Халықаралық беделді ұйымдардың форумдарын өткізу қай елдің де абыройын арттырары сөзсіз. Өз тәуелсіздігінің 20 жылдығының табалдырығында тұрған Қазақстан бұл мәселеде біраз тәжірибе жинақтап та үлгерді. Осындай үлкен жиын – Прокурорлардың халықаралық қауымдастығының 6-шы өңірлік конференциясы кеше Астанада өз жұмысын бастады. «Қылмыстық-құқықтық саладан тыс заңдылықты қамтамасыз етудегі прокуратураның орны» атты тақырыпты көтерген форум жұмысына әлемнің 45 елінің бас прокуратураларының делегациялары, сондай-ақ БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуроюст және басқа да беделді халықаралық ұйымдар өкілдері қатысуда.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың конференцияға қатысушыларға құттықтауын Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми оқып берді. Сондай-ақ конференцияны кіріспе сөзбен ашқан Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Асхат Дауылбаев аймақтық конференцияға қатысушыларға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, «Нұр Отан» ХДП-ның Мәжілістегі фракциясының жетекшісі Орал Мұхамеджановтың құттықтау жібергенін айтып өтті.
Прокурорлар қауымдастығының форумы ауқымды деңгейде Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр. Қатысушылардың ортақ пікірі бойынша, осындай кездесулердің маңыздылығы мен қажеттілігі жаһандану заманындағы ұлттық мүдде шеңберімен шектеліп қалмайтын өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жалпы стратегиялық міндеттермен шартталған. Бұл жақындасу үрдісін, ұлттық заңнама мен құқықтық жүйенің үйлесімділігін, жалпыға ортақ халықаралық принциптер мен стандарттарды бағдарға алуды талап ететін заман шындығымен үндеседі.
Республиканың Бас Прокуроры Асхат Дауылбаев өз сөзінде Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа ықпалдасуы жағдайында халықаралық ұйымдармен бірлесе жұмыс істеуі, сөзсіз, маңызды біріктіруші фактор болып табылатынын атап өтті. Сондықтан осындай форумдар өткізудің маңыздылығы, ең алдымен, қазіргі замандағы қауіп-қатерге қарсы іс-әрекетті үйлестірумен және жаңа мүмкіндіктерге жол ашумен байланысты болып отыр.
Конференцияның басты тақырыбы – қылмыстық-құқықтық саладан тыс заңдылықты қамтамасыз етудегі прокурордың орны ең алдымен, қоғамдық-саяси құрылымына қарамастан, әр елдегі маңызды адам құқығы мен қоғам мүддесін қорғау қажеттігімен айқындалады.
Осы конференция шеңберінде азаматтардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарын, кәсіпкерлікті, балалар құқығын қорғаудағы прокуратураның атқаратын орны сияқты өзекті мәселелерді талқыға салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, көпшілік мүддесіндегі қоғамдық қауіпсіздік, дін бостандығы, ұлтаралық келісім, адам саудасы құрбандарының құқықтарын қорғаудағы қадағалаушы органдардың қызметі талқыланды. Сондай-ақ ақпарат алудың құқықтық аспектілері, ақпараттық кеңістікті және құпия ақпарат пен жеке деректерге қылмыстық мақсатта қол сұғудан қорғау мәселелері де талқыланды.
Әлемдегі тұрақтылық пен өркендеуді сақтау жолында халықаралық және өңірлік қауіпсіздік саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін қатысушылардың ұжымдық күш-жігерін жұмсауға дайындықтарын растайтын қорытынды құжатқа қол қойылды.
Прокурорлардың халықаралық қауымдастығы әлемнің 140 елінің прокурорларын біріктіреді. Бұл ұйымға Қазақстан 1995 жылы мүше болып қабылданды. Қауымдастықтың құрамына түрлі мемлекеттердің прокурорлық қызметтері мен ұйымдары кіреді. Осыған қарамастан қауымдастық прокуратура түрлері мен қызметін бірегейлендіруді көздемейді. Прокуратура түрлерінің тарихи және өзге де айырмашылықтарына, олардың өкілеттіліктерінің сипатына құрметпен қарайды.
Прокурорлардың халықаралық қауымдастығына мүше елдердің алдында прокуратураның құқық қорғау әлеуетін дамыту және нығайту міндеті тұр. Қауымдастық заңның үстемдігі, адам құқығын құрметтеу, құқықтық реформаларды жүзеге асыру, трансұлттық қылмысқа қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықты арттыру идеяларын белсенді түрде насихаттайды.
Шарафаддин ӘМІР.
Лебіздер
Шейх Мохаммад бин Фахд АЛЬ-АБДУЛЛАХ,
Сауд Арабиясының Бас прокуроры, Тергеу бюросы және прокуратура төрағасы:
– Қазақстанның «Қылмыстық-құқықтық саладан тыс заңдылықты қамтамасыз етудегі прокуратураның орны» атты тақырыпта өтіп жатқан Прокурорлардың халықаралық қауымдастығының 6-шы өңірлік конференциясына өте тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұр. Менің ойымша, бүгінгі форумда қозғалып отырған кез келген тақырып өз маңыздылығымен ерекшеленеді. Конференция шеңберінде азаматтардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарын, кәсіпкерлікте, балалардың құқығын қорғаудағы прокуратураның атқаратын орны сияқты өзекті мәселелер талқыға салынды.
Хасен ЭРБИЛЬ,
Түрік Республикасы Жоғарғы сотының Бас прокуроры:
– Осыдан 20 жыл бұрын Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялағанда ең алдымен Түрік Республикасы Қазақ елінің тәуелсіздігін таныған болатын. Астанада өтіп жатқан Прокурорлардың халықаралық қауымдастығының бүгінгі конференциясы Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өтіп жатқандығының өзіндік ерекшелігі бар. Осы орайда мен Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты және бүкіл қазақ халқын алда келе жатқан Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мерекесімен құттықтағым келеді. 90 жылдық тарихы бар Түрік елі прокуратурасы мен Қазақстан прокуратурасының арасындағы қарым-қатынас нығая береді деп сенемін.
Джеймс ГАМИЛЬТОН,
Халықаралық прокурорлар қауымдастығының президенті – Ирландияның Бас прокуроры:
– Ең алдымен, Халықаралық прокурорлар қауымдастығының 6-шы аймақтық конференциясын ұйымдастырушы қазақстандықтарға алғысымды білдіргім келеді. Халықаралық прокурорлар қауымдастығы – прокурорлардың әлемдік деңгейдегі тұңғыш әрі саяси емес бірден-бір ұйымы. Бұл халықаралық қауымдастық әлем прокурорлары үшін басқарудың белгілі стандарттары мен кәсіби этикасын жетілдіруге, заң үстемдігін орнату мен адам құқықтарының шектелмеуін қамтамасыз етуге және қылмыспен бірлесіп күресуді нығайтуға белсенді қатысып келеді.
Сабыржан БЕКБОСЫНОВ, Маңғыстау облысының прокуроры:
– Әлемнің 140 елінің прокурорларын біріктіретін халықаралық қауымдастық дүние жүзіндегі беделді ұйымдардың бірі. Осы қауымдастықтың кезекті конференциясы біздің елде – Астанада өтуі әрине, біз үшін үлкен жетістік. Республиканың Бас прокуроры Асхат Дауылбаев өз сөзінде Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа ықпалдасуы, халықаралық ұйымдармен бірлесе жұмыс істеуі маңызды фактор болып табылатынын айтып өтті. Сондықтан осы форумды өткізудің маңызы зор және еліміз беделінің халықаралық дәрежедегі көрінісі деуге болады.
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.