ЭКСПО-2017 • 11 Шілде, 2017

ЭКСПО-ның миллионыншы келушісі белгілі болды

180 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

27 жастағы Астана тұрғыны «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің миллионыншы келушісі атанды.

ЭКСПО-ның миллионыншы келушісі белгілі болды

Сағат 18:06-да ЭКСПО-ның төрт өткізу бекетіне орнатылған бейнебақылау камералары мен есептеуіштер «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне келген миллионыншы келушіні тіркеді. Ол 27 жастағы Астана тұрғыны Гүлжиһан Жаңабергенова. Көрмеге Гүлжиһан жалғыз келмепті. Бақытты билет иесімен бірге көрмеге күйеуі және үш жасар қызы келген.  

«Мен Астананың №76 мектеп-лицейінде математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеймін. Мұнда екінші рет келіп тұрмын, алғашқы келуімде «Нұр Әлем» павильонына кіре алмап едім. Қазір бірінші кезекте Қазақстан павильонына барамыз. Шынымды айтсам, мұндай сәттілікті еш күтпедім, тіпті келушілерді санайтынын да білмедім», - дейді Гүлжиһан Жаңабергенова.

Құрметті қонақты құттықтау үшін ЭКСПО-2017 медиа-орталығына «Астана ЭКСПО-2017»  ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов келді. Ұлттық компания басшысы миллионыншы келушіні құттықтап, естелік сыйлықтар және көрме мен Дю Солей циркінің кешіне билет табыстады. Өзінің құттықтау сөзінде Ахметжан Есімов көрмеге деген қызығушылықтың күн сайын артып келе жатқанын атап өтті.

«Барлығы біз жоспарлағандай өтіп жатыр. Бүгінгі миллионыншы келуші біз үшін жақсы көрсеткіш. ЭКСПО-2017 көрмесінің барлық кезеңіне 2 миллион адам келеді деп болжап едік. Бірақ, бір айдан кейін-ақ, құрметті қонағымызды құттықтап тұрмыз. Мұндай ауқымды ұлттық жоба өткенде, ең алдымен қазақстандықтарға ұнай ма, бұл жобаны қабылдай ма деп ойланамыз. Көрмені жылы қабылдағандарыңыз үшін қуаныштымыз», - деді Ахметжан Есімов.

Естеріңізге сала кетейік, Көрменің тіркеу құжаттамасында ЭКСПО-2017-ге 2 миллион адам келеді және көрме нысандарында жалпы саны  5 миллионға жуық келуші тіркеледі деп жоспарланған  еді. Ал, халықаралық павильондарды аралаған келушілердің санын қоссақ, 10 шілдедегі көрсеткішке сәйкес, 5 960 212 адам тіркелген. Көрме кешеніндегі негізгі нысандарға жұртшылық 834 579 рет келген. Бұл ретте 303 007 адам тамашалаған «Нұр Әлем» павильоны көш бастап тұр. Есептеп көрсек, барлық келушілердің шамамен130 мыңы немесе 14 пайызы шетелдік қонақтар.

Бір ай ішінде Көрмені 160 мың адам жеңілдіктер қарастырылған тарифпен тамашалаған. Олар – мектеп оқушылары, зейнеткерлер мен студенттер. Сондай-ақ, 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндер, ҰОС қатысушылары мен оларға теңелген тұлғалар және мүмкіндігі шектеулі жандар.

Айта кетейік, Көрме аумағында осы уақыт ішінде 1031 мәдени және іскерлік шара өткізілген, сондай-ақ, мемлекет басшыларының, министрлер мен халықаралық павильон комиссарларының  қатысуымен 84 хаттамалық шара ұйымдастырылған.