласты. Сонымен қатар тараптар халықаралық ұйымдар және 2017-2018 жж. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Қазақстанның мүшелігі шеңберінде сындарлы ынтымақтасуға уағдаластыққа жетті.