26 Қаңтар, 2010

ҚАРАҒАНДЫНЫҢ ЖАҢА ЖАУҺАРЫ

1299 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Қаланың қақ төрінде — Бұқар жырау даңғылы мен Бейбітшілік көшесінің қиылысында сән түзеген  Сәкен Сейфуллин  атындағы облыстық қазақ драма театры­ның жаңа шаңырағы өз есігін айқара ашты. Арқа төсінде алтын алқа­дай жарқыраған кеншілер шаһарына жетпіс жылдан асып қалды. Оның өсу жолы өзінше бір әңгіме. Әсіресе, кейінгі кездердегі көркеюі әдемі­лік­ке ерекше бет бұр­ған­дығын елестетеді. Ажарын одан сайын ашқан көз тартарлық ғимараттар қатары жиілеп келеді. Сәні мен сәу­леті жағынан бірінен бірі асып түсер­ліктей. Қай-қай­сы­сынан да заман талабына сай биік талғамның табы таныла­ды. Кім айналадағы сұлулық­ты жақсы көрмес. Бұл күнде әр қарағандылықтың көңілі сондай  көріністерге толып-ақ жүр. Солардың ішінде шаһар бейнесінің шоқты­ғына айналған бір ғимараттың пайда болғанына көп бола қойған жоқ. Бұрнағы жылы бой көтерген ол Қарағандының айшықты символы іспеттес әйгілі қос кенші ескерт­кішіндей алдымен жарқырап көзге түседі. Қаланың қақ төрінде, Бұқар жырау даңғылы мен Бейбітшілік көшесінің қиылысында сән түзеген сыртқы сымбаты қандай әсем болса, іші тіпті кірсе шық-­қы­сыз әсер қалдырады. Алдында орын­дықта отырған Сәкен Сейфуллин мүсіні бұл көз тойғысыз күмбезі күн сәулесімен жарқыраған зәулім үйдің нендей ерекшелігі барын танытады. Иә, ол аяулы ақын атындағы облыстық қазақ драма театры­ның жаңа шаңырағы. Мәуеленген өлке өнері мен мәдениетінің мәйегіне айнала бастаған ордасы. Әңгімені әріден сабақтағанда сенер-сенбестей жай, бұған дейін Қарағанды театрының жеке ғимараты болмай келген еді. Өткен ғасырдың 30-шы жылдарында құрылғанда сол кездегі кеншілер клубында біраз уақыт орын тепкеннен кейін орыс театрымен қоңсылас болып, жарты ғасырдан астам кіріптарлық күй кешілді. Қанша айтқанмен өз еліндегі, өз жеріндегі мәні мен жөні бөлек өнер ортасының төл ордасы болуы керектігі көзге ұрып тұратын десек, Тәуелсіздікке қол жеткізілген шақта ғана тұрғылықты жұрт өтініш-ұсынысы ес­керілуіне үміт оянған-ды. Елбасының облысқа келген жұ­мыс сапар­лары­ның бірінде жергілікті қауымның осы ті­лек­­терін орындауға тікелей тапсырма беруі істі тездетті. Театр құрылысының алғашқы кірпішін қалауға да қатысқан болатын. Айта кету керек, оның қазіргі ор­нын­да қала сәулет өнерінің бұған де­йін­гі бетке ұстар­лық ғимараты ұзақ жылдар тұрды. Соғыстан соңғы жылдарда жапондық тұтқындар ағаштан өріп салған сол жазғы театр үйінің жеріне қызыққан әлдекімдер оны бұзып, сауда орталығын тұрғызбақ болғандары біраз дүрбелең туғызған оқиға. Сатып жіберілген орны қайтарылып алынып, тағы бір базарға қосылуынан сақталып қалынды. Онда қазақ драма театрын салу шешілді. Сөйтіп, 2006 жылдың тамыз айында басталған құрылыс екі жыл ішінде аяқталды. Жоғарыда аталып өткендей, театр таңғажайып сән-салтанатымен тамсан­дыра­ды. Түрлі-түсті әшекейлі тас төселген едені­нен бастап, жан-жақтың бәрі әсемдік әлемі­не баурайды. Кілем жайылған баспалдақ­тар­мен жоғары қабаттарға көтеріліп аралаған сайын қабырғаларға ілінген қылқалам шеберлерінің туындылары өнер көрмесін­дей алдан шығады. Театр тарихынан сыр шертетін мұражай таным байытады. Әуезді әуен бой балқытады. Көңіл қиялын әлди­леген маужыраған тыныштық, айналадан ескен әдемілік жан жадыратады. Театрдың үлкен және кіші залы келу­шілерге кезек­пе-кезек ашық. Біріншісі – 600 көрерменге ар­нал­ған. Жаңа қойы­лымдар тұсаукесері осында жаса­ла­ды, көп­шілік көңілінен шыққандары көрсетіліп тұрады. Айналмалы кең сахна қандай да болмасын драмалық шығармаларды тиісті талаптарда бейнелеуге қолайлы. Техникалық құрал-қондырғылар да барлық мүмкін­шілікті жасай алады. Оркестр орналасқан төменгі орын саз әуені кернеген шақта болмаса сырт көз­ге байқала бермейді. Зал акустикасы құлақты ар­тық түргізбейді. Екіншісі – 200 орындық. Әдетте мұнда жасөсі­пі­рім­дер мен балалар өз сүйікті спектакльдерін тама­ша­лайды. Бұған қоса “ҮІВ” зал да орын алған. Өркен­иеттік үлгіде жобаланып салынған мұндай өнер ғимараты елімізде ғана емес, көрші мемле­кет­­тердің өзінде әзірге жоқ десем, артық айтқандық болмас, – дейді театр директоры, Мемлекеттік сый­лықтың лауреа­ты Кеңес Жұмабеков, – бізде барлық жағдай қарас­тырылған. Әртістердің әрқайсысының сахнаға шығуға дайындалатын бөлмелері бар, екі би, дене ширату, дайындық залдары және бөлек. Қойы­лымдардан соң моншаға түсіп алуларына да болады. Тігін, ағаш өңдеу цехтары жұмыс істейді. Қойылым­дар­ға қажетті киімдер, сахналық бұйымдар өзімізде жасалады. Ал бұларды былай қойғанда, өнер сапары­мен келушілер 26 орындық мейман­хана­мызға орналаса алады. “Жақсыны көрмек үшін” дейді халқы­мыз. Бүгінде театрға келушілер жиіледі. Оларды жарқырап-жаңғырған театр өнері бір қызықтырса, көңіл қошын шарықтатар жауһар ғимарат қоса тартады. Былтыр осын­да өткен Біржан сал Қожағұлов атын­дағы республикалық театрлар фестиваліне қатысушы­лардың “Шіркін-ай, шынында керемет екен. Осындай ғажайып шаңырақ­қа біз қашан жетеміз” деп тамсанып кеткендері есте. Ел өсуде. Өмір жаңаруда. Несі бар, ондай қуаныш келеді бәріне. Ал сөз соңында аталған ғимараттың архи­текторы кім десек, Қанат Мұсаев есімді азаматты атаймыз. Қарағандының жаңарған бет-бейнесіне қолтаңбалық үлесі үлкен ол біз білгендей жерлестерін тағы бір қуантпақ шығармашылық ізденіс үстінде. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.