Әдебиет • 11 Шілде, 2017

Балқаштан шыққан батыр

1255 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Бабалардың батырлығын жалғаған. Бала Мұсабектің ес білген шағында, бес жасында Сеңгірбай ата өмірден өтіп, жетім қалады. Бұл кезде бір жағы әпкесі Күнес Бексейіт есімді жігітке тұрмысқа шығады да, апа-жезде қамқорлығын көреді. Көпшіл, бауырмал, қағылез болып өседі.

Балқаштан шыққан батыр

Жоғарыда еліміздің басына келген нәубет атаулының бәрі де біздің Балқашты мекендеген ағайындар басына соқпай өтпегенін айттық. М.Сеңгірбаев та ашаршылық басталған жылдары астықты өңірдегі ағайындарға қарай қоныс аударады. Еңбекқор, талапшыл бала техника тілін де тез меңгеріп ала­ды. «Кызыларық», «Қаражырық», «Жар­лы­өзек» секілді жаңадан ұйымдасып жат­қан ұжымшарларда алғаш трактор жүр­гіз­генінен де ел хабардар. Еңбекте алда бо­лып, көш бастағанын да оны білетіндер ай­тып отырады екен. Соғыс басталғанда майданға Көксу аудандық әскери комиссариатынан аттанады.

Қазақтың біртуар батыр ұлы Бау­ыр­жан Момышұлы жазбаларында генерал Чи­с­тяковпен салыстыра келе, «әкеміздей болды» деген генерал Панфиловтың дивизиясының құрамында соғысқа кіреді. Ең бастысы, Мұсабек Сеңгірбаев – Мәскеуді қорғаған, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен атақты 28 гвардияшы-панфиловшылар құрамындағы әйгілі батырлардың бірі. Мәскеуге бет алған жаудың танк батальонын Дубосеково разъезінде тоқтату бақайшағына дейін қар­уланған, сол сәтке дейін тоқтауды біл­м­еген Гитлер армиясына берілген ал­ғашқы соққы десек, артық айтқандық емес.

1965 жылы Ұлы Жеңістің жиырма жылдығына Талдықорған қаласына Иван Демидович Шадрин келеді. Кездесуде «Сіз қалай аман қалдыңыз?» деген сұрақ қойылады. Сонда ол сол бір сұрапыл соғысты, Мұсабектің ерлігін былай еске алған екен: «Бүгінгідей есімде. Айнала көк түтін. Қарша жауған оқ. Жау танктерінің снарядтары жердің астын үстіне шығарып жатыр. Бір кезде қасымдағы Мұсабек беліне гранаталарды байлап, екі-үш гранатаны қолына алып, окоптан шыға сала жау танктеріне қарай еңбектей жөнелді. Бір кезде қолындағы гранаталарды жау танкісіне қарай лақтырды. Танк шыр көбелек айналды. Тағы бір сәтте гүрс еткен жарылысты естідім. Окопта жатқан мені бұлттай болып келген құм басып қалды. Әрі қарай не болғанын білмеймін. Топырақ астында ыңырсып жатқан мені қаза тапқан жауынгерлерді жинап жүрген санитарлар тауып алыпты. Мұсабектің сол соғыста гранаталарын танк астына кіріп, жарғанын, сөйтіп, ерлікпен қаза тапқанын кейін естідім. Маған ол тоқтатқан алғашқы танктің топырақтары шашырап, кейін ол астына кіріп жарған танктің де шынжыры үзілген соң, ол да шыр айналып, қос танктің топырағы бірдей басып қалыпты».

Тарих тақтасында есімдері алтын әріптермен жазылған сол оқ пен оттың ортасында арпалысқан батырлардан тек бес жауынгер ғана тірі қалды. Қалғандары есімдерін елінің жүрегіне жазып, ерлікпен қаза тапты. Мұсабек Сеңгірбаевқа қаза тапқаннан кейін, 1942 жылы 21 шілде күні КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен «Кеңес Одағының Батыры» құрметті атағы берілді.

Және бір бақыт, Мұсабектің соңында Тілеухан есімді ұл қалған еді. Одан Төлеген, Талғат және Халида есімді қыз бар. Бүгінде немерелер, шөберелер де өсіп келеді дегендей... Талғат 2010 жылы небары 49 жасында өмірден өтті. Кейде қыран ұлдардың көбіне қысқа ғұмыр жазылғанына қынжыласың да. Кейде «енді артында қалған ұрпағы, елі аман болсын» деп тәубе етесің...

Ерлік ешқашан ескірмейді

Өмір көшінде ел болған соң түрлі әңгімелер тарап жатады. Бірақ тарихты бұрмалап көрсету, оны саясатқа айналдыру ең кешірілмес қылмыс екенін тарих әлі дәлелдеуде. Қазіргі кезде кешегі қаһар­ман панфиловшылар ерліктерін де жоққа шығарушылар көріне бас­тады. Егер олардың сө­зіне сенсек, соғыс та әдейі ұйымдастырылған секілді. Тіпті, соғыс болмаған сынды күй кешесің... Мұндай кереғар ойлар патриоттардың аузынан шығатын сөздер емес. Керісінше, ұлт араздығын қоздыруға әуес, өзімшіл жандардың әрекеті. Ондай азғын жандар бұрын да болған... кейін де болуы заңды... Қайткенде де елін жауға бермеген батыр аталарымызды ұрпақтарының дауға бермей қорғауы – ұрпақ алдындағы қасиетті парыз.

Соғыс өрті лаулап тұрғанда қазақтың балуан ұлы Қажымұқан ел арасында өнер көрсетіп соғысқа ұшақ сыйлады. Арыз­ға құмар жандар оның соңынан арыз­ды қардай боратты. Олар кімдер десек... Соғысқа жауынгерлер үшін шұ­лық жі­бе­ріп көрмегендер. Ал генерал Пан­фи­лов д­и­визиясының ерлік істерін жоққа шы­ға­ру­ға ұмтылғандар...

Кешегі қан майданда ерліктің өшпес үлгісін көрсеткен Бауыржан Момышұлы­ның және сондай ерлердің, «Мәскеу үшін шайқас» романын жазған Александр Бектен бастап күллі майдангер жазушылардың жазбаларындағы деректерді, соғыста болған ерлердің ерлігін жоққа шығару... Жеңіс жолында қар жастанып, мұз төсенген бабаларымыздың аруағын қорлау. Екінші жағынан қарасақ, өзін бір ерекше тарихшы ретінде көрсетуге ұмтылған, жалған сөзбен жар басына шығуды көксегендердің сөздері. Олар, бәлкім, өздері қыран болмаған соң, басқа кеңістік арқылы биікке шығуға болатынын білмейтін де шығар. Қалай дегенде де 190 дивизиясы бар, бақайшағына дейін қаруланған неміс фашистерін жеңу баланың ойыны емес екенін тарихқа терең үңілген жандардың бәрі біледі.

Ер есімі – ел есінде

Қазақ ақындарының бірегейі Әбділда Тәжібаевтың «Толағай» жырында: «Алып атын бір атайды, Жылда жаңбыр жауған күні» деген жолдар бар. Еліне тіршілік нәрі – жауынды әкелген ел аңызының арқауы Толағай мен жеңісті жақындатқан, ерлігі аңызға айналған Мұсабек батырдың орны ел үшін бөлек. Бүгінгідей бейбіт заманда алыстаған асқар таулардай асқақ көрінген тұлғаларды дәріптеу – баршамыз үшін борыш.

Мұсабек Сеңгірбаев есімі бүгінде барша қазақстандыққа таныс. Көксу ауданының Қызыларық орта мектебінде батырдың мұражайы ашылған. Жарлыөзен ауылдық округінде оның атында орта мектеп бар. Мұқыры ауылында және облыс орталығы – Талдықорған қаласында көше аттары берілген. Талдықорған қаласындағы әскери-техникалық мектепте бұрыш ұйымдастырылған. Талантты жазушы Әли Ысқабайдың «Мұзбалақ Мұсабек» кітабы жарық көрді. Жазылған мақалалар, рефераттар саны ұзын тізбек. Жүрекжарды жырлар да жетерлік. Есімі ән болып, қазақ даласында, Жетісу көгінде қалықтаған батырдың аты ұрпаққа ұран болып келеді.

Ең үлкен құрметтердің бірі – Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен «Кеңес Одағының Батыры Мұсабек Сеңгірбаев –100 жаста» төсбелгі медалі шығарылды. Алғашқы медаль Астана қаласындағы Елбасы көрмесіне табысталса, бірі Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыс етілді. Аталған төсбелгі басқа да лауа­зымды, бейбіт өмірде ерлік істері бар азаматтарға табысталуда.

 Ресейде, Волоколомск қаласында 2016 жылдың 16 қарашасында Мәскеу қаласын қорғауға 75 жыл толуына орай арнайы шара өтті. «Лама» спорт сарайында 28 панфиловшыларға арналып түсірілген режиссер Андрей Шалволаның, сценарийін Ким Дружинин жазған, «Жиырма сегіз панфиловшы» киносы көрсетілді. Оған Ресей мәдениет министрі В.Мединский мен Мәскеу облысының губернаторы А.Воробьев, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және жоғары лауазымды тұлғалар арнайы қатысты. Сол кинода Мұсабек Сеңгірбаевтың рөлін Омбы қаласында туған қандас бауырымыз Азамат Нұғманов сәтті сомдады. Бұл – батыр ата ерлігіне өзге Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінде де ерекше құрмет көрсетіліп жатқанының көрінісі.

Құрмет жалғасын тапса игі

Ел қорғау жолында қаза тапқандарды дінімізде шаһит дейді. Олардың орны қашанда жұмақта. Сүйегі Мәскеу түбінде қалғанымен, есімі елінің жүрегіндегі батыр атаның аты ешқашан өшпейтіні хақ. Өткен жылдың 26 желтоқсаны күні батыр ата өмір есігін ашқан Балқаш ауданының орталығы – Бақанас ауылындағы Іле мейрамханасында аудандық ардагерлер кеңесінің ұсынысымен, аудан әкімдігінің қолдауымен, «Балқаш ауданының Құрметті азаматы», мецанат кәсіпкер, «Балқаш жолдары» ЖШС-нің тең төрағалары Нарымбет Әбдібаев пен Асқар Ибраевтың ұйымдастыруымен және демеушілігімен батырдың құрметіне ас берілді. Аруақты да ардақты батырдың рухына құран бағышталды. Бұл – Мұсабек Сеңгірбаевқа өз кіндік қаны тамған жерінде көрсетілген алғашқы құрмет. Еліміз бейбіт, жеріміз тыныш қалпында болса, игі іс әлі де жалғасын табатыны анық.

 Ас беріліп жатқанда аудандағы соғыс ардагерлерінің үлкені С.Алтынбаев батырдың өзінің қайын ағасы екендігін, оның ерлігінің ерендігін айта келе, аудан орталығындағы №1 Бақанас орта мектебін Кеңес Одағының Батыры, 28 панфиловшы-гвардияшылардың қаһарман жауынгері М.Сеңгірбаев атымен атау туралы ұсыныс айтты. Ұсынысты аудандағы екі соғыс ардагері Әбдіхан Рахимов пен Тәңірберген Әйтімбетов қолдап, бұл ұсынысты аяқсыз қалдырмауды өтінді. Жиналған қауым да ұсынысты жүзеге асырудың орынды екенін жеткізумен болды. Облыстық «Жетісу» телеарнасында ас туралы, ондағы айтылған ұсыныстарды қамтыған арнайы хабар берілді.

Мақала жазылар алдында Балқаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев ағаға жолығып, пікірлестік: «Тарихтың тасасында талай тұлғаларымыз айтылмай қалды. Еліміз егемендік алғалы бері сол тұлғалардың еліне еткен ерен еңбектерін, ерлік істерін паш етудеміз. Ал Мұсабек Сеңгірбаев атамыздың ерлігі барша қазақстандыққа аян. Тек Алматы облысының Балқаш ауданындағы 14-ауылда, қазіргі Бақбақты ауылында туғаны ғана көпшілікке беймәлім болды. Деректерде Көксу ауданы деп көрсетіліп жүрді. «Шебердің қолы – ортақ...» дегендей, батырдың ерлігі де ортақ. Көксулық бауырларымыз ренжімес. Кіндік қаны тамған Балқаш өңірінде де Мұсабек атамыздың атымен тым болмаса бір мектеп аталса, қайта олар да қуанар. Атамыздың атымен басқа орындар аталса да артық емес. Көпшілік «мектеп атауы берілсе, содан кейін аудан орталығы – Бақанас ауылынан бір үлкен көшеге аты берілсе» деген ұсыныстар айтуда. Қазір аудандық мұражайда кәсіпкер-меценаттар Нарымбет Тұлғабайұлы мен Асқар Серікжанұлының демеушілігімен арнайы бұрыш ашу үшін жұмыстар жүргізілуде. Аудандағы көзі тірі екі соғыс ардагері – Әбдіхан Рахимов пен Тәңірберген Әйтімбетовтің және еңбек ардагерлері Қалкен Ойшиев, Сапар Сатбаевтың көрсетуімен Сексеуіл-Шұрық қыстауын Қарағаш ауылының әкімі Қали Сәтбаев және бірнеше азамат барып көріп, сол жерде де арнайы белгі тақта орнатуды жоспарлап қайтты. Еліміз бейбіт тұрса, барлық мәселе шешімін табатынына сенімім зор», – деді Бақыт аға.

 «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран». Себебі, соғысты бастан өткеру – асқан азап. Отқа оранып, оққа ұшқан жауынгерлердің жанкешті өмірін кинодан көру немесе кітаптан оқу бір бөлек, бастан кешу – тіптен өзгеше. Өшпес ерлік жасаған мұзбалақ батыр Мұсабек Сеңгірбаев сынды батыр ұлдың атын елге таныту, ғасырлардан-ғасырларға жеткізу – ел алдындағы қасиетті парыз.

Сағидолла СЫЙҚЫМБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі

Алматы облысы