Қазақстан • 11 Шілде, 2017

Қанаттаса даму қарқын алады

154 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ресейдің Челябі облысы Қостанайдың қашаннан ауылы аралас, қойы қоралас, құдайы көршіcі. Көрші отырып, нарық теңізінде жалғыз жүзіп болмайды. Өйткені, нарық жағдайында қанаттаспаса даму жоқ екенін дүние жүзіндегі экономикалық үдерістің тәжірибесі көрсетіп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдың басында Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында: «Халықаралық ынтымақтастық аясында ұлттық экономикалық мүдделерді қорғап, ілгерілету қажет. Бұл, ең алдымен, ЕАЭО, ШЫҰ ішінде Жібек жолы экономикалық белдеуімен ұштасатын жұмыстарға қатысты. Ол үшін экономикалық дипломатия жұмысын қайта құрып, жандандыра түсу қажет», деген болатын.

Қанаттаса даму қарқын алады

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов бастаған деле­га­цияның Челябі облысына баруы жал­пы ел дамуының темірқазығы іспеттес Жолдауда айтылған осы ойды ұштағандай болды. Сапар мақсаты «Қостанай мен Челябі облыстарындағы бизнес ынтымағына қалай серпін беруге болады? Үлкен нарыққа қандай өнім шы­ғарған екі елге де тиімді болмақ?» де­ген мүдделерден туған еді. Деле­га­ция құрамында облыстағы ведомство басшылары, кәсіпкерлермен қатар, Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының кеңесшісі Ғани Қасымов бастаған Астана өкілдері де болды.

Челябі облысы Қостанаймен бұрын­нан стратегиялық сауда-әріптес болып саналады. Өткен жылы екі өңір арасындағы тауар айналымы 1,4 миллиард долларды құраған. Магнитогор металлургия комбинаты қашаннан Руд­ныйдағы кен алыбының темір рудасын пайдаланады, «Баян сұлу» кондитер фабрикасының өнімі тек Челябі ғана емес, Ресейдің одан да басқа өңірлеріне жақсы таныс, Тобыл бойында автомобиль өндірісі өріс алғалы Челябі облысынан алатын тауар да жеткілікті. Бірақ нарықты кеңейту, даму үшін екі облысқа да саудамен шектелуге болмайтынын уақыт меңзеді. Ең бастысы бизнестің дамуы үшін көршілер қанаттаса, кәсіпкерлерге қолайлылық болатындай қимыл жасауы керек екендігі белгілі. Челябі облысы алғашқы қадамды жасап та үлгерді. Оңтүстік Уралдың Қос­танай­ға бет алатын шекара бойында ірі логистикалық орталық салынды. Ал Қостанай қаласында бизнеске барлық қолайлылық жасалатын, яғни көкөніс пен басқа да азық-түлік үшін заманауи жабдықтармен жабдықталатын қоймалары, жүк құжаттарын «бір терезе» ұстанымында толтыратын қызметі бар ірі хаб келер жылы пайдалануға беріледі.

Мұның сыртында, Қытай нарығын игеру қанаттаса дамудың екі ел үшін де мүдде-мақсаты бір екенін көрсетеді. Кездесуде Қытай нарығын игеру алдымен айтылды. Челябі облысының губернаторы Борис Дубровский мұның екі ел үшін де маңызды екенін, бірақ оның оңай шаруа емес екенін де айтып өтті. Көршілер кездесуі Қытай нарығы өңірлер үшін үлкен нарық, ол үшін көптеген мәселеде тізе қосып жұмыс істеу керектігін меңзеді.

Аспанасты елінің тауары мен қызметі қазір тек өзімен шектесетін елдер мен облыстарды ғана емес, алыс елдерге де жеткен. Ресей де, Қазақстан да Қытай нарығынан қол үзе алмайды, қай­та тығыз байланыста екенін өмір көр­сетіп отыр. Мысалы, Қостанайдағы машина жасау кәсіпорны аспанасты елімен келісім-шартқа қол қойды. Ал Ресейдің іш жағына, мүмкін одан да әрі тауар таситын Қытай үшін Челябі облысы қолайлы бекеттің біріне айналған. Осыдан жарты жыл бұрын ғана Челябі облысында барлық қолайлы жағдайы жасалған, яғни темір жол тұйығынан заманауи қоймаларына, алып жүк машиналары үшін арнайы орынға дейін жасалған логистикалық орталық жұмысын бастағанын айттық. Алайда екіжақты кездесуде Челябідегі сол ло­гис­тикалық орталық қуатының 15 пайызы ғана пайдаланатындығы кө­ңіл толтырмай отыр. Дегенмен, челябіліктер бизнеске арналған осы орталықтың алдағы уақытта толымды жұмыс істейтініне сенімі бар. Осы көрініс қостанайлықтарды да ойға жетелейді. Алдағы жылы Қостанайда ашылатын логистикалық орталықтың қуаты толық пайдалануы да өзекті мәселе болары сөзсіз. Бір жағынан екі жақ­тағы логистикалық орталықтар тек Қытай нарығына арналмаған ғой. Мысалы, Қостанай делегациясы Өзбекстанға барғанда облыс әкімі Архимед Мұхамбетов хабтың ашылуы өзбекстандық кәсіпкерлер үшін зор мүмкіндік екенін еске салған болатын. Шекарасында миллиондаған тұтынушы отырған Челябі мен Қостанай облысы өзбек кәсіпкерлеріне шынында да кәсібін дамытудың жақсы жолы екені сөзсіз. Ұлы Жібек жолы бойында қайнаған өмірді қалпына келтіру, ол үшін жолды, логистиканы дұрыстау тек Кеден одағы елдері үшін ғана емес, Еуразия құрлығының өзге елдері үшін де тиімді. Әрине, бұл ортақ істе әр өңірдің өз мүддесі жоғары тұрмақ.

– Ең басты мақсатымыз – бірлескен жобалар жасау болып отыр. Біз Челябі облысының экономикалық әлеу­е­тін пайдалануымыз қажет. Мыса­лы, ауыл­шаруашылығында Челябі об­лы­­сының құс шаруашылығы аса да­мы­ғанын білеміз. Челябі қос­та­най­дан небәрі 300 ша­қырымда ғана жат­қандықтан, біз ауыл ша­руа­шы­лығында құс шаруашылығын емес, басқа өндірісті дамытатын боламыз. Біз осы кездесуде кейбір жобаларды талқыладық. Мысалы, Қостанай облысында күнбағыс майын өндіретін ірі жоба жүзеге асырылады. Оған Қостанай облысында өндірілетін шикізат жетімсіз, сондықтан бұл істе челябіліктермен жұмыс істейтін боламыз. Күн бағыс бізде өңделіп, май Қытайға сатылатын болады. Челябі облысында да осыған ұқсас жобалар бар. Мысалы, олардың өңдеу кәсіп­орын­дарына біз астық береміз. Ортақ істер осылай жалғаса береді, –деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Шекаралас облыстар кездесуінде Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы өкілдері тарапынан бірлескен жәрмеңке ұйымдастыру, көтерме сауда алаңдарының құрылысы туралы ұсыныстар айтылды. Екі облыс басшылары бұл бастамаларды ескере отырып, біріккен жобаларды жүзеге асыру керек деп шешті. Оған «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының кеңесшісі Ғани Қасымов кеңес қосты. Ол алдымен екі өңір ара­сын­дағы сауда айналымын сараптап, не кедергі, не жетпейтінін анық­та­ған­нан кейін ғана екі жақты мүдделер тұр­ғы­сынан ортақ жобалар жасау керек­ті­гін ортаға салды.

Ең басты мәселе Қостанай кәсіп­кер­лерінің өндірген өнімін экспорттау болып табылады. Челябі сапарында Қазақстан Сыртқы сауда палатасы өкілдерінің ұсы­ны­сы қабылданып, Челябі қаласында қос­танайлықтардың тұрақты жәрмеңкесін өткізіп тұруына мәміле жасалды. Бұл үшін орын бөлуді челябіліктер көрші хақысы деп білсе керек-ті. Жәрмеңке өткізуге Челябі жағынан инфрақұрылымы тартылған жер телімі аукционсыз берілетін болды.

Айта кететіні, екі облыс басшылары кездеспес бұрын келіссөз үстеліне екі жақтың кәсіпкерлері отырған болатын. Білуімізше, бес түрлі салада сау-
да келісім-шарттарын жасауға ниет білдірілген. Осы орайда келесі кез­десу Қостанайда өтетін болады. Челябідегі және Қостанайдағы кездесу­лер­де шешімін тапқан мәселелердің бар­лығы да Ресей мен Қазақстан мемлекет басшыларының қатысуымен қазан айында Челябіде өтетін ХІV өңіраралық экономикалық форумда негізделетін болады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ – ЧЕЛЯБІ – ҚОСТАНАЙ