Суреттер: boxingkazakhstan
Шахмұрат Мүтәліптің айтуынша, 2024 жылдың алғашқы жарты жылдығы Қазақстан бокс федерациясы үшін жемісті әрі жеңісті кезең болды.
«Осы аралықта елімізде Азия чемпионаты және бірнеше халықаралық турнир ұйымдастырылды, ең бастысы – Париж Олимпиадасы жолдамалары бойынша меже орындалды. Ерлер құрамасы барлық салмақ дәрежелері бойынша лицензия иеленсе, әйелдер командасы бұрын-соңды болмаған нәтижені тіркеп, үш салмақ бойынша жолдамалар жеңіп алды», деді Бокс федерациясының басшысы.
Сондай-ақ федерация басшысы әр жеңістің артында бірлескен топтың жүйелі жұмысы тұрғанын атап өтті.
«Спортшының тұрақтылығына және еңбекқорлығына бапкердің біліктілігі мен сенімін, мамандардың үздіксіз жәрдемін қосса ғана мақсатқа жетуге болады. Париж Олимпиадасы – барлығымыз үшін белгілі бір кезеңге қорытынды жасайтын аса маңызды жарыс. Былғары қолғап шеберлері халықты түрлі дәрежедегі жүлделермен қуантады деген сенімдемін. Қазақстан боксы жасасын!», деді Шахмұрат Мүтәліп.