Кеше Парламент Сенатының Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің депутаттары Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиевпен және «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Қуанышбек Есекеевпен кездесіп, ауылдық жерлерді телефонмен қамту және ұялы байланысты дамыту мәселелерін талқылады.
Кездесуге палата Төрағасының орынбасары Александр Судьин қатысты. Комитет төрағасы Нұрлығайым Жолдасбаева басқосуды аша келіп, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын және Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейін стратегиялық даму жоспарын іске асыру аясында өтіп отырған талқылаудың маңыздылығын атап өтті.
Сенатор сондай-ақ экономиканы жаңғырту және инновациялық жаңалықтарды игеру ақпараттық технологияларды пайдалануға, оны мемлекеттік қызмет көрсету салаларында, жұртшылыққа қол жеткізу мүмкіндігін арттыруға тікелей байланысты екенін атап өтті. Саланы реттеу мақсатында біздің елімізде құқықтық негіз жасалып, «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы», «Пошта туралы», «Байланыс туралы», «Ақпараттандыру туралы» заңдар қабылданды.
Ақпараттық коммуникция технологияларының ұлттық секторын қалыптастыру мәселелері ақпараттық және коммуникция технологияларын дамытудың таяу жылдарға арналған салалық бағдарламасында көрсетілген. Сандық теледидар серігі ұшырылды, ұялы телефонның үшінші 3G стандарты енгізілуде, ауылдық жерлерде кең жолақты интернет желісін дамыту жобасын іске асыруға әзірлік жасалуда, электрондық үкімет порталы арқылы электрондық анықтама беріле бастады.
«Сонымен бірге, салада кезек күттірмей шешуді қажет ететін бірқатар өткір мәселелер бар», – деді Н.Жолдасбаева және ол талқылау барысында «Телерадио хабарларын тарату туралы» заң жобасының тұжырымдамасы бойынша ұсыныстар айтылатынына және Ақпараттық және коммуникациялық технологияларды дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға орай жауап берілетініне сенім білдірді.
Осыған байланысты сенатор ауылдық жерлерді телефонмен қамтуға, баға тарифтеріне, интернетке қосуды арзандатуға, ауылдық жерлерде сандық телерадиохабарларына қол жеткізуге, электрондық үкіметті енгізу мәселелеріне назар аударды.
Талқылау барысында сөз алған Экономикалық даму және өңірлік саясат комитетінің мүшесі А.Күзеков Қазақстан Республикасындағы ақпараттық-коммуникациялық кешенді дамытуға орай бірқатар ұсыныстар айтты.
Байланыс және ақпарат министрі А.Жұмағалиев еліміздегі телекоммуникация саласын дамыту жөніндегі мекеме қызметі туралы кездесуге қатысушыларды хабардар етті.
Кездесуде сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ басқарма басшысы Қ.Есекеевтің ауылдық жерлердегі байланыстың қазіргі жағдайы мен келешегі туралы, Қаржы министрінің орынбасары Б.Шолпанқұловтың жалпыға бірдей қызмет көрсетуді субсидиялау туралы ақпараттары тыңдалды.
Талқылауды қорытындылай келіп, комитет төрағасы ұялы байланыс рыногындағы бәсекелестікті кеңейту, әлеуметтік жобаларды, жаңа байланыс желісінің құрылысы, қазіргі байланыс операторларына қол жеткізуді қамтамасыз ету туралы бірқатар ұсыныстар айтты, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.