Бокстан ұлттық құраманың қоржыны тағы үш жолдамамен толыққан еді. Данабек Сужанов пен Әділбек Ниязымбетовтен кейін Ғани Жайлауов, Серік Сәпиев пен Василий Левит Олимпиада жолдамасын алды. Ал Иван Дычко біздің жігіттердің ежелгі қарсыласы қытай Жан Жилейді жеңгенімен, аса ауыр салмақтағы лицензияны хорват Филипп Хрговичпен сарапқа салды.
Қазір біздің құрама биылғы мамыр айында 57 килода жолдама алған Қанат Әбутәліповтен басқа тағы бес лицензияға ие болып отыр. Өкінішке қарай, Баку рингінде ең жеңіл салмақтағы Біржан Жақып, 52 килодағы Олжас Сәттібай мен 64 кило салмақтағы Данияр Елеусінов лицензия ала алмады. Бұл жігіттеріміздің Лондонға баруға әлі мүмкіндіктері бар. Оларға келесі жылдың сәуір айында Астанада Президент жүлдесі үшін өтетін халықаралық турнирде Олимпиада жолдамасын жеңіп алуға тағы бір мүмкіндік беріледі.
Бұрнағы күнгі түскі бағдарламада лицензия алған жігіттеріміздің бәрі ширек финалдағы кездесулерін өткізді. Біздің құрамада бірінші болып 75 килодағы Сужанов бразилиялық Эсгуива Фалькаомен, 81 кило салмақтағы Ниязымбетов қытай Фанлон Менмен, 91 килода Левит тағы бір қытайлық Уануан Уанмен кездесті. Осы жекпе-жектерде Ниязымбетов қана қарсыласын жеңіп, жартылай финалға шықты. Кездесудің үшінші раундында қазақ боксшысының соққыларына шыдамаған қытайлық бапкерлер жекпе-жекті уақытынан бұрын тоқтатуға мәжбүр болды. Осы айқастан соң Әділбекпен аз-кем сөйлескен едік. «Қытай маған аса қатты қарсылық көрсете алмады. Өзімнің жеңетінімді іштей сезіп жүрдім. Енді келесі қарсыласыма дайындаламын. Оған қандай тактика ұстану керектігін бапкерлермен ақылдасамыз», деді. Ниязымбетовтің биылғы бәсекеге жақсы дайындалып келгені көрініп тұр. Бірақ, бір саусағын бүгіп жүрген боксшылар мен бапкерлердің бар екенін де ұмытпайық. Кеше соның үшеуі Әділбекпен бірге жартылай финалға шықты. Біздің боксшы бүгін солардың ішіндегі өзбек Эльшод Расуловпен кездеседі. Ал ресейлік Егор Мехонцев финалға шығу үшін кубалық Хулио Ла Крузбен айқасады. Ресейлік әлем чемпионы украиналық Александр Гвоздикті жеңді.
Ал Сужанов пен Левит қарсыластарынан жеңіліп қалды. Осы жерде алғашқысы бразилиялықтан таза жеңілсе, Левитті жеңілді деп айта алмасақ керек. Сужановтың қарсыласы одан барлық жағынан басым болды. Өзі рингте шапшаң қимылдайтын, соққылары қатты боксшы екен. Өскемен өренінің биылғы әлем чемпионатына алғаш рет қатысқанын айтқанбыз. Осы сында ол мүмкіндігінше өзін барлық жақсы жағынан көрсете білді. Енді Олимпиадаға шыңдалып, тың күшімен барса жақсы. Жарыс кезінде біз өзге елдің бапкерлерінің Сужанов туралы жақсы пікір білдіргендерін талай рет естідік. «Бұл боксшының болашағы бар. Бір жылдың ішінде шыңдалып, Олимпиадада лайықты өнер көрсетеді», деген еді.
Данабек қана емес, Дычко мен Сәпиев туралы да олар жақсы пікірде екен. Мәселен, Дычконы украин бапкерлері болашақ Олимпиада чемпионы деп отыр. Ал Сәпиевтің биыл үшінші мәрте әлем чемпионы атанатынына сенімдіміз. Бір өкініштісі, Сужановтың салмағындағы біздің талантты былғары қолғап шеберіміз Қанат Исламның Олимпиадаға жолдама алмайтыны жанымызға батады. Талантты боксшымыздың қазір Халықаралық олимпиялық комитеттің шешіміне қарап жатқан жайы бар. Қытай елі боксшымыздың еліміз атынан Олимпиадаға қатысу үшін әлі уақыт өту керек деп отыр. Бірақ, осы уақыт өтсе, Қанаттың салмақ қуса да Лондон Олимпиадасына бара алмайтыны сөзсіз.
Биылғы әлем чемпионаты алғашқы лицензиялық жарыс болған соң, барлық елдердің Олимпиадаға жолдаманы уыстап әкеткісі келетіні түсінікті. Қазір жарысты өз алаңында өткізіп жатқан Әзербайжан сияқты елдерге жолдама керек болса, ең мықты деген Ресей, Куба елдері алдымен жүлде алумен бас ауыртуда. Бірақ, жолдама мен жүлде бәрі бірдей бұйырмайтыны белгілі. Осы чемпионатта Ресей мен Куба елдерінің бірнеше жақсы боксшылары жарысты ерте аяқтады. Ал сейсенбі күні 60 килода айқасқан украиналық Олимпиада, әлем және Еуропа чемпионы, Вэл Баркер Кубогының иегері Василь Ломаченко да жарыстан шыға жаздады. Сол күні ол бразилиялық Робсон Консейсаомен кездескен болатын. Сонда Ломаченконың таза жеңіске жеткеніне қарамастан, төрешілер жеңісті латынамерикалық боксшының пайдасына шешкен еді. Осыған байланысты Украина құрамасы Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығына шағымданып, Ломаченконы рингке қайтарып алды. Украин боксшысы бразилиялықпен кездесуде таза жеңіске жетті. Соны ескермей, төрешілердің жеңісті бірден бразилиялыққа беріп жібергені барлық жанкүйердің жанына батты. Кеше кешкісін шаршы алаңға қайта оралған Ломаченко төрешілердің сол әділетсіздігіне жауап қайтарды. Өзбек Фазилддин Гаибназаровпен кездесуде қарсыласының екі аяғын бір етікке тықты.
Дастан КЕНЖАЛИН – Бакуден.
Бет қатталып жатқанда: Ғани Жайлауов, Серік Сәпиев пен Иван Дычко жартылай финалға шықты. Алдыңғылары секілді соңғысы да Олимпиадаға жолдама алды.
Суретті түсірген Виталий ГАРКУША.