ЭКСПО-2017 • 10 Шілде, 2017

Сан этностың сахнадағы өнері ЭКСПО көрмесі аясындағы фестивальда анықталады

247 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада еліміздің ұлттық этностық театрларының республикалық фестивалі басталды. Шара барысында алты тілде қойылым көрсетіліп, оны халықаралық театр сыншылары бағалайды. ЭКСПО-2017 көрмесі аясында ұйымдастырылған байқау елімізді мекендейтін этностардың салт-дәстүрінен сыр шертеді.

Сан этностың сахнадағы өнері ЭКСПО көрмесі аясындағы фестивальда анықталады

Этносаралық келісімді нығайтуды және Қазақстан халқының бай мәдениетін одан әрі дамытуды мақсат еткен фестивальда еліміздің әр өңірінен келген театр майталмандары қалыптасқан дәстүрмен қызыл кілем үстімен жүріп өтті. Тілі басқа болса да, тілегі бір өнер иелері бұл жолғы додаға ерекше дайындықпен келгендерін байқатты. Олардың қатарында Қ.Қожамияров атындағы  республикалық мемлекеттік академиялық  ұйғыр музыкалық комедия театры, Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театры, Республикалық академиялық неміс драма театры, Оңтүстік Қазақстан облыстық өзбек драма театры, М.Горький атындағы мемлекеттік  академиялық орыс драма театры, Ақмола облыстық орыс драма театры, Астана Жастар театры бар. Енді елорда тұрғындары мен қонақтары Оқушылар сарайы мен М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры сахналарында бір апта бойы Л.Толстой, И.Гете, Ә.Кекілбаев, А.Островский, Л.Соловьев сынды классиктердің қойылымдарымен танысады. 
Әділқазылар алқасы «Үздік спектакль», «Үздік режиссерлік жұмыс», «Үздік әйел рөлі», «Үздік ер адам рөлі», «Үздік сценография», «Екінші пландағы үздік әйел рөлі», «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі», «Үздік ұлттық драматургия» аталымдары бойынша жеңімпаздарды анықтайды.  
Ұйымдастырушылардың пікірінше, осындай ұлттық мәдени шаралар Қазақстанда өмір сүріп, еңбек етіп жүрген әр ұлт өкілдерінің қазіргі заманғы таланттар шоғырын көруге мүмкіндік береді. Фестиваль – актерлер мен режиссерлер үшін даму, тәжірибе алмасу алаңы. Ол елдің тілдік және мәдени көптүрлілігін сақтауға, бір-бірін толықтыруға, Қазақстан халқының мәдениаралық сұхбатының одан әрі дамуына ықпал етері сөзсіз. Еліміздің этностық театрлары осы сахнада мемлекетіміздегі барлық этностар өнерін насихаттайтын болады.