Әлем • 11 Шілде, 2017

Ресей-Қытай: Көршілер ықпалдастығының көкжиегі

799 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жақында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Ресей­ге ресми сапары өтті. Бұл оның ҚХР төра­ға­лығына сай­ланған 2013 жылдан бері Ресей Фе­де­ра­ция­сы­на алтыншы рет ат басын бұ­руы болды.

Ресей-Қытай: Көршілер ықпалдастығының көкжиегі

Си Цзиньпиннің Ресейге жа­саған сапарларының үшеуі рес­ми сапар мәртебесіне ие. Мәс­кеу­ге осы соңғы келуі – ресми са­пар­лардың үшіншісі.

Бұл жолы да Бейжіңнен келген делегация өкілдері ресей­лік әріптестерімен жан-жақты қы­зу талқылаулар өткізді. Жал­пы, сапар аясындағы келіс­сөз­де Владимир Путин мен Си Цзиньпин халықаралық мә­се­ле­лер бойынша саяси үн­қа­ты­су­­да «сағаттарын салыстырып» тек­серді.

Kremlin.ru сайтының хабар­лау­ынша, Ресей мен Қытай бас­шыларының кездесуі аясында әртүрлі бағыттар бойынша 20-дан астам келісімшартқа қол қойылған. Тараптар алдын ала қалыптасқан қағидаға сай, ке­лі­сімде көрсетілген шарттарды жү­зе­ге асырудан айнымауға уағ­да­ласқан.

Қазіргі таңда тараптардың өзара бір-біріне құрмет көрсетуі қалыпты жағдайға айналған. Мұны, әсіресе, В.Путиннің қы­тайлық серіктесіне жоғары мем­ле­кеттік марапат – Қасиетті апос­тол Андрей Первозванный ор­денін тапсыруынан байқауға бо­ла­ды. Өз кезегінде оған жауап ретінде Си Цзиньпин В.Путинді қы­тай халқының сенімді досы деп атады.

Сондай-ақ, Қытай мен Ресей саяси сахнада бір-бірі­не негізгі серіктес ретінде жі­ті көңіл бөлуде. Оған қоса, осы кез­д­есу кезіндегі екі ел бас­шы­­­ларының мәлімдемелері дип­­ломатиялық жылы шырай си­­патында көрініс берді. Ал БАҚ өкілдеріне арналған кон­ференцияда В.Путин мен Си Цзиньпин халықаралық мә­се­ле­лерде екі елдің көзқарасы мен ұстанымдары, жан-жақ­ты әріпт­естік негіздері өзара үн­дес­етіндігін бірауыздан мә­лім­деді және аталған ба­ғыт­тар­да­ғы диалог жал­ға­са­тын­дығына сенім білдірді.

Осылайша, Қытай мен Ресей арасындағы ынтымақтастық оң сипат алып отыр. В.Путин Қытайдың Ресейге құйған инвес­ти­циясының көлемі 2,3 млрд дол­ларды құрағанын ай­тып, бұл тараптардың эко­но­микалық серіктестігінің жо­ға­ры деңгейін көрсететінін атап өтті.

Осының негізінде екі жақ болашаққа ауқымды жоспарлар құруда. Өткен жылдың қоры­тындысы бойынша, Қытай мен Ресей арасындағы тауар айналымы 69 млрд долларға жеткен. Мұны да брифинг барысында В.Путин тілге тиек етті. Ал енді биылғы көр­сеткіш көлемі 80 млрд долларға өседі деп күтілуде. Қытай мен Ресей арасындағы әріп­тестік белсенділіктің осындай деңгейіне қарап, тараптар 2020 жылға қарай тауар айналымы көлемін 200 млрд долларға жеткізуді көздейді.

Қол қойылған келісімдердің ішінде көптің назарын аудар­ға­ны Ресейдің табиғи газын Қытайға «Сібір қуаты» жаңа құбыр желісі арқылы тасымалдау уақытының нақтылануы болды. Осы кезге дейін бұл жо­баға қатысты көптеген талас-тартыс пен тосқауылдар бол­ғаны белгілі. Ең алдымен, 2014 жылғы келісім бойынша аталған құбыр желісін Ресей мен Қытай мамандары ортақ қаражатқа салуы тиіс болатын. Кейіннен қытайлық тарап өз жоспарын жүзеге асырудан бас тартты. Дегенмен, келісімге сәй­кес, ресейлік «Газпром» осы құ­быр желісінің жартысына жу­ы­-
ғын өз есебінен салды және 2019 жылдың желтоқсан айында Ресей өз газының алғашқы легін экспорттай бастайды деп күтілуде.

Естеріңізге сала кетейік, «Сібір қуаты» құбырын салу ж­өнін­дегі келісімге 2014 жылы қол қойылған болатын. Бұл құбыр арқылы жыл сайын көлемі 38 млрд текше метрді құрайтын Ресей газын 30 жыл бойы Қытайға экспорттау көзделген. Алайда, соңғы екі жыл ішінде жобаны жүзеге асыру аясында түрлі дау-дамайлар өршіп кеткен еді.

Қалай болғанда да, жобаны іске қосу уақытын нақтылауда та­раптар белгілі бір келісімдер не­гізінде уағдаласқан сыңайлы. Ал газ бағасына байланысты еш­бір дерек жарияланбағанына қа­расақ, «Газпром» мен CNPC (Қыт­ай ұлттық мұнай-газ кор­по­­ра­циясы) арасында бұл мәсе­ле әлі де шешіле қоймаған сы­ңай­лы.

Тараптар арасындағы бұл жолғы келісімдердің бірқатары инвестиция мен қаржы, ақ­парат және ғарыш саласына қатысты болды. Қытай мен Ресей қарым-қатынасында басымдыққа ие тағы бір жаңа­лық – ұлттық валютамен есеп айырысуды жал­ғас­тыра тү­су жайы нақ­ты­ланды. Біз­ге белгілісі, 2014 жылдан бе­рі та­рап­тар екіжақты операция­ларды ұлттық валютам­ен жүр­гі­­зуге күш салған. Сол кезде сыр­­тқы жағдаятқа тәуелділікті төмендету мақсатында та­рап­­тар­дың келісімге қол қоюы Ресей­дің Шы­ғысқа бетбұрысы ре­тінде ба­ға­л­анған. Осы тұрғы­дан алғанда, сапар аясында Ресей-Қытай инвестициялық әріптестік қорын құру жөнін­дегі келісімге қол қойы­луы ұлттық валютамен есеп-қисап жасау мүмкіндігін ке­ңейтеді.

Соңғы деректерге көз жү­­гіртер болса, әлемде 40 мем­лекет алтын-валюталық қор құрылымында Қытай юа­нін пайдаланады екен. Ал Ресей жә­не Қытай сауда айна­лы­мын­дағы есеп-қисапта рубль мен юаньнің пайыздық көрсеткіші 7 пайызды құрайды. Жақын жылдарда бе­кітілуі мүм­кін ірі энер­ге­ти­ка­лық мәмі­ле­лер­де бұл көр­сет­кіштің көл­е­мі өсетіндігі сөзсіз.

Қытай мен Ресей басшы­ла­рының халықаралық мә­се­лелерге қатысты мә­лім­де­мелері шет­елдік бай­қау­шы­лар үшін де зор маңызға ие әрі көпшілік назар аударған дүниелердің бі­рі болды. Әсіресе, Ресей мен Қытай келіссөздерінің қорытындысы бойынша Ко­рей түбегі мәселесіне қа­тыс­­ты Ресей Сыртқы істер ми­ни­стр­лігінің мәлімдемесі шет­ел­дік байқаушылар арасында қызу талқыланды. Ал құ­жатта тараптар КХДР мәсе­ле­сін бей­біт жолмен шешуді жақ­тай­тындықтарын растаған.

Десек те, әрбір тарап­тың өзіндік ұстанымы бола­тын­дығын да ескерген жөн. Мәселен, Ресей тарапы Сол­түс­тік Кореяға қатыс­ты түйінді тарқатудың өзіндік «жол картасын» әзірледі. Ал ол АҚШ-тың сыртқы саясатына мүлдем үйлеспейді. Соңғы айда Сол­түс­тік Корея мәселесіне қа­ты­сты шиеленіс одан сайын ушыға түскені белгілі. КХДР өз кезегінде зымырандарын сынауды жалғастырып жатыр.

Қытай мен Ресей ара­сын­дағы тағы бір назар аударарлық жағ­даяттың бірі – болашақта көп тараптық бірігу немесе интег­ра­циялық әрекеттесу ая­сын­да­ғы қарым-қатынас мәс­еле­сі. Бұл тұрғыда нақтылай тү­ссек, Қы­тайдың «Бір белдеу – бір жол» бас­тамасы туралы Ресей тарапы көп жағдайда жақ ашпайтыны бай­қалады. Мәс­кеудегі кездесу­де сөйлеген сөзінде В.Путин Ресей ШЫҰ мен ЕАЭО, тіпті, «Бір белдеу – бір жол» бас­та­масын да қамтитын Үлкен еура­­зия­лық серіктестік құруға күш салынатындығын атап өтті.

Қалай десек те, Қытай-Ресей қарым-қатынасы өзінің жоғары деңгейін көрсетіп ке­леді. Қытай басшысының Мәскеуге жасаған осы сапарын қорытындылайтын болсақ, мұнда негізгі басымдық саяси байланыстарда екендігі бай­қалады. Ал В.Путин Мәскеу мен Бейжіңнің халық­ара­лық мәселелерге қа­тысты ұс­танымы өзара ұқ­сас әрі жа­қын күйінде қала бере­тін­дігін атап көрсетті.

Руслан ЖҮСІП,
саясаттанушы