Қазақстан • 11 Шілде, 2017

Қазақстандық тенор Италиядан жүлделі оралды

151 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстандық тенор, бірқатар халықаралық беделді байқаулардың лауреаты, танымал әнші Қуат Бағысбек жуырда Италияның Чезенатико қаласында өткен «ItalianBreak» байқауына қатысып, жүлделі 2-ші орынды иеленіп қайтты.          

Қазақстандық тенор Италиядан жүлделі оралды

Рената Тебальди атындағы байқаудың негізін қалаушы әрі директоры, Лучано Павароттидің әріптесі, маэстро Аугусто Чиаватта, сондай-ақ, Ла Скала театрының әйгілі виолончель шебері Клаудио Казадеи тәрізді талғамы биік әділқазылар алқасын өз өнерімен сүйсінтіп қайтқан қазақ баласының бұл бір ғана жетістігі емес. Осы жылдың сәуір айында Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы орыстың атақты опера әншісі Елена Образцова залында жеке опералық концертін өткізген Қуат Бағысбек тек шетел композиторларының туындыларын ғана емес, қазақ халық әндерін де орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленген. Айрықша дауысты жас таланттың жоғарғы деңгейде өткен кешін РФ еңбек сіңірген әртісі Мария Романова жүргізсе, ресейлік танымал пианист Дмитрий Мянчин музыкалық сүйемелдеуші болған.  

Бала кезден республикалық және алыс-жақын шетелдердегі ән байқауларына қатысып, жеңімпаз атанып жүрген Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі сондай-ақ, Лондонда жеке концертін де өткізіп үлгеріпті. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап Алматыда да жеке концертін өткізген тенор дауысты дарынды әнші Қуат Бағысбектің әлем сахналарында тек опера ғана емес, арияларды, классикалық әндерді де шырқап, елдер арасындағы мәдени алмасулар бағытындағы шараларға атсалысып жүргенін айта кеткен жөн.

Италиядағы байқаудан алған жүлдесін алдымен «Егемен Қазақстан» редакциясына көрсетіп, сүйінші сұраған әншінің өзі: «Мұндай халықаралық байқауларға қатысу үшін үлкен іріктеулерден, түрлі сыннан сүрінбей өту қажет... Енді алдағы уақытта жарты жыл шетелде білімімді шыңдасам деген жоспарым бар», – деп, өз қуанышымен бөлісті. Англия, Грекия, Германия, Оңтүстік Корея, Түркия, Литва, Ресейдің үлкен сахналарында опера, классикалық кроссовер, поп-музыка мен фольклор сынды түрлі жанрда, түрлі дәуірдің түрлі мәнерінде ән шырқап жүрген, әлемдік музыка қазынасының санатына енген қазақ халық әндерін насихаттауды мақсат еткен Қуаттың да қуатты дауыспен әлі талай шыңды бағындырып, еліміздің атын асқақтатары анық.

Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»